Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Не себепті тәттіні көп жеуге және ыстық шай ішуге болмайды

Тәттіні көп жеудің зияны мен ыстық шайдың өңеш обырын тудыруы мүмкін екені талай зерттеулерде кездеседі, бұл жолы ғалымдардың тағы бір уәжін оқырман назарына ұсынамыз.

Безымянный

Сурет: younapitki.ru 

Сусамыр (диабет) – бұл ағзада инсиулиннің аздығынан, не белсенділігі төмендігінен туындайтын ауру. Инсулин деген біздің денеміздегі жасушалардың қантты (глюкозаны) сіңіруін қамтамасыз ететін гормон. Глюкоза энергияның басты қайнар көзі болғандықтан, инсулин біздің ағзамыздың ең маңызды гормоны.

Сусамырдың екі түрі болады. Біріншісі – инсулинге тәуелділік (бұл ұйқы безінің қажетті гормонды өндірмейтін болғандықтан адам инъекция жасауды қажет етеді) және екіншісі – инсулинге тәуелсіздік (бұл гормон жеткілікті түрде өндіріліп, бірақ оны ағзаның сіңірмеуі). Қант сусамырының бірінші түрінінің неден пайда болатындығы толық анықталмаған. Бірақ дәрігерлер ауру ген арқылы таратылғандықтан адамды одан сақтандыру мүмкін емес дейді.

Ал сусамырдың екінші түрі көбіне тәттіні көп пайдаланғаннан, май басудан пайда болатын семіздікпен байланысты.Өйткені, тері астындағы қалың май қабаты жасушалардың инсулинге деген сезімталдығын төмендетеді. Глюкоза сіңірілмегендіктен, зат алмасу бұзылып, адамға қауіпті диагноз қойылады және оны қатаң диетаға отырғызады. Ал «тәттіні көп жесе, қандағы глюкозаның деңгейі жоғарылайды да, ағзада инсулинді көп өндіріп, ағза істен шығады» деген пікірді дәрігерлер теріске шығарады. Бұл тек сусамырдың екінші түрінде ғана әсер етуі мүмкін, ал оның бірінші түрінде ешқандай әсері жоқ.

Қорыта келгенде, қант бұл дертке шалдықтырмайды, бірақ семіздікке бейім адамдар мен осы аурумен ауратын туысқандары бар адамдарда сусамырдың екінші түріне шалдығу қауіпін жоғарылатады.

Ал, ыстық шайды неге ішуге болмайды?
Өңеш обырының пайда болуын кең ауқымда зерттеуді ғалымдар ертеден қолға алған. Мамандар алғаш рет Оңтүстік Америка тұрғындарының онкологиялық ауруларға шалдығуының басты себебі – осы ыстық шай болуы мүмкін деген уәж ұсынған. Өйткені оңтүстік елдердің тұрғындары жоғарғы градустық ыстықта ыстық сусындар ішкенді ұнатады екен.

2009 жылы Иран ғалымдары елде ыстық шай ішкенді жақсы көретін бір ауылда «өңештің жалпақжасушалы обыры» деген диагнозы бар адамдар көп екенін байқап, ондағы дені сау еріктілерді іріктеп алып, зерттеу жүргізеді. Оның қорытындысы қызық болғаны соншалық, еуропалық бас медициналық журналадардың бірі «British Medical Journal» оны аттай қалап, жария етеді.

Зерттеудің нәтижесі бойынша, ыстық шай (65-69°С) мен өте ыстық шай (температурасы 70°С жоғары) ішу обырдың пайда болуын 2 еседен 8 есеге дейін жоғарылататын болып шықты. Сондай-ақ, ғалымдар шайді демдегеннен кейін оның температурасы обырдың пайда болу «қауіптілік аймағынан» шығуы үшін төрт минут тұруы қажет дейді. Бірақ демделген шайдың төрт минут ішінде қандай өзгеріске ұшырайтындығы әлі күнге дейін анықталмаған.
Қорыта келгенде, өте ыстық шайдан пайда болатын өңеш обырын алдын алу үшін шайды демдеп болғаннан соң, тым құрымағанда төрт минуттай тұндыру керек.

Талқылау