Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нарманбет Орманбетұлының өмірбаяны

Stan.kz ақпараттық агенттігі халықтың көкейіндегі сөзді өлеңмен өрнектеген Нарманбет Орманбетұлының өмірі мен шығармашылығы туралы мәлімет ұсынады.

Нарманбет Орманбетұлының өмірбаяны

Нарманбет Орманбетұлы 1859 жылы қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Нарманбет атындағы ауылда дүниеге келген. Нарманбеттің әкесі ауқатты адам болған. Соның арқасында бала Нарманбет өз ауылында әкесі үйге шақырған молдадан бастапқы білім алады. 1873 жылы Нарманбет Қарқаралыдағы екі сыныпты орыс-қазақ мектебіне түсіп, бір жыл оқып шығады. Бір жылдық оқудан кейін Қарқаралыда тұрып, орыс тілінен жеке сабақтар алды.

Нарманбет өлеңді 14 жасынан бастап жаза бастаған. Махаббат, лирикалық өлеңдер жазып жүрген ақын дала өміріндегі маңызды оқиғаларға жауап беретін азаматтық тақырыптарды жазуға көшті.

Бала кезден оқуға, білімге құштар болып өскен ақын Шығыс әдебиетінен, Пушкин, Лермонов, Толстой шығармашылығынан жақсы хабардар болды. Ақындығымен қоса домбырашылдығымен де аты шықты.

Абаймен, оның шығармашылығымен танысу Нарманбетке ақынның азаматтық ұстанымдарына жаңа көзқараспен қарауына түрткі болды. Орманбетұлы биліктің саясатына қатысты өз көзқарасын білдіріп, жастардың білім алуына қамқорлық жасайды, болыс басшыларының тағайындалуына қызығушылық танытады.

Ақынның әкесі Орманбет Байжомартов Қарқаралы болысының әкімшілігінде маңызды лауазымдарды атқарған. Әкесі секілді Нарманбет те қоғамдық өмірге белсене араласып, отбасының дәстүрлерін ұстанды. Ол бірнеше рет әртүрлі өкілді органдарға, комиссиялар мен съездерге сайланды.

1888 бен 1903 жылдар аралығында Нарманбет бірнеше рет Балқаш болыстығында 3-жылдық цикл бойынша № 3 ауылдың халықтық судьясы болып сайланды. 1895 жылдан 1897 жылға дейін болыс басшысының орынбасары болды. 1890-1892, 1908-1910 және 1911-1913 жылдары Нарманбет Орманбетұлы болыс басшысы болып тағайындалды.

Нарманбет Орманбетұлы ұлттық әдебиетімізді биікке көтерген алып тұлғалардың бірі. Суырып салма ақын ретінде халық мұңын жұқтайын өлеңдер шығарды. Нарманбет ақын жастайынан ел басқару істеріне де араласып, халқымыздың сол заманда басына түскен қиындықтарын көзімен көрді, көкейіне түйді. Нарманбет Орманбетұлының шығармашылығында қазақтың өткен ғасырдағы өмір жолы айқын көрсетілген. Ол Абай дәстүрінде өлеңдер жазып, артына көптеген нақыл сөздерін қалдырды.

Нарманбет өлеңдерінің негізгі тақырыбы оқу-білім, адамгершілік, ел мүддесі. Қоғамдық өмірге белсене араласқан Нарманбет ақын Ресей империясының отаршылыдығына қарсы 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесіндегі атақты Қарқаралы петициясына қатысушылардың бірі болды.

Бұл жерде Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі Ахмет Байтұрсынов та болған еді. Оның Қарқаралыда қалалық училищенің оқытушысы болғаны мәлім. Нарманбет ақын «Мектеп бастығына» өлеңінде Ахмет Байтұрсыновтың ұлтты ағарту мен оятудағы қызметін ерекше бағалады. Қарқаралы уезіндегі бұл қозғалыс кейін қазақ тарихынан айқын және кең орын алды. Нарманбет сол жылы Қоянды жәрмеңкесіндегі ұлтшылдардың мыңдаған адам қол қойған талап-тілектеріне қызу араласты.

Қарқаралы қозғалысының ұйытқысы болған Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаевтар жер аударылғанда Нарманбет «Қазақты жүруші еді қойдай бағып» атты өлең шығарады. Кең даланы ен жайлаған бейқам елдің мүшкіл хәлін айтып, берекесіз тіршіліктің мінсіздігіне налиды. Тығырыққа тап болған халықты жарқын болашаққа бастайтын ұлт зиялыларына, соның ішінде қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі Ақбаевқа сенім артып, алаш арысының ел үшін атқарған еңбегін, ұлтжандылық тұлғасын анық танытады.

Қазақты жүруші еді қойдай бағып» өлеңінде Қарқаралы петициясының маңызын, осы іске ұйытқы болған алаш азаматтарының елдік жолындағы қызметін баяндайды.

«Оян қазақ» деп ұран тастай отырып,

Ашық тұр ғой кең есік —
Кірігі хаққа жылайық!
Қаршыға аңдып қоянды,
О да шошып оянды,
Кел, ұйқыдан тұрайық,- деп жаңа үн, жаңа сарын әкелді.

Бұл өлеңде Нарманбеттің 1905 жылы қандай бағыт ұстанғаны, қандай мақсат көздегені айқын көрінеді. Ол сол кездегі барша көзі ашық, көкірегі ояу ұлт зиялылары сынды заман ағымы, қоғам өзгерісіне сергек қарады. Сол себепті де қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып, барша алаш азаматтарын толғандырған қоғамдық және әлеуметтік мәселелерді батыл көтерді.

Ол империялық-отаршылдық саясаттың әдейі жасап отырған рулық тартыстарын, олардың халықтың бірлігіне нұқсан келтірген керағар әсерін, еліміздің алауыздығын, сол кездегі қоғамдық қайшылықтарды сынай отырып, халықты оқу-білімге, рухани оянуға шақырды. Нарманбет ақын бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақтың не боларына да алаңдайды.

Ақын 1907 жылы Семей облысының қазақтарынан мемлекеттік думаға сайланатын осы өңірдің сайлау жиналысының Қарқаралы уездің болыстығының сайлаушы да болып бекітілді. Осындай әлеуметтік өмірге араласа жүріп, ақын патшаның отаршылдық саясаты қазақ халқын жерінен айыру, елдігін жою екенін терең ұғына бастайды. Сол жылдары шығарған өлеңдерінде саяси әлеуметтік тақырыптағы мәселерді қамтыды. Сондықтан да оның поэзиясының негізгі арқауы патшалық отаршыл саясат озбырлығы, жер қайғысы, әлеуметтік теңсіздік, халық бостандығы.

Міне, осы тұрғыдан алғанда ақын өз дәуірінің мәселелеріне сергек қарай отырып, әлеуметтік істерге де барынша беделді болды. Нарманбет сонымен қатар, «Қазақ» газетіне хабар жазған, тілшілік міндет атқарған. Соның ішінде Нарманбеттің «Қазақ» газетінің шығарушыларына жазған хатын да аса құнды мұра деуге болады.

Ол ақынның азаматтық тұлғасындағы елшілдік қасиетті танытумен қатар, қазақ зиялыларын ақыл-парасатқа шақырған озық ойынды айғақтай түседі.

Ақын «Аждаһаның аузында», «Ұран» атты өлеңдерінде орыс отаршылдығының озбыр, екіжүзді саясатын сынай отырып, азаттыққа қол жеткізуді армандайды.

Патшаның тақтан құлауына қуана отырып,

Тілекті берген күн,

Көздің жасын иген күн.

Құлдықтан басы құтылып,

Қатарға жұртым енген күн.

Әлемді жұтқан айдаһар,

Мерт болып міне, өлген күн,- деп жырлайды.

Нарманбет бірінші философ, ағартушы, демократ ақын. Күрескер, алашшыл ақын. Отарлауға қарсы бірнеше өлеңдер сериясын жазған. «Сарыарқа», «Сарыарқа сайран жерім-ай», «Сарыарқаға қарасақ» секілді көп өлеңдер жазған. Сондай-ақ, ел басқарған, орысша сауатты ақын болған. Бір қызығы, Нарманбет Орманбетұлы ақынды мұрат тұтпаған екен. Ақындық оған табиғаттан берілген сый. Ол атақты билер сияқты шешендік сөздер, билік сөздерді өзінің қызмет бабында, билік кезінде құрал есебінде пайдаланып, соған зер салып, мұрат еткен.

Нарманбат композиторлық қырынан да танылған ақын. Нарманбет ақынның шығармаларының тақырыбы бірсарынды емес. Онда махаббатты, достықты жырлаған өлеңдер де кездеседі. Ақын өлеңдерінде махаббат, табиғат лирикасы көрнекті орын алады. Абай мектебінен біраз тәлім алғаны да анық. Оның арнау өлеңдері мен айтыстары да бар.

Өкінішке орай, оның ақын ретіндегі белсенділігі мен аңғарымпаздығы ұзақ жылдар бойы оқырман назарынан тыс қалды. Кеңестік идеология тұсында да ол өз ұлтына зиянды ақын ретінде көрсетілді. Тек 1939 жылы профессор Есмағамбет Ысмайылов алғы сөзін жазып шығараған жұқа кітапшасынан басқа Кеңес үкіметі соңғы жарты ғасыр бойы оның бірде-бір шығармасын басып шығармады.

 

Талқылау