Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев «Астана» қаржы орталығының тиімді тұстарын атады

Әлемдегі алпауыт компаниялар құнды қағаздарын енді Қазақстанда да  саудалай алады. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын ресми түрде  ашты. Қазірдің өзінде орталыққа    шетелдік  компаниялардың алды  тіркеліп  үлгерді.  Жыл соңына дейін олардың саны екі есе ұлғаймақшы.  Ал орталыққа кірген кәсіпкерлерге салық пен виза жеңілдіктері жасалған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Нұрсұлтан Назарбаев

Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі

«Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуына келген адамның қарасы көп. Қазір мұнда екі мыңға жуық қонақ жүр. Әрқайсысы құнды қағаз, қор биржасы, банк ісінен хабары бар мамандар.

Яғни, бұл жиынды әлемге әйгілі банкир, қаржыгер мен бизнесмендердің кездесуі деуге болады. Өйткені «Астана» халықаралық қаржы орталығында көрсетілетін  қызмет ірі компанияларды көбірек  қызықтырады. Мұнда миллиондар айналымға түседі, құнды қағаздар саудаға салынады. Президент Елордадағы ең ірі жобаның тұсауын кесуге Әбу Дабидің мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Зайд Әл Нахайянды ертіп келді. Нұрсұлтан Назарбаев орталықтың жұмысын өзі ашып берді.

Негізі «Астана» қаржы орталығы қаңтарда іске кіріскен. Оған бүгінде 55 шетелдік компанияның өкілдері тіркеліп үлгерді. Бұған қоса,  биржада 34 миллиард доллардан асатын активімен 14 брокер бар. Ал жыл соңына дейін компаниялардың саны 100-ге жетеді деп күтілуде.

«Жағдайды пайдаланып, шетелдік және отандық бизнестерді «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырамын. Мұнда жиналған серіктестердің барлығына белсенді түрде қолдау көрсеткені және жобамызға қатысқаны үшін алғыс білдіремін. Өзара тиімді серіктестік тек нығая түсетін болады деп сенемін. Астана өңірдің қаржылық хабына айналып, келешекте Азиядағы ілгері қаржы орталықтарының қатарына енуі тиіс», – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.

Енді «Астана»  қаржы орталығындағы  шетелдік компанияларға жасалған  жеңілдіктерге тоқталайық. Орталыққа тіркелген мекеме 50 жылға салықтан босатылады. Виза да жеңілдетілген.  Іс-қағаз тек ағылшын тілінде жүреді. Ал қатысушы  қай валютада сауда жасаса да өзі біледі. Орталықтың стратегиялық серіктестері Шанхай қор биржасы мен американдық Nasdaq қор биржасы.

«Бұл аймақта құнды қағаз шығаратын, оны саудаға салатын  және қаржылық дау-дамайды шешетін орын жоқ. Сондықтан «Астана» қаржы оталығы орынды ашылған. Оның үстіне  Қазақстанның  тәжірибесі мол. Астанада Сирия, Иран мәселесі шешілуде. Яғни, ағылшын құқығына сүйеніп, экономикалық келіспеушіліктерді де әділ қарауға мүмкіндіктеріңіз бар», – дейді Атлантикалық кеңестің аға сарапшысы Ариэль Коэн.

Инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығын қаржы орталығының жанынан құрылған тәуелсіз сот қорғайды. Әлемге әйгілі 9 судья коммерциялық және азаматтық дауларды  ағылшын құқығына сүйене отырып шешеді. Бұл жерден қарапайым халық та ақшасын салып жинағын еселей алады.

«Қорлардың жұмысына қатысып, өзінің кішігірім жиынтықтары болса жай ғана жастықтың астына салмай, тықпай шкафтарға барлығын дұрыс қолдануға болады. Оған  осындай қаржы орталықтары көмектеседі. Және де шағын бизнес биржаға кіріп, ақша табуға болады, акция, облигацияға салуға болады ғой», – дейді ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Сонымен қатар, «Астана» қаржы орталығында «Қазатомөнеркәсібі», «Эйр Астана» сынды ұлттық компаниялардың акциялары IPO-ға шығарылады. Ел азаматтарының осы аукционға да қатысуына мүмкіндік бар. Айта кету керек, Қытайдың  «Жібек жолы»  қоры  елімізге 2 миллиард доллар инвестиция құймақ. Осылайша, аталған елге шетелдік инвестиция тартуда маңызды рөд атқаратын болады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау