Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Назарбаевтың кетуімен Қазақстанда не өзгереді: белгілі саясаттанушылар өз болжамдарын жасады

Еліміздің белгілі саясаттанушылары Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін тоқтатуы туралы пікір білдірді. Елбасының бұл шешімі қазақ халқы үшін күтпеген жағдай болды. Тұңғыш президентіміздің бұндай шешім қабылдауына не түрткі? Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келуі қандай да бір саяси өзгеріс әкеле ма? Бұл туралы Stan.kz шолуында.

Фото: Сергей Гриц / AP

Фото: Сергей Гриц / AP

Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесін саясаттанушылар қызу талқылауда. Елімізге белгілі саясаттанушылардың басым көпшілігі алдағы уақытта қандай да бір ірі өзгерістер бола қояды дегенге сену қиын деп отыр. Бұған сайлауға түсіп, халық даусымен тағайындалмағандықтан және бұл қызметке уақытша отыруы себеп.

Халық күтпеген жерден елбасымыздың  бұндай шешім қабылдауына не түрткі болды деген сұрағымызға белгілі саясаттанушы Дос Көшім: «Менің ойымша бұл өзінің  ғана шешімі. Ешқандай сыртқы саясаттың әсері емес. Дегенмен, 2016 жылдан бері Қазақстанда болған жер мәселесі және көпбалалы аналарға қатысты болған жағдайлар халықтың белгілі бір наразылығын туғызды. Осы факторлар шешім қабылдауына белгілі бір деңгейде әсер етті. Менің ойымша, президентіміздің отставкаға кеткені халық арасында қолдауға ие болған сияқты», - деп ойын айтты. 

Ал танымал саясаттанушы Айдос Сарым бұл саяси әрекетке екі мәселе себеп болғанын алға тартады. 

«Президенттің өміржолын мен тарихи жағдайларды ескеретін болсақ, ақылды, мықты жасалған қадам. Саяси күштердің туын тартып алғандай болып отыр. Басты себеп ретінде екі мәселеге тоқталуға болады. Біріншісі: өзінің жасы, денсаулығы; екіншсі тарих деп топшалаймын. Президент - өзінің тарихтағы орнынын қатты ойлайтын адам. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында жақсы атпен қалуым керек деген философия тұр. Өз басым қандай жағдай болсын биліктен кетпейді деп ойлайтынмын. Бұл саяси жағдайдың алдағы уақытта қалай өрбитінін тек уақыт көрсетеді. Бұл Қазақстанның ресми түрде саяси транзитке түскенінің айқын дәлелі», - дейді саясаттанушы.

2020 жылы болатын сайлауға Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өз кандидатурасын ұсынады деп ойлаған Дос Көшім әлі де болса тұңғыш президенттің билікті басқару мүмкіншілігі бар екенін айта келіп, алдағы уақытта елімізге қандай өзгерістер керек екен айтып берді.

«Елбасымыздың өзі құрған жүйесі жақын арада өзгереді, басқаша түрге енеді деп айта алмаймыз. Бұл әлі алдағы қанша уақытқа созылатынын мен білмеймін. Тек саясаткер ретіндегі ойым - Қазақстанға шынымен өзгеріс керек, демократиялық реформалар керек. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген тұжырыммен 30 жыл бойы ешқандай демократиялық құрылымдар, демократиялық заңдар өкінішке орай қабылдана қойған жоқ. Халық өзгерісті күтіп отырғанын түсінуіміз керек. Оны, әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтің жасай қоюы екіталай. Себебі, сайлауға түсіп, президенттік орынды халықтың даусымен жеңіп алған жоқ деп алдағы уақытта халық күтіп отырған өзгерістердің бір шетін ашып көрсетті.

Бұл тұрғыдан келгенде Айдос Сарым да  Қасым-Жомарт Тоқаевты өте мықты дипломат, ақылды саясаткер екенін айта келіп, төмендегідей мінездеме беріп отыр. 

«Ол кісінің философиясы да, табиғаты да шорт, тосын  қадамдардан аулақ жүргенді қалайтын адам. Шешімдерін асықпай, байыппен қабылдайды. Ойын ережелерін сақтауға тырысады. Бас салып, бір дүниені өзгерте алады дегенге сену қиын. Өзі де талай жылдан бері осы саяси жүйенің ішінде болған адам. Бұл саясатқа  келіспейтін болса, қандай да бір тұстары ұнамайтын болса, саяси жүйеде болмас па еді?! Бір анығы елдегі экономикалық-әлеуметтік жағдайын жөндеуге кірісуі керек сияқты. Шындап өзгеріс енгізуге кірісетін болса, сөзсіз қажет дүниенің бірі саяси модернизация, жаңа саяси партиялардың келуіне мүмкіндік беру, жаңа сайлау өткізіп, оның ережелерін дайындау. Осыдай өзгерістер енсе, нұр үстіне нұр», - деп өз пікір ашық айтты. 

Қазақстан тарихында елеулі орын алатын бұл тарихи оқиғаның соңы қалай болады? Жаңа өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер алдында тұрған еліміздің ендігі алаңдар мәселесі қайсы? Осындай көкейде самсап тұрған сансыз сауалдарға жауап тек уақыттың еншісінде екенін айтқан Айдос Сарым ендігі алаңдау керек екі мәселе: «Біріншісі, президент қалай болғанда да өзінің саяси ықпалын күшейтпесе жоғалтпайды. Президент кім болса да, «президенттің ізін жалғастырушысымын, нақ мұрагерімін, сіздің сабадал саясатыңызды ұстанамын» дегенді айтуға мәжбүр болады. Екіншіден, Қазақстандағы қазіргі экономикалық жүйе жақсы болсын, жаман болсын, бұрынғыға қарағанда күрделене түседі», - деп ескертіп өтті.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр