Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Музыкалық арнаның бас продюсері Кәмшаттың клипі жайында: Эстетикалық, өте сапалы дүние

Соңғы кездері көгілдір жәшіктен менталитетімізге сай келмейтін дүниелерді көріп жүрміз. Тәнін жалаңаштап, әріптесімен сүйісіп-аймаласқан әншілер экранды “жаулап алды” десек, артық айтқандық емес. Ал бұған жол беріп отырған телеарна басшылары не дейді? Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі “Гәкку” арнасының бас продюсері Тимур Балымбетовпен сұхбаттасқан еді.

Тимур Балымбетов

Тимур Балымбетов. Фото продюсердің жеке мұрағатынан

– Тыңдармандар арасында “Гәкку” арнасы q-pop бағытындағы немесе заманауи стильдегі әндерді ғана жарыққа шығарады, ал қазақи әншілерді “Той думан” арнасына жібереді деген пікір қалыптасып қалған. Мәселен, кей тыңдармандар Ерке Есмаханның соңғы әнбаянын “Той думанға” жіберу керектігін айтады. Бейнебаяндарды қалай бөлесіздер? Көрерменде осындай ойдың қалыптасуына не түрткі?

– Әр арнаның өзінің форматы бар. Сіз қазақи әншілер деп отырсыз. Егер де олар “Гәкку”-дің форматына сай, замануи ән шығаратын болса, біз қуана аламыз. Мысалы үшін, Қайрат Нұртас екі арнада да бар. Мынау жастарға арналған, ал мынау үлкен кісілерге арналған бейнебаян деп Қайраттың өзі таңдайды. Оның тыңдарманы көп. Ішінде үлкен кісілер де, жасөспірімдер де бар. Біз бейнебаянды қарастырып, келісіп бөлеміз. Айқын да екі форматта жұмыс істейді. Ол әннің, клиптің форматына байланысты, оны бөлетін біз емес. Бірақ “Гәкку” – заманауи музыка арнасы деп дұрыс айттыңыз. Біз 5 жыл бойы көрерменімізді тәрбиелеп, бір стильге үйретіп, кейін ол стильге сәйкес келмейтін бейнебаяндарды алатын болсақ, онда оларды да өкпелетіп аламыз. Сондықтан бізге екі арнада да форматты ұстау керек. Ал “Той думан” арнасынан сіз ешқашан Q-pop-ты көрмейсіз.

– Осы жерде елдің талқысына түсіп, сынға ұшыраған Кәмшат Жолдыбаева мен Нұрболат Абдуллиннің бейнебаянына қатысты сұрағым келіп отыр. Телеарнаға, эфирге осындай анайы сахналары бар клиптерді шығарған қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз?

– Мен ол клиптердің ішінде “масқара” нәрсе бар деп ойламаймын. Өйткені біздің негізгі арналарымызда болатын көптеген фильмдер мен бағдарламалар бар. Бұдан асып кеткен сахналар да көрсетілуде. Бірақ оларды байқамайсыздар, өйткені олар қазақ емес.

Музыкалық арнаның бас продюсері Кәмшаттың клипі жайында: Эстетикалық, өте сапалы дүние

Апалы-сіңлілі Жолдыбаевалар Тимур Балымбетовпен бірге. Фото продюсердің жеке мұрағатынан

– Халықтың шамына тиетіні де екеуінің қазақ болғаны емес пе?

– Мен неге сынайтынын білмеймін. Маған ұнайды. Эстетикамен жасалған, өте әдемі, өте сапалы дүние. Кәмшаттың клипі өте сапалы.

– Мейрамбек Бесбаев бір сұхбатында “Гәкку” арнасына ренішін білдірген болатын. Кезінде қазақи әншілерді шақырды, бізді алдады, қазір бағыты өзгеріп кетті деп ашуланды. Расында “Гәкку”, “Той думан” арналарынан “Музарт” тобының немесе Мейрамбек Бесбаевтың клипін көрмейміз. Әлде ол кісілер бейнебаяндарын ұсынбай ма? Жалпы “Музарт” тобымен жұмыс істейсіздер ме?

– Әрине, істейміз. Егер бейнебаян түсіріп, бізге алып келетін болса және біздің форматқа сай болса, неге шығармасқа?! Ал ол Мейрамбектің жеке пікірі. Әркімнің өз пікірі бар және ол айтылуы керек. Тек қана біздің айтқанымыз болса, ол дұрыс емес. Диктатура болып кетеді.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назгүл Әбушәріпқызы

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 

Талқылау