Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қызым әлі күнге дейін өздігінен жүре алмайды": Шамалғандағы қайғылы жағдайда автобус ішінде қалған ана жанайқайын жеткізді

Екі жыл бұрынғы болған Шамалғандағы автобус пен пойыз соқтығысының дауы әлі басылмай тұр. Осы оқиғадан зардап шеккен Эльмира Жәнібекова әлі күнге дейін сот тағайындаған моральдық шығынды өндіре алмай жүргенін айтады. Сот шешімімен оған 15 миллион теңге төлеуі тиіс "Қаскелең автобус паркі" ақшаның үштен бірін ғана аударып, қайтадан сотқа аппеляциялық арыз түсірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап. 

Тұрғындардың айтуынша, өткелде ертелі кеш ұзын-сонар көлік кептелісі басылар емес. Сол оқиғадан кейін жаяу жүргіншілерге арналған өткел салынса да, адамдар теміржолды басып өтуге әдеттенген.

Оқиға кезінде автобус ішінде екі қызымен қалып қойған Эльмира Жәнібекованың сөзінше сот шешімі осы жылдың наурыз айында шыққан. Үкім ойынша "Қаскелең автобус паркі" үш зардап шегушіге 15 миллион теңге өндіріп беруі тиіс. Алайда қаражаттың бір бөлігін аударған соң, қалғанын бермей келеді. Ал Қарасай аудандық соты бастапқы шешімнің күшін жойып, қарсы тараптың арызы бойынша қайта сот өткізген.

“31 тамызда қайта сот болады. 9 наурызда Белгібаева деген судья шешім шығарған. Қайтадан сол кісі істі бір күнде жүргізді де, өзінің 9 наурызда шығарған үкімін өзі жауып тастады”, – дейді жәбірленуші Эльмира Жәнібекова. 

Қаскелең автобус паркінің басшысы сұқбат беруден бас тартты. Айтуынша екінші бөлігін, яғни бес миллион теңгені аударған. Қалған соманы төлеуге шамасы жетпеген соң, аппеляциялық шағым түсірген.

Ал анасының айтуынша, сол оқиғадан кейін басына бірнеше операция жасатқан Айару мен Інжудің еміне әлі де қыруар қаржы қажет.

“Інжу әлі күнге дейін өздігінен жүре алмайды. Бұл кісілермен соттасып келе жатқанымызға екі жылдай болды. Осы екі қызымның еміне қаражат керек. Ең кішкентай қызымның аяғынан тұрып кетсе екен деп жүрмін. Мұны қайта өткізу менің басымнан оңай болмайды. Ол жағдайды еске түсірудің өзі қиын”, – дейді Эльмира. 

Ал Қарасай аудандық сотының мәліметінше бастапқы үкімінің күшін жоюуы, жаңадан ашылған жайттармен байланысты болып тұр. Іс басынан қайта қаралады. Сондықтан бұл іске қашан нүкте қойылары әзірге белгісіз.

Талқылау