Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрбан Айтта балалар көшеде ақша сұрай ала ма? Халық арасында пікірталас туды

Әлеуметтік желі қолданушылары Құрбан Айтта мейраммен құттықтап, ақша сұрайтын балалар мен жасөспірімдердің қатары көбейгені туралы жазған. Тіпті олар қолма-қол қаражат болмаса, карта арқылы ақша аударуын өтінетін көрінеді. Бұл мәселеге қатысты Stan.kz тілшісі психолог пен имам пікірін сұрап білді. 

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Ағабек Қоңырбайұлы ислам дінінде “айттық” ұғымы бар екенін алға тартты. Дінде айт кезінде айттық сұрау әбестік емес екенін жеткізді ол. 

“Айттық – айт күні айттық деп сұраған айттаушы адамдарға берілетін сыйлық, кәде. Оны ақшалай да, заттай да беруге болады. Бұл айтты да, дәстүрді де, сұраған адамды да құрметтеудің белгісі болып табылады. Көшеде балалар құрбан айтқа байланысты айттық сұрап жатса, бұның ешқандай ағаттығы жоқ. Тіпті картаға ақша аударуын сұраса да, көңіл үшін ақша аударсаңыз болады. Бала үнемі ойында ұстап жүреді. Балалардың бұл әрекеті қайыршылыққа жатпайды. Керісінше, баланы мейірімділікке, ілтипатқа, жақсылық атаулыға тәрбиелеу болып есептеледі”, – дейді Ағабек Қоңырбайұлы. 

Ағабек Қоңырбайұлының сөзінше, баланы айт мейрамы кезінде қуантудың өзіндік ерекшелігі бар. Ислам дінінде бала қасиетті ұғым болғандықтан, оның бетін қайтармай, қолдан келгенше сыйлық жасау жөн екенін айтады ол. 

“Баланы Құрбан Айт мейрамында көбірек қуанту керек. Бұл жүрекке қуаныш сыйлайтын, жүректі шаттандыратын, отбасыға шаттық пен жылулық төгетін мейрам. Құрбан Айттың маңыздылығын арттыру үшін балаларға сыйлық беру қажет. Барлығымыз да бала болдық. Мәселен біз кішкентай кезімізде көшені аралап, үйді-үйді аралап, “айт құтты болсын”, “айттық сізден болсын” дегендей, тақпақ айтып, бата беріп, айттық сұрайтын едік. Сонда ауылдағы адамдар ешқашан қолымызды құр қайтармайтын. Кейбір кісілер ақша да беретін. Исламда барлығы бала үшін деген қағида бар. Өйткені құрбан айттың қуанышын сезінген бала, айттың қадірін ұғынып өседі.  Пайғамбарымыз “бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, берген сыйлықтарың өз араларыңда сүйіспеншілікті, өзара құрметті, өзара ардақтауды арттырады” дейді. Сондықтан бұл адам арасындағы сүйіспеншілікті, мейірім, махаббатты оятады. Мұндай жағдайда баланың көңілін қайтармау керек”, – дейді ол. 



Ал психолог Айгүл Рахымжанова бұл халықтың әлеуметтік жағдайының төмендігімен тікелей байланысты екенін айтады. Оған қоса соңғы жылдары балалар арасында жеңіл жолмен ақша табуға деген сұраныс артқан көрінеді. 

“Қазіргі таңда жасөспірімдер мен балалардың қандай жолмен болса да ақша табуға деген қажеттілігі жоғарылап кетті. Ол отбасының әлеуметтік жағдайының төмен болуымен тікелей байланысты. Өзінің қалағанын ала алмағандықтан, қажеттілігін қанағаттандыра алмағандықтан, бала қандай жолмен болса да ақша табуға тырысады. Бұл психологияда “қайыршылық” ұғымымен сипатталады. Құрбан Айт мейрамында үлкендер тарапынан да жақсы сөз айтып, балаға дұрыс жол сілтеп, үйіне шақырып шай беріп, азық-түлік алып беру сынды көмектер ұсынса, шынайы мұқтаж адам бұл көмекке де қанағаттанатын еді. Бірақ көмек беретіндердің өзі ақша бере салып, балалардың психологиясын оңай жолмен қаражат табуға үйретіп алғанбыз. Сондықтан, балалар бір-бірінен естіп, оңай жолмен ақша табуға құмартып тұрады. Әсіресе соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер жеңіл жолмен ақша табуға өте құмар”, – дейді психолог. 

Бұл мәселеге қатысты халық арасында қызу пікірталас туындады. Бірі балалардың бұл әрекетін құптамаса, енді бірі Айт кезінде балану қуанту керегін алға тартты.

Талқылау