Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрқаділова: Үйді алса да ақылым мен білімім өзімде қалады

Белгілі қазақстандық модельер Құралай Нұрқаділова «Казкоммерцбанк» АҚ алдындағы қарызы үшін үйінің сатылымға қойылғандығы жайында өз пікірін білдірді.

Нұрқаділова

«Мен де басқа адамдар сияқты кезінде несие алдым. Казком жоғалтқан төлемдерді Жоғарғы сот арқылы қалпына келтірдік. Несиенің сомасы азайтылды. Үйдің бағасы сот шешімі бойынша белгіленген сомадан үлкен. Мен өзімнің міндеттемемнен бас тартайын деп жатқан жоқпын. Мен қарызымды міндетті түрде төлеймін», – деді ол «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар модельер өз мүлкінің сатылымға қойылғандығы туралы бүгін естігендігін айтты.

«Мен үйдің сатылымға қойылғандығына қарсы емеспін. Әдеттегі сауда. Жалпы, үйді сату арқылы қарызды өтеу жөніндегі бастаманы бұдан жарты жыл бұрын мен көтерген болатынмын.  Арнайы хат жазғанмын. Қазір банкпен арада белгілі бір рәсімдер әлі де жасалып жатыр. Сонымен, үй сатылымға қойылды. Кәдімгі тұрғын үй. Бере салам, онда тұрған не бар!? Әрине, біреулер үшін бұл жалғыз баспана болып қалуы да мүмкін. Ал менің, Құдайға шүкір, аяқ-қолым бүтін, денім сау. Үйімді алса да, ақылым, білімім өзімде», – деді Қ. Нұрқаділова.

Айта кетелік, бұған дейін банк алдындағы қарызы үшін белгілі модельдердің мүлкінің саудаға қойылғандығы туралы хабарланған болатын. Бұл жерде Әуезов ауданы, «Дубок-2» шағын ауданындағы тұрғын үй сатылымға қойылды. Оның жалпы аумағы  283,8 шаршы метр, ал жер телімі –  0,1366 га.

Жылжымайтын мүлік  109 млн. теңгеге бағаланды.

Сауда 2016 жылдың 7 қыркүйегінде басталады.

 

Талқылау