Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент бастауыш сыныптарды төрт күндік оқу процесіне ауыстыруды ұсынды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев білім және ғылым министрлігіне мектептердің 5 күндік оқу аптасына ауыстыру мәселесін қарастыруды тапсырды.

Пятидневка-в-школе

Сурет pricom.kz

Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

“Барлық дамыған мемлекеттерде мектептер 5 күн оқиды. Бұл балалардың өз-өздеріне келіп, мұғалімнің демалып, сабаққа дайындалуына мүмкіндік береді. Тіпті кей елдерде төрт күндік оқу апталары да бар. Бұл форматқа көшу – бүкіл әлемдік дамыған мемлекеттерде трендке айналған. Ғалымдар да оқу аптасы қысқарғанда білім нәтижесі де арта түсетінін дәлелдеп отыр. Бізге де бұл тәжірибені енгізу керек. Білім және ғылым министрлігі алғашқыда бұл тәжірибені бастауыш мектептен бастап көргені жөн. Бізде пәндердің көптігі соншалық, бұл балаларды психологиялық тығырыққа тірейді. Кейбір пәндерді біріктіріп жіберу керек, ал енді бірін алып тастаса да болады. Ең бастысы сапалы білім”, – деді президент Назарбаев ҚР парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Сондай-ақ, Назарбаев Үкіметке барлық мектептерді интернетпен қамтамасыз етуді де тапсырды.

“Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып барлық мектептерді үздіксіз интернетпен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл ретте ұлттық операторлар әлеуметтік жауапкершілікті мойындарына алып, мектептер үшін арнайы тарифтер жасағаны дұрыс”, – деді президент.

Елбасының айтуынша, қазіргі таңда еліміз бойынша 2,5 мыңнан астам мектеп интернетке қосылған. Кезекте әлі 1,5 мыңнан астам оқу ордасы тұр. Мемлекет басшысы, бұл мақсатқа қаржы бөлініп қойғанын да айтты.

“Жаңа ұрпаққа сандық технологиялар әлемінде оқып, жұмыс істеп, өмір сүруге тура келеді. Сол себепті мектептерді тез арада ақпараттандырып, интернетке қол жетімді ету керек. Мұнсыз білім саласындағы жаңа жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес. 2,5 мыңнан астам мектеп интернетке қосылған. Ал тағы 1500 мектепке интернет қосу үшін мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп отыр. Көптеген елдердің үкіметі бұл мәселені бақылауда ұстап отыр. Біз де дәл солай бақылауға алуымыз қажет”, – деп атап өтті Назарбаев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін 25 наурызда Парламенттің VI шақырылымының бірінші сессиясын ашты. Президент жаңа парламентке аса жауапты кезеңде жұмыс істеуге тура келетінін жеткізді.

“Парламенттің жаңа құрамы өте қиын әрі жауапты кезеңде жұмыс атқарғалы тұр. Бүкіл әлемде дағдарыс болып жатқанын білесіздер. Біріншіден, әлемдік сауда-қаржы нарығын болжап білу қиын. Бұл да біздің экономикамызға кері әсерін тигізіп жатыр. Екіншіден, жақсы өмір сүру жолына түскен мемлекеттердің өзінде әлеуметтік проблемалар өршіп тұр. Бұл босқындардың ғаламдық мәселесі, жұмыссыздықтың өсуіне тікелей байланысты. Қазір жалпы, әлем үшін аса қиын кезең. Экономикада қарапайым шешімдер болмайды. Жан-жақты қарастырылған саяси шешімдерсіз, жаңа заңдарсыз қадам басу қиын”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Талқылау