Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нағыз махаббат хикаясы: Қазақстандық азамат марқұм болған әйеліне инстаграмын арнады

Отандық блогер Айдар Жакишев отбасылық өмірден озған әйеліне деген ыстық махаббаты туралы блог жазып, қазақстандықтардың жүрегін елжіретті. Нағыз махаббатың хикаясы туралы біліп қайту үшін Stan.kz сайтының тілшісі Айдармен кездесіп, сұхбаттасты.

Бүгінгі күні Қазақстандағы табысты кәсіпкерлердің қатары Айдар Жакишев есімді азаматпен толыққан. 30 жасында Enjoy Jumping деп аталатын фитнес клубтардың желісін басқаратын ол, марқұм жұбайы Фирузамен бірге талай кәсіпті жүргізген.

Кейіпкеріміздің жары дүниеден ерте озып кетсе де, оның өмірінде өшпестей із қалдырған. Фируза остеосаркома деп аталатын сүйектің қатерлі ісігіне шалдығып, ауруымен бір жыл көлемінде күрескен. Осы дертке шалдыққанын білгенде, өзі де, жары Айдар да ауруды қайткенде де жеңіп шығамыз деп ойлаған.

Қазіргі таңда Айдар тек табысты кәсіпкер ғана емес, әйелі мен ұлына арналған блогтың авторы ретінде де танымал. Блогта ол әйелі туралы естеліктерімен бөлісіп отырады. Айдардың айтуы бойынша, ол парақшасын естеліктер алаңына айналдырамын деп ойламаған. Ол үшін әлеуметтік желілер өзін және өзінің жобаларын дамытуға арналған құрал саналған. Алайда, әйелінің арманы парақшаны басқаша жүргізуге түрткі болған.

“Бұрын әлеуметтік желілер жоқ кезде адамдарды телевидение, газет арқылы танитынбыз. Қазір әлеуметтік желі өзіңді танытуға көмектесетін арзан әдістердің бірі деп айтар едім. Әйеліммен де мен әлеуметтік желі арқылы 2011 жылы таныстым. Ол ҚБТУ-дың 3 курсында оқыды, ал мен Қазақтелекомда жұмыс істедім. Бір жарым жылдай жазысып, сөйлесіп жүрдік. 2013 жылы отау құрдық.

Парақшамда әйелім туралы жазамын деп ойламадым. Оның кітап жазу туралы арманы болатын. Сол арманының асқарына жету үшін ол о дүниеге аттанбай тұрып, соңғы бір-екі ай кітап жазумен айналысты. Мен оның миссиясын жалғастыру керекпін деп шештім. Ол сияқты жазуды білмеген соң, адамдарға әйелімнің қандай адам болғанын жеткізгім келді. Жазғанда жеңілденіп қаламын. Сол бір сәттерді есіме алып, оқиғаларды қайта басымнан кешемін. Күлемін. Егер осының барлығын ішімде сақтағанымда жынданып кететін едім”, — дейді ол.

Айдар Жакишевтің жазбаларын оқыған желі пайдаланушылары екі жастың махаббаттарына қайран қалуда. Оқырмандар өз өмірлерін ақыл таразысына салады. Өздерінде бар байлықты бағалау керектігін түсінеді екен. Ал қайтыс болған адамды көп ойлауға, ол туралы тірі адамдай сөйлеуге болмайды дегенге Айдар Жакишев өз жауабын берді.

“Неліктен? Мысалға Абай Құнанбаевты алып қарайық. Ол туралы да адамдар жазады, сөз қозғайды, оны зерттейді. Сол сияқты әйелім тым құрығанда маған және туысқандарыма қызықты болған адам. Сондықтан өмірге өзіндік көзқарасы, қағидалары бар адамның болғанын басқалардың білгені дұрыс деп ойлаймын. Егер сол адамның қағидалары дұрыс болып, біреуге пайдасын тигізсе, ол туралы неге жазбасқа? Мен осылай ойлаймын. Ешкімді де ұстап тұрғаным жоқ. Тек адамдармен білгенімді бөлісудемін. Ашық, көңілді, әрқашан жақсылыққа үміттенетін, болашаққа сенетін жан болуға болатынын көрсетемін.

Бізде халық кредит, қарыздың салдарынан стресспен өмір сүреді. Өмірдің қандай қысқа екенін, ертең оянбай қалатынын, үйіне жете алмай қалатынын ойламайды. Сондықтан әрбір мезетті берілген соңғы уақыт ретінде қабылдап өмір сүру керек. Адамдар жақындарын бағалап, жақсы көрсе, оларды ренжітпесе немесе оларға ренжімесе екен деймін. Себебі, бүгін біреуді ренжітіп қойсақ, ертеңгі күні кешірім сұрауға мүмкіндігіміз болатынын не болмайтынын білмейміз. Менің жазбалардағы мақсатым осы. Маған ата-аналарым қолдау көрсетеді. Фирузаның анасы, қызметкерлер мен достарым көмектеседі. Бірігіп жұмыс істейміз, жалғыз өзім төтеп бере алмайтын едім”, — дейді ол.

Айдар Фируза екеуінің ұлдары үшін ары қарай жарқын өмір сүруді мақсатына айналдырған. Ол баласын аяғына нық тұрғызып, оған жақсы әке ретінде тәрбие беруді жоспарлап отыр.

“Фируза маған әрдайым екеумізде бір-біріміздің бар екенін айтатын. Бірге күш екенімізді сөз ететін. Мен оған бірнәрсені айтатынмын. Сосын ол маған соны қайталағанды жақсы көретін. Ренжісіп қалатын кездерімде “мен ақымақтық жасадым, сен жасама, неліктен ақымақтық жасап жатырсың” дейтінмін. Ол осы сөздерді басқашалай “мен ақымақтық жасадым, сен жасама” деп маған қайтаратын. Осылай біз кез келген ұрысты доғаратынбыз. Күліп, бір-бірімізді кешіретінбіз. Әйелім табыстап кеткен ұлым бар.

Мен оны өсіріп, аяққа тұрғызу керекпін. Қазір беріліп, қол қусырып отыратын болсам, оған кім көмектеседі. Оның менен басқа ешкімі жоқ. Қазіргі уақытта ұлым менің жалғыз мотиваторым, бұрын Фируза болатын. Біз Фирузамен көп елді көруді армандайтынбыз. Бірақ жұмыстан қолымыз босамайтын. Болашағымызды қамтып, саяхаттау үшін еңбектенетінбіз. Енді ұлым екеуміз қалған дүниенің орнын толықтырамыз деп ойлаймын”, — дейді Жакишев.

Алматы қаласында туып өскен Айдар, осында білім ордасын тәмамдап, оңтүстік астанадағы Алматы энергетика және байланыс институтында байланыс қызметкері мамандығына оқыған. “Қазақтелеком” компаниясында бес жыл көлемінде жұмыс істеген.

“Көп нәрсемен айналыстық. Тендерлерді де қолға алған едік. Балаларға арналған сағаттарды бірінші болып Қазақстанға енгіздік, оның елде таралуына үлесімізді қостық. Қазір мұндай сағаттар барлық жерде бар. Еуропадан көліктерді алып, осында жалға беретінбіз. Кәсіпті негізгі жұмысыммен қатар алып жүретінмін. 2015 жылы жұмысымнан шығып, өзімді толықтай кәсібіме арнадым. Фируза екеуміздің мақсаттарымыз үлкен еді. Қандай істі ашсақ та, ол оны әлемдік деңгейге көтеруді армандайтынбыз.

Компаниямыздың әлемдік деңгейдегі әлемдік аты болады деп ойладық. Арманымызды орындап, мақсатымызға жету үшін аянбай еңбектендік. Инвесторымыз да, демеушіміз де болмайтын. Кредит те алдық, ешнәрседен қорықпайтынбыз. Барлығын өзіміз істейтін едік. Әрдайым бірнәрсені ойлап тауып, алдыға жылжып отырдық”, — дейді кәсіпкер.

Кейде адамдар қандай кәсіпті бастау керектігін түсіну үшін нарықты бақылайды, зерттейді. Тіпті, зерттеудің өзіне бір, екі жылын жұмсайтындар бар. Ал Айдар мен Фирузаның іске, жұмысқа келгенде ұстанымы басқаша болған екен. Айдардың айтуы бойынша, екеуі де тәуекелге барғанды, тезарада шешім шығарғанды жақсы көрген.

“Бір істі ашатын болсақ, соған ұқсас дүние Алматыда, Қазақстанда бар-жоғын анықтайтынбыз. Егер бар екенін көрсек, адамдарға одан да күшті дүниелерді ұсына алатынымызды білсек, сол істі қолға алатынбыз. Ойланып отыруға уақыт болмайтын. Тәуекелге бел буғанды жақсы көретінбіз. Мен қазір де сондаймын. Бізде “қолымнан келеді ме, келмейді ме?” деген болмайтын, шешімді бір тәуліктің ішінде шығаратынбыз. Кейін өкініп, тырнағымызды тістеп қалғанша, істі қолға алып көргенді жөн көретінбіз”, — дейді ол.

Тәуекелге барудың арқасында олар опық емес, керісінше еңбектерінің жемісін жеген. Әрине, бастапқыда екі кәсіпкер шығынға батқан. Алматыдағы бірінші залда бір ғана жаттықтырушы, санаулы ғана адамдар болған. Алайда, арада кішкене уақыт өткен соң, қазақстандықтардың спорттың бұл түріне қызығушылығы артқан. Залға келушілердің саны көбейе түскен.

“2017 жылдың жаз мезгілінде ашылған фитнес залға адамдар көп келе бастады. Сосын тағы да бір зал ашу туралы шешім қабылдадық. Қазір Алматыда жеті, ал еліміздің бас қаласында бір зал бар. Басқа елдерден бірге жұмыс істеу туралы ұсыныстар түскен. Олармен байланыстамыз. Жақында әлемдік компанияға айналып кетеміз деп үміттенемін. Өзіміз осы істі бастағанда бәсекелес дейтіндей ешкім болмайтын. Қазір адамдар біздікіне ұқсас дүниелерді ашып, қайталауға тырысады. Бірақ біз әрдайым алда жүреміз, қалғандары бізді қуалап отырады деп ойлаймын.

Фируза екеумізде әрдайым қиындықтар, тосқаулар болатын. Үлкен көлемде қарызым бар деп ойлайтын сәтте мен қарызы біздікінен де көп адамдарды еске алатынмын. Олар берілмейді ғой. Егер сондай қарыздары бола тұра, олар берілмесе, алға қарай жылжуға күш тапса, неге біз берілу керекпіз? Аяқ-қолдары жоқ, бірақ жеңілмейтін адамдар бар. Он екі мүшеміз сау бола тұра біз неге жеңілу керекпіз? Барлығын салыстыру керек. Ең қиын өмір менде деп ойламау қажет. Өмірлері сіздікінен де қиын адамдар бар. Мен әрдайым түннің қоюланғаны таң атудың жақындағанын білдіретінін айтамын. Кредит, қарыз, міндеттер әркімде бар. Егер әркім беріле берсе, қоғамымызға не болмақ?

Бізде адамдар “маған ғалам неге ешнәрсе бермейді?” деп ойлайды. Егер сіз оған ешнәрсе бермесеңіз, ол сізге неліктен бірнәрсе сыйлауға міндетті? Жақсылық жасасаңыз, ол сізге екі, үш есе артық несібемемен қайтып келеді. Жан-дүниеңізді салып, өзіңізге сеніңіз, түбінде барлығы жақсылықпен қайтып келеді. Біреуге немесе бір нәрсеге байланып қалмау керек. Өмір адамға тек бір рет қана беріледі. Және оны кейін өкінбейтіндей сүру қажет. Саяхаттағыңыз келсе, саяхаттаңыз. Көріңіз, біліңіз. Өзіңіз үшін ешнәрседен бас тартпаңыз. Өмір тым қысқа. Қай кезде үзіліп кететінін білмейсің. Сол елде тудың, сол елдің түтінін түтетіп, сол мемлекетке өзіңді арнау керексің дегенмен келісе бермеймін. Атамекенді шетелде де танытуға болады.

Адамдар танымал жұлдыздарды үлгі тұту үшін, солар сияқты болу үшін іздейді. Жұлдыздарды үлгі тұту маңызды емес. Жақын адамдардың арасында нұрын шаша білетін, ашық, жайдарлы жандар болса, соларға қарап бой түзеу керек. Өздерімен бірге жақсылықты алып жүретін адамдарға жақын болып, олардан үйрену қажет. Әрбір жанұяда бұндай адам бар. Бізді дүниеге әкелген, өмір сыйлған, өсірген аналарымыз, апаларымыз, тәтелеріміз де үлгі алуға тұрарлық адамдар. Олар қазір тірі, аман-сау. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалау қажет. Себебі, ол адам жаныңда. Оны ұстап көруіңе, құшақтауыңа, сүюіңе болады”, — дейді ол.

Әрдайым алдына үлкен мақсаттар қоятын, 30 жасында миллионер, 40 жасында миллиардер болуды көздеген Айдар Жакишев өзгелерге алдыларына үлкен мақсатты қоюға кеңес береді.

 

Автор: Айару Шаймерден

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

 

Талқылау