Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхтар Шаханов Жер кодексін қайта қарайтын комиссияның мүшесі болды

Елімізде үлкен дау тудырған Жер кодексін үкімет ақыры қайта қарауға кірісті. Шулы құжатты терең зерделеу үшін Жер реформасы жөніндегі республикалық комиссия құрылды деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

69653

Сурет: www.qazaquni.kz 

Оған бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев жетекшілік етеді деп хабарлайды арнасы.

Үкіметтік комиссияға әр аймақтан 75 адам кірген. Оның құрамында жауапты шенеуніктер, саяси партия жетекшілері, шаруалар, ғалымдар, оппозиция мен қоғам белсенділері бар. Алғашқы отырыс алдағы сенбіге, яғни 14-ші мамырда өтпек.

Айта кетсек, жерді аукцион арқылы сату мен шетелдіктерге 25 жылға жалға беруге қарсылық танытқан халық бірнеше қалада наразылыққа шыққан болатын. Жағдай ушыға бастаған соң президент Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіне бір жылға мораторий жариялаған еді. Бұл даудан кейін реформаны жұртқа дұрыс түсіндіре алмаған Ұлттық экономика мен Ауыл шаруашылығы министрлері отставкаға кетті. Енді даулы құжат қайта қаралып, сату мен жалға беру жайы түпкілікті шешілуі тиіс.

“Комиссия бiздiң азаматтарымыздың пiкiрталастарының барысы туралы барынша шынайы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ашық түрде алуы үшiн жұмыс iстейді. Бұдан бөлек, арнайы Jerturaly.kz порталы iске қосылып отыр. Порталда комиссияның жұмысы туралы барлық ақпарат жарияланады. Бұл сайтта адамдар көкейтестi сұрақтарын қойып, өз ұсыныстарын қалдыра алады. Қосымша арнайы Call-center жұмыс істейді”, – дейді  премьер-министрдің орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

Жер туралы комиссияның құрамына кіргендер қатарында танымал саясаттанушы Айдос Сарым, ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов, Болатхан Тайжан қорының президенті Мұхтар Тайжан, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай, ақын Жүрсін Ерман, “Болашақ” қозғалысының жетекшісі Дәурен Бабамұратов, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, мәжіліс депутаты Владислав Косарев, танымал экономист Олжас Құдайбергенов, Атыраудағы жер туралы митингті ұйымдастырушылардың бірі Макс Боқаев сынды азаматтар бар.

Талқылау