Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев 18 жаңа қазақстандық өндіріс орнын ашты

Бүгін Астанада индустрияландыру күні аясында «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір өтті.

IMG_0130

Бұл туралы STAN.KZ хабарлайды.

Үкімет жылына екі рет телекөпір бойынша индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға есеп беріп, жаңа кәсіпорындарды іске қосады.

2015 жылы индустрияландыру картасы бойынша барлығы 120 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған 6 жылда елімізде 890 өндіріс іске қосылды. 85 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Жобалардың 90 пайыздан астамы жеке бизнестің есебінен жүзеге асты.

«Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдер сыртқы нарыққа шығып, еліміздің атағын шығарып жатыр. Бұл туралы бүгін Индустрияландыру күніне орай өткен жиында президент Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Біз бәсекеге қабілетті 30 дамыған елдің санатына кіру үшін шикізаттық бағдарламадан арылып, өңдеу жолына түскен елміз. Біз 2010 жылдан бастап Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асырып келе жатырмыз. Өндірісті жаңартуды сол кезден қолға алмағанда, бүгінгі жаһандық дағдарыс салдары біз үшін бұдан да қиын болатын еді», – дейді Президент.

Елбасы атап өткендей, бүгінгі таңда әлемнің көптеген мемлекеттерінде, тіпті ең дамыған елдердің өзінде өңдеу өнеокәсібінің кері шегінуі байқалып отыр. Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне жүгінсек, бұл салада біздің өнімнің көлемі 2008 жылмен салыстырғанда едәуір өскен.

«Бүгінде «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдер сыртқы нарыққа шығып, еліміздің атағын шығарып жатыр. Өнімдеріміз әлемнің 111 мемлекетіне таралып, сатылатын болды. Жаһандық экономикадағы қиындықтарға қарамастан еліміздегі өңдеу өнеркәсібі табысты жұмыс істеп жатыр. Жаңа ғана әр өңірде тағы да жаңа өндірістер іске қосылып, халықты, елімізді қуантып жатыр», – деді мемлекет басшысы.

«Бұл жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік өндіріс саласының 8 перспективалық саласында жүзеге асырылды. Әрбір жаңа кәсіпорын жыл сайын орташа алғанда 81 млрд теңгенің өнімін шығаратын болады. Бұл жобалар біздің экономикаға кемінде 270 млрд теңге қосымша табыс әкеледі», – деді Н.Назарбаев.

Елбасы, сондай-ақ, биыл Қазақстанның жетекші 50 экспорттаушы мемлекеттің қатарына қосылғанын еске салып өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір барысында азық-түлік өнеркәсібі саласындағы бірқатар жаңа кәсіпорындарды іске қосты. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның жаңа индустрияландырылуы. 2015 жылдың қорытындылары» жалпыұлттық телекөпірі барысында азық-түлік өнеркәсібінің бірқатар жаңа кәсіпорындарын іске қосты, сондай-ақ онлайн режимінде Павлодар облысындағы коксты қайта өңдеу бойынша мұнай химия өндірісі іске қосылды.

Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы «Актеп» ЖШС ет өңдеу комбинаты, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Радуга» ЖШС тез дайындалатын тағамдар өндірісі, сондай-ақ Қостанай облысындағы «Жас қанат 2006» екі құс фабрикасы және Ақмола облысындағы «CapitalProject LTD» ЖШС бройлер құс фабрикасы, ол елорданы құс етімен 100% қамтамасыз етуі тиіс.

Бұдан өзге, Елбасы Павлодар облысындағы «УПНК-ПВ» ЖШС коксты қайта өңдеу бойынша мұнай химия өндірісін іске қосты.

Жобаның мақсаты Қазақстан нарығының қажеттілігін қамтамасыз ету, алюминий өндірісінде импорттың қысқаруы мен Қазақстан өндірісіндегі алюмений өндірісінің тұрақтылығын арттырады. Зауыт Павлодардың арнайы экономикалық аймағында орналасқан. «УПНК-ПВ» ЖШС коксты қайта өңдеу бойынша мұнай химия өндірісі 309 тұрақты жұмыс орнын ұсынады.

Сондай-ақ, телекөпір барысында Алматы облысындағы «Абди Ибрахим ГлобалФарм» ЖШС фармацевтикалық зауыт іске қосылды. Жаңа кәсіпорын шетелдік инвесторлардың қатысуымен құрылған, инвестициялардың жалпы көлемі 3,7 млн теңгені құрады.

«Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында орналасқан «Астана Дизель Сервис» ЖШС дизельді қозғалтқыштар шығаратын зауытты іске қосуға рұқсат берді.

«Теміржол машина құрылысын одан әрі дамыту бағдарламасының аясында зауыт американың General Electric компаниясына тиесілі технология бойынша шығатын Evolution сериялы локомотивтерге арналған 12 цилиндрлі дизель қозғалтқыштарына жоғары сапалы қызмет көрсетеді және оларды күрделі жөндеуден өткізеді, сондай-ақ, осы қозғалтқыштарды құрастырады»,-дей келе, «Жаңа және импортты алмастыру өндірісін дамыту орталығы» ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының директоры Вадим Шақшақбаев Мемлекет басшысының алдында зауытты іске қосуға рұқсат сұрады.

Оның айтуынша, зауыт қызметкерлері АҚШ-тағы General Electric компаниясының кәсіпорындарында оқудан өткен. Бұл заманауи зауыт – еліміз бойынша осындай қозғалтқыштар шығаратын алғашқы зауыт.

«Бұл – Қазақстан үшін жап-жаңа инновациялық өнім болып саналады. Мен Нью-Йоркте General Electric компаниясының өкілімен кездескен болатынмын. Қазір, осы жерде де (Тәуелсіздік сарайында) осы компанияның өзге өкілі отырғанынан хабардармын. Сондықтан, Қазақстан үшін өте маңызды әрі техникалық инновациялық жобаның іске қосылғанына қуаныштымыз»,-дей келе Мемлекет басшысы зауыттың іске қосылуына рұқсат берді.

Сонымен қатар, елбасы Ақмола облысында жел электр стансасын іске қосуға рұқсат берді. Ақмола облысының Ерейментау қаласында тұңғыш жел электр станциясы салынды. Бұл – Арқаның тынымсыз соққан желін пайдаланып, қыруар қуат көзін өндіретін теңдессіз жоба. Өндірістік жел электр станциясы өңірдің энергия тапшылығын төмендетеді. Қоршаған ортаға зиянсыз. Сондай-ақ, отын-энергетика қорының жалпы шығынын азайтады. Алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» нысандарын жаңартылған энергия көздерімен қамтамасыз етуге қатысады. Бұл – Қазақстандағы өндірістік ауқымдағы алғашқы жел электр станциясы.

«Құрметті Елбасы! Өткен жылы Сіз Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші өнеркәсіптік жел паркін құруға рұқсат бердіңіз, бүгін сол жобаның табысты іске асырылуын және іске қосуға дайындығын баяндаймыз. 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Компанияның жоспарында қуаттылығы 300 МВт-қа дейін жететін бірнеше кезеңнен тұратын жобалар бар», – деді «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Молдабаев.

Мемлекет басшысы бүгінде барша әлем атмосфераның ластануына қарсы күрес жүргізіп жатқандығын айта келе: «Біздегі «ЭКСПО-2017» көрмесі жаңа энергетиканың негізі болмақ. Бұл 45 МВт-ты ірі жоба. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз»,-деді.

Телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысында “РМЗ-Шапағат” ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты да іске қосты.

Құрылыс индустриясындағы тағы бір ерекше жоба – Қызылорда қаласындағы үй құрылысы комбинаты. Комбинат жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта үйлерін тұрғызады. Үй салуда комбинат сапалы әрі қауіпсіз неміс технологиясын пайдаланады. Біркелкі тұрғын үйлер тұрғызуды тоқтатып, тұрғын үй сәулеті мен фасадтарының тартымды болуына мән береді.

«Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің қатысуыңызбен «Үй құрылысы комбинатын» іске қосуға дайынбыз. Жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бағдарламалар көмегімен қаржылық қолдау және лизингке шетелден құрал-жабдықтар алынды. Жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта (панель) үйлерін салатын боламыз. Бұл – құрылыс нысанын үнемді және қысқа мерзім ішінде аяқтауға септігін тигізеді. Құрметті Елбасы, жасалып жатқан қолдау мен қамқорлыққа ұжымның атынан үлкен алғыс білдіремін. Сізден комбинатты іске қосуға рұқсат сұраймын», – деді «РМЗ-Шапагат» ЖШС Бас директоры Мұратбек Жақанов.

Жалпы 2015 жылы Индустриаландыру картасы аясында 120 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. (телекөпір барысында іске қосылған жобаларды есепке алғанда).

Индустриаландыру картасы аясында 6 жылда (2010-2015 жылдар аралығында) 890 жоба іске қосылды. 85 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Жобалардың 90% астамы жеке бизнестің есебінен жүзеге асты.

Талқылау