Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұратхан Тоқмадидің қылмыс әлеміндегі беделі жайында тың ақпарат шықты

Танымал бизнесменнің ел білмейтін қырлары анықталды. Ірі көлемде ақша бопсалады деген айыппен қамауға алынған Мұратхан Тоқмәдидің қылмыс әлеміндегі беделі жайлы жаңа деректер мәлім болып жатыр,-деп жазды КТК арнасы.

тоқмәди

Тергеушілер Тоқмәдидің үйінен бірнеше қару-жарақ пен оқ-дәрі сейфін тапқан. Тіпті, 90-шы жылдары жасаған әрекеттерінен бөлек, шыны зауытын кімнен тартып алғаны да белгілі болды.

Отбасының тірегі, қамқоршысы туралы әндетіп отырғандар – Мұратхан Тоқмәдидің қыздары. «Қамқоршысы» деген сөз тура мағығасында айтылғандай.

Тоқмәдидің үйінде балалар төсегінің астынан мылтық табылған. Ал оқ-дәрі толы сейф үйдің жертөлесінде тұр. Суық қарудың тағы бірі – тапанша терезенің түбіне жасырылыпты.

Қару-жарақ белгілі бизнесменнің әпкесінің үйінен де шықты. Туысының айтуынша, «Макаров» және «ТТ» маркалы тапаншаларды тағы бір ағайыны Бекен Иманқалиев әкеп берген. Ал оны жұмсаған Мұратханның өзі екен. Қару тасыған қызметі үшін Бекен темір тордың арғы жағын көріп те қайтыпты.

Бүгінде ағасымен ат құйрығын кесіскен Бекен Мұратханның 90-шы жылдары қалай көтерілгенін былай еске алады.

«Оның криминалдық өмірі сол жылдары басталды. Рэкетир болды. Қаладағы қылмыстық топтардың арасында оның есімі сондай танымал еді. Біреулердің ақшасын, біреулердің пәтерін тартып алды, мейрамханаларға «крыша» болды. Сондай жолмен байыды»,-дейді Бекен Иманқалиев.

Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, 2004 жылы саятшылық кезінде онымен бірге болған белгілі банкир Ержан Тәтішев қаза тапқан. Соңғы уақыттары дауға айналған шыны зауытында да Тоқмәдидің есімі таза емес.

Өндіріс ошағын бірлесіп ашып, миллиондаған ақшасын жұмсаған Сергей Непропекин ақыр соңында өз үлесін бір тиынсыз Тоқмәдидің атына жазып беруге келісіпті.

«Басқа амалым қалмады. Маған айтқаны, «сенімен сөйлескім келмейді, отбасыңызды, балаларыңызды ойлаңыз» деді. Бұл нағыз сатқындық еді. Оның ісін бұзақылық, рэкетирлік әрекет деуге болады. Ол тек адамды қорқытып, қажет болса қинап барып өзіне керегін алатын»,-дейді Сергей Непропекин

Ауылдан шыққан қарапайым азамат қалайша еліміздегі ең бай адамдардың тізіміне енді? Бұл шын мәнінде көпті ойландыратын сұрақ. Тіпті, құны миллион доллардан асып жығылатын пәтерде тұрып жатқан Тоқмәдиге екінші құжат не үшін қажет болды? Егер ол қылмыстық топ жетекшісі болса, тайраңдап жүруіне көмектескен кім? Тергеушілер осы сауалдардың жауабын табуға тырысып жатыр.

 

 

Талқылау