“Нұр Отан” 5 қыздың өлімі туралы: Халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып жатқан сөздері орынды

Астанада өрт салдарынан ажал құшқан балалар туралы мәлімет мемлекетті дүр сілкіндірді. Осы жайттан кейін көпшілік көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының жыртығына жамау бола алмайтынын, оларға жағдай жасау керектігін айтып жатыр. Өз кезегінде «Нұр Отан» партиясындағылар да қазақстандықтардың көтерген мәселесінің орынды екенін атап өтіп, осы бағытта ұсыныстар дайындамақ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Нұр Отан" 5 қыздың өлімі туралы: Халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып жатқан сөздері орынды

Сурет: Facebook/Артур Мағзомов

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook желісінде мәлімдеді.

Өз сөзінде ол Астанадағы уақытша баспаналардың бірінде орын алған қайғылы жағдай бір ғана отбасының емес, қалың көпшіліктің қабырғасын қайыстырғанын атап өтті. Сонымен қатар осы орайда қазақстандықтардың көпбалалы аналардың жағдайы, баспана мәселесін жөніндегі пікірі орынды екенін айтты.

«Расымен, бес бірдей бүлдіршіннің қапыда қаза болуы тұтас халықтың қабырғасын қайыстырып жіберді. Өкініштен өзегіміз өртенеді. Бірақ амал жоқ. Енді осындай қасіреттің қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек.

Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерді кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды», – дейді Мәулен Әшімбаев.

Өз сөзінде партия өкілі аталған бағыттарда нақты ұсыныстар дайындалып жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта сол бойынша Үкіметпен бірлесіп жұмыс істеп, жағдайдың жақсаруына өзіміздің үлесімізді қосамыз деп сенемін, дейді ол.

Сондай-ақ, айтуынша, «Нұр Отан» партиясының жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданған.

«Осы бағытта да бүкіл қоғам болып жұмылып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағы жолында бірлесіп жұмыс істейік», – дейді Әшімбаев.

Еске сала кетсек, Астанада өрт салдарынан бір үйдің 5 баласы көз жұмды: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары дүниеге келген. Олардың ең кішісі – небәрі 11 айлық. Түнде олар тірідей өртеніп кеткен кезде, ата-анасы жұмыста болған.

Бүгін марқұмдардың денесі жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсімен жүздеген адам жиналды.

Айта кетсек, қайғылы оқиғадан кейін еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова көпшіліктің сынына ілікті.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр