Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаевтан кешірім сұраған Серік Ахметовтың мемлекеттік қызметке қайта оралғысы келеді

Серік Ахметов сенімін ақтай алмағаны үшін Елбасыдан кешірім сұрады. Қарағанды облысын басқарған тұста осындай былықтың орын алуына жол бергені үшін өзін кінәлі санайтынын жеткізді экс-премьер. Бірақ өзіне тағылған айыптардың бір де бірін мойындамады.

ахметовввв

Бұл туралы ктк арнасы хабарлайды.

Айтуынша, тергеу таққан кінә жалаң сөздерге ғана негізделген. Ал прокурорлар Ахметовты 12 жылға соттауды сұрап отыр. Атышулы істе Ахметовпен бірге 21 шенеунік жауап беріп жатыр.

Прокурорлар Ахметовтің ісінен «ірі көлемде пара алды» деген айыпты өткен аптада алып тастады. Өйткені дәлелдей алмаған. Ал ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, бизнес өкілдерінің жұмысына кедергі келтірді және бөгденің мүлкін талан-таражға салғанын тергеу баса айтты. Осының негізінде прокурорлар Ахметовке 12 жыл кесуді сұрап отыр. Бірақ адвокаттар мұны негізсіз дейді.

«Ахметовтен пара алмағанын дәлелдеп тұрған тұста, қаржыны талан-таражға салды деген бап та негізсіз. Өйткені істе көрсетілген миллиондаған теңгелерді Ахметов алды деген дәйек жоқ. Айыптаулар тек бірнеше адамның айтқанына сүйеніп алынған»,- деді Серік Ахметовтың адвокаты Георгий Матвиенков

Бір қызығы, мемлекеттік тапсырысты алып бергені үшін Ахметовке ақша бердік, оның айтқанын орындадық деген 4 кәсіпкердің асығы алшысынан түсті. Олар да миллиондаған теңгені жымқырды деп айыпталса да, Ахметовті әшкерелеп, тергеуге атсалысқандары үшін жазадан босатылды. Сондықтан қорғаушылар тергеудің атүсті жүргенін жабыла айтса, экс-премьер елбасыдан кешірім сұрап, араша түсуін өтінді.

«Мен президенттен сенімін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Өйткені Қарағанды облысында осындай былықтың орын алуы менің кінәм деп түсінемін. Елбасының да уайымдауына тура келді. Егер, мемлекет басшысы қатарға қосылуыма мүмкіндік жасаса, бар білімім мен тәжірибемді ел игілігіне арнап, өзімнің ақ екенімді дәлелдеп берем»,-деді Серік Ахметов

Соңғы сөз кезегін күткен экс-шенеуніктер мен кәсіпкерлердің барлығы да тағылған айыптармен келіскен жоқ. Прокурор 7 жылға қамауды сұраған Қарағанды облысының экс әкімі де соңғы сөзін елі мен Елбасыға арнады.
«Мен өзімді Елбасыға және еліме адал қызмет еткен қызметкерлердің бірімін деп санаймын. Маған тағылып отырған айыппен келіспеймін. Менің жасаған еңбегіме бағаны беретін халық»,-деді сотталушы Бауыржан Әбдішев

Қарағанды облысы ғана емес, бүкіл елдің құлағын елең еткізген атышулы іс 5 ай дегенде мәреге таяды. Енді қалғаны сот үкімі. Жүзден аса адам тергеліп, атан түйеге жүк болар іс ежіктеліп біткенше сарыла тыңдаған судья осының бәрін ой елегінен өткізбекке оқшауланып кетті. Дегенмен судья Есенбаев 400 томға жуықтайтын істі бес саусағындай жаттап алғанға ұқсайды. Себебі ол, байлам жасауға бір тәулік алып, шешім шығатын күнді ертеңге, яғни 11 желтоқсанға белгіледі.

Талқылау