Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев: Мен амалсыз екі тілде сөйлеуге мәжбүрмін

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен кездесуде тіл мәселесі жөнінде, шет тілдерден келген терминдер мәселесіне кеңінен тоқталды.

20170317234049

«Тілімізден, мәдениетімізден айырыла жаздап, әбден қаймығып қалғанбыз, сол қорқыныш пен үрей бар, әсіресе үлкен буындарда. Қазір қазақ тіліне қарсы Қазақстанда бір адам жоқ. Сондықтан басты мәселе – біздің өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы тілді жетілдіру қажет. Мысалы, кейбіреулердің айтатынын білемін, «Президент барлық жерде қазақша сөйлемей, ол болмайды» дейді. Егер де 100 ұлт пен ұлыс отыр, солардың барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады?!», – деп жауап берді елбасы тілшінің тілге қатысты қойған сауалына.

«Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын. Орысша да, қазақша да. Ресейдің президенті тек қана өз тілінде сөйлейді, Американікі де өз тілінде сөйлейді, Түркиянікі өз тілінде сөйлейді, мен амалсыз екі бірдей тілде сөйлеп отырған адаммын. Бұл жағдай мәңгі солай болмайды, қазірдің өзінде қазақтың саны 70 пайызға жақындап келе жатыр. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық жерге енгізуге жұмыс жасаймыз».

Президент өзге тілдерден ажырап қалу дұрыс емес екендігін атап өтті. «Қанша тіл білсең, соншалықты мәдениеттісің. Біз қазақ, орыс тілі арқылы дүниежүзі әдебиетіне жол ашқан халықпыз. Әлемнің ғылымына жол ашылды. Ал енді ағылшын тілі Жолдаудағы мәселелерді орындау үшін керек. Неге ағылшын тілі? Мысалы, ағылшын тілінде жаңа медициналық теория ашылды делік. Ол орыс тіліне аударылғанша, кемінде 5 жыл кетеді. Қазақ тіліне аударуды күтсек, қанша уақыт кетеді?! Егер ғылым, мәдениет, ақпарат орыс тілінде жүретін болса, барша әлем орыс тілін меңгерер еді, егер қытайлықтардан шықса, барлығы қытай тілін білетін еді. Ол амалсыз солай болады. Біз соны қалағаннан емес, еріккеннен көтеріп отырған жоқпыз, ол қажеттіліктен туып отыр. Оны насихаттаудың өзі де керек емес, балалардың барлығы оқып жатыр. Олар мектеп бітіргенде, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білетін болады. Барлық қозғалыс осы бағытта жүріп жатыр, оған күмән жоқ. Ақпарат, ақпараттық технологиялар ғаламат күшпен ұлғаюда, бізге үлгеріп отыру керек. Білемін мен, жазушылардың, ағайындардың айтатынын. Жанымыз ашымайды деп айтуға болмайды ғой. Қазақтың мәдениет жылы деп қаншама мәдениет ошақтарын аштық. Қазір университеттерде де қазақша сабақ берілетін болды, біз ептеп-ептеп латиницаға көшуіміз керек», – деді мемлекет басшысы.

Елбасы, сонымен қатар, қазақ тіліндегі шет тілдерден енген терминдерді аударуды құп көрмейтіндігін айқын білдірді. «Бізде 1600 шетелдік терминдер бар. Соны қазақтың тіліне енгізіп, қазақтың тілін байытудың орнына, біздің лингвистік комиссия соларды неше түрлі етіп аударады. Марқұм Еркеғали Рахмадиев өлгенінше айтып кетіп еді, «мен «композитор» едім, «сазгер» болдым енді» деп. Менің «пианиномды» «күйсандық» деп аударыпты дейтін. Пианино деген – «Piano» емес пе, барлық тілдерде солай ғой. Неге оны енгізіп, тілімізді байытпасқа. Толып жатыр сондай сөздер, балконды «қылтима» дейді, «пайыз» деп алдыңыздар, мен «пайыз» деген сөзді қолданбаймын тіпті, «percent» барлық тілде де. Өз ішімізде мемлекеттік сөз, мемлекеттік тіл, мемлекеттік басқару органдары өз тілімізде жүретін болады. Бірақ оған асығыстық жасаудың еш қажеттілігі жоқ. Ел ішінде сабырлық, өзара сенімділік, барлық азаматтардың құқықтарын сақтау, тілден, діннен, мәдениетінен шектеп жатқанымыз жоқ, барлығы өз кезегімен келе жатыр. Әр азамат өз мәдениетінде, өз тілінде болсын, бір-біріне қысастық жасамасын», – деп атап өтті президент.

Жіберіп алмаңыз:

Назарбаев келесі сайлауға қатысу мүмкіндігі жайлы айтты

Елбасы: Өзім тағайындайтын адамдардың сенімнен шықпауы жаныма батады (видео)

Елбасы: Қазақтың жеріне жаны ашитын екі адам болса, соның бірі мен шығармын

Талқылау