Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұрат Әбенов шеруге ІІ Николайдың суретін алып шыққан жерлестерімізді сынады

Елімізде Жеңістің 71 жылдығына арналған іс-шаралар ішінде «Өлмес полк» акциясы ұйымдастырылды. Шеруге ІІ Николайдың суретін алып шыққан жерлестеріміз сынға ұшырады.

57318cb577196photo_184146

Бұл туралы qamshy.kz хабарлайды.

Елордамыз Астанадан бастап, көптеген қалаларда осы акция өткізілді. Қазақстан да Ұлы Отан соғысынан шет қалмады, 1,3 миллион адам майданға аттанды, тең жарымы соғыста қаза тапты. Қазақтар мен қазақстандықтар ол соғыста ерекше ерлік үлгісін көрсетті.

Ал күні кеше ел аумағында өткен «Бессмертный полк» акциясынан қазақ халқының жеңіс жолындағы төккен қаны мен тері туралы айтқан жанды көре алмадық.

Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері, бұрынғы мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те өз пікірін білдіріп, аталған акцияға қатысты ел басшылығының ұстанымдарын сынға алды.

“Ресейден басқарылатын, еліміздің қалаларында өткен “Мәңгілік Данқ” шеруінде қазақ халқының батырлары, тарихи жеңістері жайлы ақпарат байқамадым. Әрине, олардың сценарийінде ол жоқ. Бізден басқа біздің Данқ кімге керек? Бізді насихаттап беріңіз деп шетел идеологтарына айтпаймыз ғой.

Бірақ жастарымыз мұндай шеруді көріп не ойлайды? Шеруге шыққандардың қолдарында бір қалыппен жасаған суреттер, олардың арасында Сталиннің, ІІ Николайдың суреттері жүр. Қызыл жалау, Георгий лентасын таратып , автокөліктерді танкіге ұқсатып бояған. Арасында форма киген казактар да бар. Қолдарында ойыншық болса да карулары жүр. Оларға кім рұқсат берді? Бұл бейбіт митинг-шеру болса, неге қару ұстайды? Құқық қорғау органдары қайда жүр?”, – деген Мұрат Әбенов шара ұйымдастырушыларының шалағайлығына назар аудартады.

Саясаткер «бейбіт шеру» деген атпен ұйымдастырылып жүрген мұндай акциялардың қазақ халқының, тұтастай Қазақстанның мемлекеттілік тарихына көлеңке түсіретінін айтып отыр.

“Біз жауынгер халықпыз деп мақтанамыз, батырларымыз көп деп айтамыз, бірақ Жеңіс күні біздің ондай тарихымыздан көрініс қайда? Кішкентай сәбилерімізге дейін “совет әскері” формасын киіп алған. Елін қорғайтын адамның образын солай қалыптастырған дұрыс па? Өзім болсам соңғы жылдары 9 мамырды мерекелік күн емес, соғыстың құрбандарын еске алу деп қабылдаймын. Уақыт өте Кеңес үкіметінен мұра болып қалған “мерекелік сценарийлер” көңілге қона қоймайтының байқаймын. Әсіресе қаруларын шылдыратып, мыңдаған әскермен көршілерді қорқытып парад өткізу – төбелеске тоймағандардың ісі сияқты”, – дейді ол.

Талқылау