Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев: Президенттердің бетінен екі құлағынан тартып тұрып сүю керек

Кезінде әкімшілік қызметте, ел басқару жұмысына ат салысқан азамат Исақ Оспанов Қазір Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағашта тұрады.

16558761_1271873829558231_1249971265_n-800x480

Ордабасы тойында. Н.Назарбаев, И.Каримов, А.Ақаев. 1993 жыл. Фото: baq.kz

Исақ Оспанов: Тағы бір елеулі оқиға, атаулы шара – 1993 жылы, Ордабасы сынды тарихи мекеннің 300 жылдық тойы өткен кез. Бұл жерде қазақтың үш данагөйі – Төле, Қазыбек, Айтеке билердің ескерткіші қойлған еді. Ордабасы тойына, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан үш ел президенттері: Назарбаев, Ислам Кәрімов, Ақаев қатысты. Облысымызда өткен дүбірлі тойға, әрине бәріміз жабыла ат салыстық. Облыс әкімшілігі «әр аудан он екі киіз үйден дайындаңдар» деп тапсырды. Той болатын жерге қазақ үйлерді қатар-қатар қылып тігу айтылған. Алайда, аудан әкімі Оразкүл Асанғазы Сарыағаш ауданның үйлерін дөңгелектеп тіккізді. Ортасына алтыбақан орнаттық. Жоспар бойынша, біздің аудан тіккен үйге президент кіріп шығады делінген. Сол үшін барымызды салып, ақ шаңқандай үйлерімізді сәндеп, дайын отырғанбыз. Алайда, штабқа кеткен Оразкүл түске қарай көңілсіз оралды.

–Не болды?, – дедік бәріміз ошарыла қарап.

Сөйтсек, президент келмейтін болыпты. Президент келмейтін болса, оған не амал, түгел үнсіз қалдық. Бірақ, тойға алыстан ат арытып, қазақтың небір жайсаң азаматтары келген. Солардың бірі – Ресейде облыс басқаратын қандасымыз Аман Төлеев бастаған азаматтар үйімізге бас сұғып, дәм татып отырған. Шу ауданының құрметті кісілері де бар. Біздің үй тіккен ауламыздың шетінде ғана үлкен мерекелік сахна орналасқан еді. Бір кезде сыртқа шықсам, сахнаға жақын жерде қазақ, өбек, қырғыз елінің үш президенті қатар жайғасып, концерт тамашалап отыр. Қол созым жер деуге болатын, үйіміздің іргесіне ғана отыр. Бір ой келді де, Оразкүлге:

– Ореке, ауламызға өзі келді деген осы ғой, жап-жақын жер, кіре салса түгі ктепейтін шығар, – дедім бір үмітке сүйеніп.

Орекеңнің қайтпас, өжет мінезі сол ғой, екі сөзге келген жоқ, президенттер отырған жаққа тіке тартты. Айтуын-айтып алсақ та, «ойпырай, не болып кетер екен» деп біз қалдық.  Көп өткен жоқ, бір қарасақ, біздің үйге қарай келетін жақтағы ел ысырылып, жол ашылып, үш президент қатарласа қасқайып келе жатыр. Беталыс біз жақ. Жандарында жүзі бал-бұл жанған Оразкүл. Үйдегі қонақтардың бәрі түп қотарыла сыртқа шықты. Біз құрметті қонақтарды құрақ ұша қарсы алдық. Президентіміз үйге кірді де:

– Оразкүл, мына үйді ақшағаладай қылып, әдемілеп тіккен екенсің. Нағыз дем алатын саялы үй екен. Дегенмен, біздің уақытымыз өте тығыз. Бес-он минут қана аялдаймыз, –деді алдын-ала ескертіп.

Содан, үш президент дастарқан басына жайғасты. Әңгіме тиегі де ағытылды. Бір кезде Нұрсұлтан Әбішұлы Өзбекстан президенті Ислам Әдіғаниұлына ұлттық тағамымыз майсөкті арнайы ұсынған еді. Ол кісі майсөктен ауыз тиіп, өте дәмді тағам екенін, өзіне ұнағанын айтты. Сол кезде «президенттер отырысының асабасы» іспетті Орекең «саңқ» етіп сөз бастады:

– Нұраға, мына алдарыңыздағы сіздерге арнап жайылған дастарқандағы дәмнің біразы көрші Өзбекстаннан әкелініп отыр. Бізде, жеміс-жидек әлі пісе қойған жоқ. Олай болса, осында көршілес, ауылы аралас елдің басшысы Ислам Кәрімов ағамызға сөз берсек қалай, – деді. Президент жымиып, бірден құптады. Сол кезде Ислам Әбдіғаниұлы сөз алды:

– Бұл басқосу тарихта елеулі оқиғалардың бірі болып қалады… Нұреке, сіз бақыттысыз. Мынадай ақылды әйел әкімдеріңіз бар, – деп Оразкүлді де алқады. Сосын, ілтиатпен оның бетінен сүйді. Орекең де президенттің ықыласына сай, қарымжысын қайтарды… Сонда, Нұрағаң разы болып:

– Оразкүл, президенттердің бетінен сүйгенде, екі құлағынан тартып тұрып сүймейсің бе, – деді. Бәрі «ду» күлді. Сосын, Оразкүл:

– Нұраға, мен Сарыағашта әкіммін,  ал, туып-өскен жерім – Шу ауданы. Олай болса, Шу өзенінің басынан келіп отырған Асқар ағам бар, сол кісі сөйлесін, – деді. Президенттерді өзі басқарып алған. Бәрі айтқанына көніп отыр. Сонымен, Асқар Ақаев баптап сөз сөйледі. Қазаққа бөтен емес, жиен екенін айтты. Сөз соңында ол кісі де Оразкүлдің бетінен сүйді, әкім келіншегіміз де қырғыз президентіне ілтипат жасап, бетінен сүйді.Сол кезде, Нұрекең:

– Оразкүл, мен не дедім, президенттерді сүйгенде екі құлағынан тартып тұрып сүй демедім бе, ә, – деді жадырай күліп. Бұған Оразкүл де ақтарыла күлді, табанда жауабын да қайтарып үлгерді:

– Нұраға, сіз айтқаныңызбен, жігіттер өзі әрекет жасамаса, мен не істеймін, – деді әзілдеп. Тапқыр жауапқа президенттер бастап, барлық жұрт қыран-топан күлгенде, киіз үй көтеріліп кете жаздаған еді. Сырттағылар аң-таң қалып, не болды деп сұрап жатты.

Отырыс сондай көңілді, жайлы болды. Үш ел президентінің де көңіл-күйлері керемет еді. Не керек, он минут қана аялдаймыз деген президенттер сол үйде қырық минуттаан астам отырып, бір-ақ шықты.

Осы жерде өте қызық жағдай орын алды. Ислам Кәрімов сол мезетте Оразкүлді Өзбекстанда шығатын гүлді атлас матамен үндінің қыздары сияқты орап, қолына Әлішер Науаидың суреті салынған үлкен тәрелке ұсынды. Өзбек президентінің сыйлығын сайлап, дайындалып келгеніне таңғалдық…

(Оразкүл Асанғазы туралы кітаптан үзінді)

Жіберіп алмаңыз:

Назарбаевтың сирек кездесетін сағаттар коллекциясы (фото)

Дінмұхамед Қонаев 7-сынып оқып жүргенінде бір адамды ажалдан құтқарып қалған

Мұхтар Әуезов: Енді кездесе қалсақ, бір-бірімізді танымайтындай болайық…

Талқылау