Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мырзатай Жолдасбеков: Жерді сатуға да, жалға беруге де қарсы емеспін

Мемлекет және қоғам қайраткері, академик Мырзатай Жолдасбеков жерді аукцион арқылы сатса, қазақтың шұрайлы жерлері қалталы азаматтардың қанжығасында кетеді деп алаңдайды. Оның ойынша, алдымен ауылдағы қарапайым қазақтың қамын ойлау қажет.

IMG_3613

Сурет: www.akjolgazet.kz 

Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Ал жер дауына келгенде, халықтың төзімділігін сынауға болмайды. «Қазақ түгел атқа қонса, ешкімді тыңдамайды. Ол не аттан өлтіріп түседі, болмаса, өзі өліп түседі», – дейді. Ел ағасы жерді сату мен жалға беруге қатысты өз ойымен бөлісіп, бүгінгі жер реформасы бойынша құрылған Қоғамдық комиссияның жұмысы жайында айтып берді.

Мырзатай Жолдасбеков «Жер туралы» кодекске енгізілген жаңа нормаларға қатысты пікірін білдірді.

– “Осы біздің бір кемшілігіміз – қабылданған заңды оқымаймыз. Ал заң қабылданғанға дейін оның жобасы кеңінен талқыланады. Оны қабылдаған соң, жүзеге асыруға кіріседі. Бұл – күнделікті тәжірибе. «Жер туралы» кодекстің өзі 2003 жылы қабылданған ғой. Сол кезде талай шарттар белгіленді. Ол уақыттан бері ешкім қыңқ еткен жоқ қой. Ешкім ештеңе айтқан да жоқ, қарсылық білдірген де жоқ. Уақыт өте келе, заман ағымына сай оған бірқатар өзгерістер енгізілді. Халық болғаннан кейін әртүрлі пікір болады ғой. Жерді жалға беру мерзімін ұзарту және сату мәселесіне келгенде ел әбіржіді. Шынын айтқанда, қазақтың өзі жерден басқа ештеңесі жоқ қой. Бағзы замандардан қазақ осы байтақ Ұлы Даланы қан кешіп жүріп, жанын қиып тұрып, қорғап қалған жоқ па? Небір боздақтар кетті осы жолда, небір ұлы батырлар кетті, небір ұлы хандар тікті басын…Осы жер үшін… Жер үшін ел үшін деген сөз. Егер мына жерден айырылса, қазақ оны елден айырылдым деп біледі. Қазақта бағзы замандардан келе жатқан даулар бар. Оның бірі – жер дауы. Одан кейін жесір дауы, сонсоң құн дауы, одан кейін ар-намыс дауы. Бұның барлығы қазақ үшін бұлжымайтын заңдар болған. Оны билер жүргізген”, – дейді Жолдасбеков.

Ел ағасы кодекстің жаңа нормалары жер дауына себеп болғанына, әсіресе, жерді сату бастамасы елдің наразылығын тудырғанына байланысты ойын айтты.

– “Мен өзім таң қаламын, кейбіреулер қазақта жер жеке меншікте болмаған деп сөйлейді. Қазақтың осы ұлы байтақ даласында жеке меншік емес жер болмаған. Бәрі жеке меншік болған. Ол пәленнің жері, түленнің жері деп кете берген. Басқаны айтпай-ақ қояйын, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында даудың бәрі неден басталады? Жерге байланысты ғой. Күздеуге байланысты, қыстауға байланысты, жайлауға байланысты. Сонда таңқалатыным, ешкім шекараны сызып бермеген. Әркім өз жерінің бұтасына дейін білген. Осындай құдірет бар қазақта. Оны шырт ұйқыда жатқанда оятса, өзінің жерін тауып отырған. Қазақтың өзі түгіл, оның малы да өз жерін біледі (күлді).Сондықтан жеке меншік болмады деген сөз дұрыс емес. Ал, енді қазір жаңа заман келді. Біз әлемдік қауымдастықтың мүшесі болдық. Демек, бүкіл адамзат жүретін жолмен жүруіміз керек”, -дейді ол.

Қоғам қайраткрінің халықтың шетелдіктер заңды айналып, жерді жеке меншікке сатып алады деп үрейленіп кетті, қытайлықтар келіп, жерімізді басып алады дейтіндерге де айтары бар.

– “Иә, «жерді сату» дейтін сөз – ауыр сөз. Кейбіреулер оны «жерді сату ол – анасын сату», «жерді жалға беру анасын жалға берумен бірдей» деп асыра сілтеп жатады. Халықтың жүйкесін тоздырмау қажет. Халықтың санасымен ойнамау керек. Мен өзім көп жылдан бері жазып келе жатырмын, қазақтың төзімін көп сынамау қажет. Қазақ – төзімді халық. Бәріне шыдайды. Осы төрт аяқты түйе шыдамды болса, екі аяқты осы қазақ төзімді. Ооооу, ай далада, қу мекенде бір жалғыз үй отырады. Қайтіп күн көріп жатқанын білмейсің. Соған келіп, үйіне кірсең, «Төрге шығыңыз, төрге шығыңыз», – деп, көрпесін төсеп, жаны қалмайды. Бірден самауырын ала жүгіреді. Шай қояды. «Қалдарыңыз қалай?», – деп сұрасаң, «Қалымыз жақсы», – деп жауап береді. Сонда түгі жоқ… Міне, қазақтың пейілі. Ал қазақтың төзімін көп сынауға болмайды. Қазақ жер сияқты, жер көп қозғала бермейді ғой, бір қозғалса, қатты қозғалады. Қазақ та бір қозғалса, қатты қозғалады. Қазақ түгел атқа қонатын болса, ешкімді тыңдамайды. Ол не аттан өлтіріп түседі, болмаса, өзі өліп түседі. Оған дейін апаруға болмайды. Сондықтан қазір жер-жерде босқа айқай шығармау қажет. Біздің бағзы замандардан келе жатқан ата дәстүріміз – мәміле”, – дейді академик.

Осы орайда жер реформасы бойынша құрылған Қоғамдық комиссия мүшелері бір мәмілеге келе алады деп ойлайсыз ба деген сұраққа:

– “Мен өзім сол комиссияның мүшесімін. Әнеукүні кейбір жастар әліне қарамай: «Мен халықтың атынан сөйлеп тұрмын»,- деп сөйлейді. Сонда мен не бітіріп отырмын ол жерде? Кеше біз Тәуелсіздік алдындағы аумалы-төкпелі заманда не боламыз деп, қорғасындай балқып, бірде олай, бірдей былай ауып-төгіліп тұрған кезде олар қайда болды? Сосын Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оны баянды ету, елді қалпына келтіру, мемлекетті аяғынан тік тұрғызу оңай болған жоқ. Мәселен, сол кезде қазақтың түгелі саясиланып кете жаздады. Шаруаның бәрін жиып тастады. Ауылдағы мал далада қалды. Бәрі саясат қуып кетті. Оның арты жаман болатын еді. Содан көптеген шаралар қолға алынды. Құдайға тәуба, Президент Тәуелсіздік алған жылдан бастап қазақтың желбіреп тұрған көк Туының тұғыры етіп елдің бірлігін алды, ынтамағын алды. Осыдан айнымау қажет. Елден тыныштық кетсе, бәрі кетеді. Сенің демократияң да быт-шыт болады, сенің Тәуелсіздігің де быт-шыт болады. Оны біз төңіректен көріп отырмыз. Қазір неше түрлі іргесі шайқалмаған мемлекеттердің быт-шыты шықты. Біздің кешегі ертегіміз болған Бағдаттың басынан бақ тайды. Бүкіл араб елі босқын болып кетті. Олай болады деп кім ойлады? Сондықтан ауызға да абай болуымыз қажет”, – деп жауап қатты.

Қоғам қайраткері жерді аукцион арқылы сату бастамасына қалай қарайтынын айтып өтті.

– “Мен өз басым қарсы емесмін. Жерді беру керек, жалға да беру керек, сату да қажет. Бірақ бұл жердің иесі алдымен қазақ деу керек. Сондықтан жерді бөлгенде де, сатқанда да, қазақтың құқығы жоғары болуы тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, жарайды, сатылсын. Менің уайымым, бізде билікте отырған кейбіреулер ештеңеден қорықпайды. Анау жерді жалға беріп, сатқан кезде оның тәуірлері кімнің қолында кетеді? Сол билікте отырғандардың қолында кетеді. Жерді өз атына алмаса да, жақынның, анаусының-мынаусының атына жазатын болады. Ол қай жерді алады? Ол сулы жерді алады, шұрайлы жерді алады, жарық келіп тұрған жерді алады, ол даңғыл жол барып тұрған жерді алады. Ал ауылда отырған қарапайым халыққа не тиеді? Оооу, қу мекен дала тиеді. Оған ол суды қалай апарады? Жарықты қалай жалғайды? Жолды қайтіп тартады? Мен осыны талап етемін. Біз осыны ескеруіміз керек. Жаңа айттым ғой, бізде елді ашындыратын жағдайлар аз емес. Осы қазақ өліп-талып оқиды, жанын салып, білім алады. Көргені бейнет, солай жүріп, пәленбай жасқа келгенде пәтерге қол жеткізеді. Денсаулығынан айырылады. Жас семья ырың-жырың болады. Одан қазақ қалай көбейеді? Сондықтан біз мемлекеттің басына, билікке мемлекетшіл адамдарды әкелуіміз керек. Қазақтың жанын түсінетін, қазақты жанындай сүйетін, халқы үшін жан алып, жан беретін адамдар келуі керек. Әйтпесе, халықтың көкейінен кірбің кетпейді”, – дейді ол.

 
“Менің ойымша, «асыққан – сайтанның ісі» дейді ғой, осы жарты жылдың ішінде біз бір мәмілеге келеміз. Мен өзім билікті халықтың жауы деп ойламаймын. Ешкім өз халқына жау бола алмайды. Әркім өзінің білгенінше,сөйледі, өзінің білгенінше іс қылады. Біз асықпай, жан-жақты талқылаумыз қажет. «Сабырлық түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» Ал елге тоқтам айту, мәселені ақылмен шешу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ең бірінші, сабырлық керек. Мен осы сабырлыққа, бірлікке шақырамын”, – деп ойын түйіндеді.

Жіберіп алмаңыз:

Қазақстан зиялылары жердің шетелдіктерге жалға берілуін қолдады

Мұхтар Шаханов Жер кодексін қайта қарайтын комиссияның мүшесі болды

Қоғам белсендісі Жер туралы комиссияның қызметі көңілден шықпайтынын айтты

Талқылау