Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаевқа Татарстанда жаңа атақ берілді

Татарстанға жұмыс сапары аясында Қазақстан президенті Қазан федералдық университетіне барды. Оқытушы-профессорлар құрамымен кездесудің алдында Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласында оқып жатқан Қазақстан студенттерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы жас қазақстандықтарға толағай табыс тілеп, зор жетістіктерге жетулеріне ниеттестік білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Мемлекет басшысына Қазан федералдық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Ресей Федерациясының жетекші оқу орындарының бірі саналатын университет ұжымына арналған сөзінде Қазақстан Президенті білім ордасының академиялық және ғылыми базасы мықты екенін, сондай-ақ оның инновациялар саласындағы нақты жетістіктерін атап өтті.

“Тарихи деректерге сәйкес, Қазан университетінде 1877 жылдан бастап қазақ интеллигенциясы да білім ала бастаған. Оқу орнының Қазақстанмен тарихи байланысы бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта мұнда түрлі мамандық бойынша 500-ден астам қазақстандық студент оқиды”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің 25 жылдық дипломатиялық қатынастары кезеңінде екі жақты саяси және экономикалық ынтымақтастық үлгі боларлық дәрежеге жеткенін атап өтті.

“Тығыз ынтымақтастығымыздың арқасында ТМД кеңістігінде жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ пайда болды”, – деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты Астана мен Мәскеудің стратегиялық серіктестігінің маңызды элементі деп атады.

Нұрсұлтан Назарбаев

“Қазақстан үшін бауырлас татар халқының орны ерекше. Біздің тарихи тамырымыз ортақ, тіліміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ұқсас. Елдеріміз арасындағы тарихи достық дәнекері Қазақстан мен Татарстанның қазіргі кезеңдегі ынтымақтастығы үшін берік негіз болып отыр”, – деді Мемлекет басшысы.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау