Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ниджат Рахимов Рио төрінде неліктен лезгинка биін билегенін айтты

Рио Олимпиадасының чемпионы Ниджат Рахимов үш жылдан бері көрмеген әкесі Әли Рахимовпен жүздесті. Сондай-ақ, осыдан үш жыл бұрын Қазақстанға келген спортшы сол уақыттан бері Әзірбайжанға бірде бір рет бармағандығын айтты.

20160813095902

Евразия арнасының «Кешкі кездесу» бағдарламасына олимпиадашылар,  атап айтсақ, зілтеміршілер Ниджат Рахимов пен Жазира Жаппарқұл және дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэг қонаққа келді.

Олимпиада алтынын жеңіп алған Ниджат Рахимов: «Чемпион боламын деп алдын ала болжадым дей алмаймын. Адамдар да дұрыс түсінбейді. Мен спортшы ретінде тынбай жаттығу жасадым, чемпион болатынымды білген жоқпын. Меніңше, барлық спортшылар бара салып чемпион боламын деп айта алмайды. Себебі ертең не боларын да білмейсің. Еңбек өз нәтижесін көрсетті», – дейді.

Зілтеміршінің Қазақстанға келгеніне үш жыл болған. Осы уақыт аралығында спортшы туған еліне, Әзірбайжанға бірде бір рет бармапты. Олимпиада чемпионы үш жыл көрмеген әкесімен жүздесті.

«Әрине, өте қиын. Үш жыл өте ұзақ мерзім. Бастысы оның чемпион болған күнін көрдік. Мен үшін қиын күндер артта қалды. Ниджаттың жеңісін үйде отырып көрдік, достарымыз келді, қуандық. Ол қуаныштан қалай жыласа, біз де қатты толқып, көзімізге жас алдық. Тіпті, жедел жәрдемнің көмегіне жүгіндік», – дейді Ниджаттың әкесі Әли Рахимов.

Айтпақшы, Ниджаттың әкесі де зілтемірші болған екен. Кеңес одағының спорт шебері, Әзірбайжан ұлттық құрамасының мүшесі болған Әли Рахимов Бакуде Ниджатты өзі жаттықтырған.

Ал Ниджат аз уақытқа өзіне демалыс жариялағанын, жаңа жылдан бастап қайта жаттығатынын айтты. Сондай-ақ, олимпиада чемпионы алдағы жарыстарда да Қазақстанның намысын қорғайтынын мәлімдеді.

Жеңіске жеткен сәтте би билеген чемпион оның себебін былай түсіндірді: «Әлем біріншілігінен кейін Түркияға барып, демалған едім. Сол жерде достарыммен кездестім. Әңгіме барысында олар: «Чемпион болған ауыр атлеттер ешқашан билемейді. Сен егер олимпиада тұғырына шықсаң, лезгинка билеп бер» деп қолқа салды. Мен оны ұмытқан жоқпын. Чемпион болған соң олардың сөзін орындадым. Ал көзіме жас алуымның себебі – төрт жыл еткен еңбегім есіме түсті. Көп тер төктім. Соның бәрін ойлаған кезде адамның көңілі босайды екен».

Жіберіп алмаңыз: 

Ниджат Рахимов Олимпиадада жеңіске жеткеннен кейін сақалын қырып тастады (фото)

Бапкері: Ниджатты Әзірбайжан құрамасына қайта шақырды, бірақ ол Қазақстанды таңдады

Әкесі: Әзірбайжаннан кеткенде Ниджатты ешкім тоқтатпады, оның тағдыры жерлестерін қызықтырмады

Ауыр атлет Ниджат Рахимов марапаттау рәсімінде жылап жіберді

Талқылау