Мүгедек қалпынан аяққа тұрған қыз тұрмысы төмен болса да қайырымдылықпен айналысуда

Бейсенбі, 27 Қазан , 2016 17:54

Халқымызда: «Қайырымдылық ісіңнен көрінеді», – деген сөз бар. Алайда бұл асыл қасиет екінің бірінің бойынан табыла бермейтінін мойындау керек.

muktazh

Десек те арамызда қолынан келгенше мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, қамқорлық жасауға асығып тұратын адамдар жоқ емес. Солардың бірі – шымкенттік Назгүл Тілеулесова, деп жазады Замана газеті.

Түлкібас ауданының тумасы мүгедек және мұқтаж жандарға қол ұшын беруді біраз жыл бұрын қолға алған екен. Ел ішінде азық-түліктен тар­шылық көріп отырған отбасылар, күн суықта жылы киім таппай бүрсеңдеген балалар, жанына батқан ауруын басатын дәрі-дәр­мек алуға шамасы жетпейтін жарымжан жандар көп екеніне көзі жеткенде бастаған ісінің ауқымы мен мүм­кіндігін ке­ңейтуді дұрыс деп тауыпты. Сөйтіп 2014 жылдың мамыр айында қайырымдылық қо­рын ашқан. Содан бері қиналған жанның жағдайын сұрап, мұқтаждың керегін тауып беру үшін бір сәт те тыным таппайтын Н.Едіге­қы­зымен сөйлесудің сәті түс­кен еді.

«Сексен сегіздің сәуірінде дүниеге кел­дім, – деді Назгүл. – Үш балам бар.  Бақуатты жандардың қатарынан емес­пін, жұрт қатарлы тіршілік етіп келе жатқан қарапайым жандардың бірімін. Тағдырдың маңдайыма жазылған түрлі тауқыметін бір кісідей тартқан жанмын. Біраз жыл бұрын жол апатына түсіп, ая­ғым тізе тұсынан 8 жерден сынды. Облыстық ауруханада ұзақ ем­делдім. Операция да жасалды. Дә­рігерлер жарақаттың жазылмайтынын айтып, мүгедектер арбасын серік ететінімді сез­дірді. Бі­рақ мен мұндай «үкімге» көне алмадым. Ем іздеп Алматы астым, Ташкентке бардым. Ізденген адам мұратына же­те­ді екен, бірте-бірте балдақпен жүруге жарадым. Кейін таяқты да тастап, қатарға қосылып кеттім. Өзіміз «сы­нақ» дейтін осы сәттерде бірі операцияға ақша таппай, екіншісі дәрі алуға да мүм­кіндігі болмай жылаған талай адамды көрдім. Екі табанымен топырақты тең басып, тәй-тәй жүруге жарамайтын туа-бітті сал ауруына ұшыраған жас балалардың күйін көргенде жаным сыздады. «Абдурахман» қайырымдылық қоры осы жан күйзе­лі­сінен туған шешімнің нәти­жесі.

komek

Тәуекел деп белді бекем буып, алға ұмтылған адамға Алла өзі жол көрсетеді екен. Бастапқыда бір жарым жыл өзім ғана жұмыс істедім. Қа­зір­гідей күн суықта жылы киім таппай жаураған бала­лар­ға киім әперсеңіз де көздерінде шексіз қуаныш пен алғыс аралас ризашылық тұрады ғой. Осы бір сәтті көрудің өзі қандай бақыт. Азық-ауқаттан таршылық көрген жандарға да қолдан келгенше көмек­тестім. Сөй­тіп жүріп асыраушысынан айырылған жандарды, жетім балаларды, қам­қор­шысы жоқ қарияларды көрдім. Оларға қайырылмай кету мүмкін емес. Сол себепті көмектің ауқымы мен штатты кеңейту керек болды».

«Абдурахман» қайырымдылық қо­рында қазір құжаттарды тіркеп, көмек көлемін анықтайтын 5 адам жұмыс істейді. Одан тысқары Қазақстанның әр қаласында 2-ден 20 адамға дейір волонтерлар бар. Қор төрт бағытта кө­мек көрсетеді: азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және операцияға қаржы қа­жет жағдайда. Әрбір өтініш  тіркеліп, мұқтаж адамның әлеу­мет­тік, медициналық құжаттары мұқият тексе­рі­леді. Со­сын мүмкіндік деңге­йіне байланыс­ты әрқайсысына қажетіне қарай (қаржылай кө­мек­тің жоғарғы шегі – бір мил­лион теңге) жәрдем көр­сетіледі.

Көмек сұраушылар көп екен

Осы жерде мынаны тү­сіндіре кетейік: қайырымдылық қорының «қалтасында» миллиондаған қаржы жоқ. Көмек мұқтаж жандарға тұ­рақты спонсорлар, басқа да қол ұшын созуға дайын жомарт жандардан жиналған қаражат есебінен беріледі. Кейде қор басшылығы тиісті мекемелерге хат жазып, жәр­дем көрсетуін сұрайды. Мәселен, өткен шілде айында орта жастағы бір әйел бау­ы­рына операция жасату үшін қаржы керек деп көмек сұраған. Тексере келе мұндай медициналық қызмет тегін жасалуы тиіс екенін анықтайды. Қор заңгері тиісті мекемеге осы жайында хат жолдап, мәселені бақылауына алғаннан кейін әйел тегін операция жасатуға мүмкіндік алған.

Қор мүшелері қайырымдылық кон­церттерін де ұйымдастырады. Қазан айының басында Шымкентте әнші Қанат Үмбетовтің қайырымдылық концерті өтті. Одан түскен қаржы шұғыл операцияны қажет ететін үш бүл­дір­шіннің шотына аудары­лып­ты. Жал­пы, бүгінге дейін «Жігіттер» квар­теті, Заттыбек Көпбосынұлымен де бірлесе қайырымдылық концерт өт­кіз­гені мәлім. Яғни «Абдурахман» қайырымдылық қоры мұқтаж және мүгедек жандарға түрлі шараларды ұйымдастыру арқылы жәрдем көрсетеді.

«Көмек сұрап келушілер өте көп. Операцияға деп ақ­ша сұрайтындардың көпшілігі туа-бітті сал ауруына ұшыраған жас балалар. Эпилепсия ұстамасының жиілігі салдарынан жүрегіне күш түскен сәбилер. Асыраушысынан айырылған көп балалы аналар. Қараусыз қалған қарт адамдар. Мүм­кіндігімізге қарай айы­на 30 шақты адамға көмек­тесіп жатырмыз.

Мысалы, бір келіншек 8 ай­лық қызының жайын айтып жылап келді. Тоқ ішектің дә­ретті сыртқа шығаратын тесігі жоқ, бітеу туылған екен. Оған операция жасамаса өміріне қауіп төніп тұр. Қызылордада өкпе қуысында ауа бар 11 жасар бала көмек сұрап тұрады. Ол жыл аралатып Алматыда операция жасатады екен. Соңғы хабар­лас­қанында: «Операция тегін ғой, бірақ Алматыға барып-қайтатын ақша жоқ, көмек­тесі­ңіз­дерші», – деді. Көрдіңіз бе, ел ішінде күн­­делікті ішіп-жейтін тамағы жоқ, ке­зе­­гі ке­ліп тұрған тегін операцияға ба­ру­ға жолақысы жоқ жандар жетерлік. Біз бәріне де кө­мектескіміз ке­леді. Сондықтан шамасы жеткенше, тіпті бір рет болса да  көмектесуге әзір жандардың да бізбен байланыс­қа шықса жақсы болар еді», – дейді Едігеқызы.

«Абдурахман» қайырымдылық қорына 8-702-146-48-82 телефоны арқылы хабарласуға болады. Ал мұқтаж жандарға қол ұшын созғыңыз келсе, қаржыны 8-771-156-26-80 киви-кошелекке аудара аласыздар.

Жіберіп алмаңыз:

Қыздың жарқыраған аяғы туралы желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды (фото)

Жақындарынан айырылған мүгедек жігіт шұлықтан төсеніш тоқып өзін алдандырады (фото)

Шариғатта қандай жағдайда өтірік айтуға рұқсат етіледі

Сіз елемейтін сүт безі қатерлі ісігінің 11 белгісі

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

1
Комментариев

Пікір қалдыру


Анонимно
7 күні 2 сағат кері

Аллахым колдасын сиздии каирымды Жан

wpDiscuz
Орташа айырбас бағамы
09.12.16
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар