Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мумияны шариғат талабы бойынша жерлеген Қырғызстан министрі қызметінен айырылды

Мемлекеттік музейдегі мумияны жерлеуге қатысты шешім қабылдаған Қырғызстан мәдениет министрі Түгелбай Қазақов қызметінен босатылды. Бұл туралы Қырғызстан президенті аппаратының ақпараттық саясат бөліміне сілтей отырып 24.kg хабарлайды.

Жарлыққа мемлекет басшысы Алмазбек Атамбаев қол қойған.

20 қазанда республиканың археолог ғалымдары экспозициядан алып тасталып, жерленген мумияның тарихи музейге қайтарылуын талап еткені хабарланған еді. Археологтар ведомствоның әрекетін вандализм ретінде бағалап, мемлекет президентінің атына хат жолдаған.

Тарихи музейдегі мумияны мәдениет министрінің шешімі бойынша 14 қазанда Баткен облысында жерлеген. Ал ведомстводағылар қажетті құралдардың жоқтығынан ғалымдардың мумияны зерттей алмағанын және мұражай жәдігерінің нашар күйде болғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар Қазақов этикалық сипаттағы себептерді де атады.

«Біз – мұсылман халықпыз. Шариғат бойынша қайтыс болған адамды ұзақ ұстауға болмайды. Мумияны жерлеу керек», – дейді ол.

Ал Қырғызстан республикасы Ғылым академиясының Тарих және мәдени мұра институтындағы археология бөлімінің меңгерушісі Қадиша Ташбаева мумияны жерлеу жөніндегі шешім дін қызметкерлерінің қысымымен қабылданғанын мәлімдеген.

Белгісіз әйелдің мумиясын 1956 жылы Қырғыз КСР-ның Баткен облысынан ленинградтық археологтар тапқан. Ол біздің заманымызға дейінгі ІV-V ғасырлардағы Қара-Бұлақ мәдениетіне тиесілі. Табылған мумия Бішкек тарихи музейіне табысталған.

Талқылау