Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Германия құрамасымен өтіп жатқан дайындығы жайлы айтты

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Талғардағы бүкіләлемдік бокс академиясында Германия құрамасымен бірге өткізіліп жатқан жаттығулар барысы туралы сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz тілшісі хабарлайды.

3E0A6171

Рио-де-Жанейро олимпиадасына баратын әзірге төрт боксшымыз бар: Олар 49 келіге дейін Біржан Жақыпов, 60 келіге дейін Берік Әбдірахманов, 69 келіге дейін Данияр Елеусінов және 91 келі салмақта Василий Левит. 3E0A6132

Ал қалған алты салмақ бойынша үміткер боксшылар мыналар : 52 келіде Ілияс Сүлейменов, Олжас Сәттібаев; 56 келіде Қайрат Ералиев, Мейірболат Тоиытов; 64 келідегі Абылайхан Жүсіпов, Алмасбек Әлібеков; 75 келідегі Жәнібек Әлімханұлы, Әбілхан Аманқұлов; 81 келіде Әділбек Ниязымбетов, Әли Ахметов; 91 келіден жоғары салмақта Иван Дычко, Қамшыбек Қоңқабаевтар жолдамаға таласпақ.

«Бірнеше күннен бері Германия құрамасымен бірге дайындалып жатырмыз. Бұл жекпе-жектердің екі командаға да пайдасы зор. Үнемі өзіміздің жігіттер бір-бірімен бокстаса бергеннен гөрі, өзге елдің боксшыларымен де тәжірибе алмасқан дұрыс. Олардың боксшылары мығым, физикалық тұрғыдан күшті екен. Бірақ, техника, тактика, шеберлік тұрғысынан бізден төмен», – дейді Мырзағали Құланұлы.3E0A6041

Бас бапкер жас боксшылардың көптеп шығып келе жатқаны себепті, құрамада бәсекелестік те өршіп тұрғанын жасырмады. Сондықтан да, олимпиадаға санаулы ай ғана қалғанына қарамастан, дөп басып мынау барады деп айту қиын.

«Ең даулы болып тұрған салмақ – 81 келіде. Бұл салмақта олимпиадаға кім баратыны әлі белгісіз болып тұр. Екі үміткер, Ниязымбетов пен Ахметовтың қайсысы баратыны жақын арада белгілі болады. Ал, жалпы әр салмақта қосымша жігіттер бар. Өйткені, негізгі боксшы жолдама ала алмаса немесе жарақат алып қалса оның орынын басу қажет», – дейді бас бапкер.

75 келіде 2013 жылы әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлының да Риоға бару-бармауы соңғы уақыттарда шешілмек. Жәнібек те, Әділбек те Қарағандыдағы Жарылғапов турнирінде сәтсіз өнер көрсетіп, қарсыластарына жол беріп қойған еді.

52 келіде ел намысын қорғап жүрген Ілияс Сүлейменов пен Олжас Сәттібаев арасындағы «дау» шаршы алаң шеңберінен шығып та кеткен болатын. Алайда, Ілияс өз-өзіне сенімді. Олжастың алдында да, басқа сайыстарда да мықтылығымды дәлелдеуге әркез дайынмын дейді.3E0A6070

«Әлем чемпионатында Олжасқа мүмкіндік берілді. Ол жолдама ала алмады. Енді келесі мүмкіндікті маған береді деп ойлаймын. Екеуміз Жарылғапов турнирінде кездесіп, төрешілердің шешімімен мен жеңдім. Бірақ, ол кезде мен жеңіске таза жеттім деп ойлаймын. Қазір де спарринг ұйымдастыратын болса, мен шығуға дайынмын», – дейді Ілияс Сүлейменов.

64 келіде өнер көрсететін, жасөспірімдер жарыстарынан ересектер арасына ауысқанына көп бола қоймаған Абылайхан да Қытайда өтетін жолдама беретін турнирге қатысуға дайын.6edf5a509ea295b1e5036e61350a8ecf (1)

«Қарағанды федерациясының арқасында Мырзағали аға құрамаға алды. Жігіттермен бірге жаттыға бастадым. Сосын бірді-екілі жарыста мені сынап көргеннен кейін, ұлттық құрама қатарына алды. Бір жылдай уақыт болды, ересектер қатарында жаттығып, жарысқа шығуға да бой үйрете бастадым», – дейді Абылайхан.

Бұл салмақта Лондон олимпиадасында Данияр Елеусінов жарыс жолына шыққан. Кейін Данияр «өзіміздің салмақ 69 келіге» ауысқаннан кейін, 64-ке таласушылар көбейген. Қазір Абылаймен қатар Алмасбек Әлібеков те осы салмақта өнер көрсетіп жүр. Ал бас бапкер Мырзағали Айтжанов, осы олимпиададан соң ұлттық құрамада елеулі өзгерістер орын алатынын айтты. 3E0A6131

«Бізде жастарда жақсы өсіп келе жатыр. Өткен жолы Венгриядағы жарыста жастардың жақсы жетіліп келе жатқанын байқадық. Осы олимпиададан соң ұлттық құрамада біраз өзгерістер болады. Абылайханға келетін болсақ, өзін жақсы көрсетіп келе жатыр. Қай жағынан да мықты. Бірақ, әлі жас. Егер, алда жолдама иеленіп жатса олимпиадаға дейін дайындалып үлгеруге уақыты бар», – дейді Мырзағали Айтжанов.

60 келіде сынға түсетін Берік Әбдірахманов, Риоға берілер жолдаманы APB жобасы арқылы иеленді. Жасы 29-ға келген Беріктің алдағы Олимпиада өзін көрсетіп, жүлдеге таласатын бірден-бір мүмкіндігі. Бұл салмақта төрт жыл бұрын Ғани Жайлауов Лондонға барып, жүлдеге іліне алмаған болатын. Бүкіләлемдік бокс академиясының жаттығу залында Берік те шүмектеп тер төгіп жаттығып жатыр. Жолдама қалтада болғанымен, тыныштық жоқ. Жақында өзге үш жолдама иеленген жігіттермен бірге Финляндияда өтетін сайысқа аттанбақ. 3E0A6113

«Негізі үйде көп демалмаймыз. Әрі кетсе бір апта ғана. Қалған уақыттың барлығын екінші отбасымызбен бірге өткіземіз», – деген Берік, өз салмағында кімдерден қауіп көп екендігін де айтып берді. Оның айтуынша, 60 келіде Риода аттан салуы мүмкін бірден-бір спортшылар әзербайжандық Альберт Селимов пен бразилиялық Консейсао екен. Алаң иесі болғандықтан әсіресе, бразилиялық боксшы қарсылас атана қалатын болса, тіпті мұқият бокстасуға тура келмек.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов неміс боксшыларымен жолдастық жекпе-жектер барысында біздің боксшылардың өздерін жақсы көрсете алғанын жеткізді. Тіпті, 91 келіде сынға түсетін Эрик Пфайфер жарақат та алып қалыпты. Ол осыған дейін екі кездесуде де Иван Дычкодан айласын асыра алмаған еді.

«Германияда боксқа деген мотивация, ынта-ықылас Қазақстандағыдай емес. Яғни, балалар арасында, жастар арасында спорттың бұл түріне деген қызығушылық анау айтқандай күшті болмай тұр. Сол себепті құрамада тек немістер ғана емес, өзге ұлт өкілдері көп», – дейді Германия құрамасының бас бапкері Кеппел. 3E0A6184

Бокстан ұлттық құрама соңғы жаттығу жиындарын Астана қаласында өткізеді. Содан соң наурыз-сәуір айларында Қытайда, Бразилияда, Финляндияда өтетін халықаралық жарыстарға қатысады. Әлемдік сындар біткен соң, бас бапкер Рио-де-Жанейро олимпиадасында кімдердің намысымызды қорғайтынын жарияламақ.

Талқылау