Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Намыс қайда?”: Мәжілісте орысша сөйлеген шенеуніктер депутаттан сөз естіді

Бақытбек Смағұл Алматы облысы мен СҚО әкімдерінің орынбасарларын үкімет сағатында орыс тілінде сөйлегені үшін сынға алды.

Бақытбек Смағұл

Отырыста Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қана қазақ тілінде сөйледі. Осыған байланысты Бақытбек Смағұл шенеуніктерге сынын айтты, деп хабарлайды Sputnik.

“Біріншіден, екі облыс әкімі орынбасарының (Алматы облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Байжанов, СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек — Sputnik) мемлекеттік тілде сөйлемегені — ұят дүние. Олар әлде мемлекеттік тілді білмей, менсінбегені ме, әлде Елбасының мақсат-мұратын құлағына ілмегені ме, түсінбей отырмын. Ұят нәрсе! Басшыларыңыз қандай аптал азаматтар! Ал сіздер парламентке келіп отырсыздар, бір ауыз амандасу да жоқ. Ұят емес пе, адамның намысы қайда?!”, — деп ашуланды депутат.

Бақытбек Смағұлың сынынан кейін мәжіліс спикерінің орынбасары Гүлмира Исимбаева шенеуніктерді ақтамақ болды. Шенеуніктердің орыс тілінде сөйлеуіне үштілділік саясаты себеп екенін айтты.

“Қазір әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқығымыз бар. Қанша тіл білеміз, сонша тілде. Енді келген азаматтардың барлығы қазақ тілін білмейді деп айта алмаймыз, бәрі біледі. Тек өз ойларын жеткізу үшін біздің аудармаға кішкене сеніңкіремей, орыс тілінде сөйлегені ғой”, — деп депутаттың ашуын басуға тырысты.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау