Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхтар Қалдаяқов: Әкем халықтың үздік сазгері деп ешкімнің ала жібін аттамадым

Қазақ вальсінің королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың күллі қазақ ұлты мақтан тұтар екі ұлы бар. Мұхтар Қалдаяқовтың Абай атындағы ГАТОБ-та дирижер қызметін атқарып жүргеніне биыл 23 жыл.

Осы уақытқа дейін ол әлемнің үздік қойылымдарына дирижерлік етіп, әкесінің алдындағы парызын ұмытқан емес. Сұхбатымызда Мұхтар Қалдаяқов әкесі жайлы естеліктермен бөлісіп, сазгердің құрметіне қойылған қойылымдарға қатысты пікірін білдіріп, өз жұмысының ерекшеліктерін айтып берді

Сіз әкеңіз жайлы түсірілген фильмдерді, қойылған спектакльдерді ұната бермейтініңізді айтқан едіңіз. Өзіңіз Шәмші Қалдаяқовтың өмірі жайлы мюзикл қоятныңызды мәлімдедіңіз. Мюзиклдің басты ерекшелігіне тоқталып өтсеңіз

Әкем туралы туындылардың барлығы мен үшін қарапайым жобалар. Менің оларға еш қатысым жоқ. Ш.Қалдаяқов жайлы фильм түсірерде немесе қойылым қоярда ешкім менімен ақылдасқан жоқ, кеңесімді сұрамады. Ал мен әкемді жақсы білемін. Жақсы, олар Ш.Қалдаяқов жайлы өнім дайындарда ол жайында жазылған мақалаларды, кітаптарды оқып, замандастарының естеліктерімен танысып шықты дерлік. Бірақ бұл ақпарат фильм түсіруге жеткіліксіз ғой. Әкем жайлы кинотуындыны жарыққа шығару үшін оның өміріндегі оқиғаларды жинап, қандай құндылықтарды ұстанғанын, қандай мақсат қойып, нәтижеге жеткенін анықтау керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, балалық шағы, ересек кезеңі түсінікті түрде түсірілуі тиіс.

Қазақстандықтар Шәмші Қалдаяқов туралы фильмдер мен кітаптардың шындыққа онша жанаспайтынын түсінулері керек. Мысалы, “Сыған серенадасының” әнін Ш. Қалдаяқов жазды. Осы атпен қазақ театрында әкем жайлы қойылым сахналанды. Бірақ ол жерде әкемнің сыған тобырымен бірге өмір сүргендігі көрсетілген. Бұл жалған. Осыдан кейбір адамдардың мәдениетке деген көзқарасы төмен екенін түсінесін. Шәмші Қалдаяқовқа дейін сығандар жайлы Ресейдің танымал сазгері Сергей Рахманинов, француздық сазгер Жорж Бизе опералар қойды.

Бірақ Шәмші Қалдаяқов жайлы ол сығандармен бірге тұрды деген қауесет тараса, екеуі жайлы ондай сыбыс шыққан емес. Демек, осы арқылы Франция мен Ресейдің мәдениеті жоғары деңгейде екенін байқауға болады. Олар өз авторларын құрметтейді. Оларды туындыларының ішіне қоспайды. Өкінішке орай, осы екі елмен салыстырғанда біздің әлеуметтік қарым-қатынасымыздың, біліміміздің, көрерменмен жұмыс жасай білудің төмен деңгейде екенін түсінесін.

Менің есімде, 1990 жылдары бізге Тараз немесе Шымкент қаласының тұрғындары қоңырау шалып, өкпе-реніштерін жеткізген. “Біздің сүйікті сазгеріміз жайлы неліктен сапасыз қойылым шыққан, неге оларды сотқа бермейміздер” деп наразылық танытқан. Бірақ ол жылдары Кеңес Одағы құлдырап жатты. Мен 1992 және 1995 жылдар аралығында дирижер мамандығына оқып жүрдім. Оқуымды төлеу үшін жұмыс та істедім. Ал ағам болса, отбасын құрып жатты. Олармен соттасуға уақытым болған жоқ. Әрине, бір жағынан әкеміз жайлы туындының жарық көргеніне қатты қуандық.

Бірақ ол жерде әкем мүлдем басқаша көрсетілгенін түсінген соң, адамдардың неліктен ашуланғанын түсіндік. Әрине, Шәмші Қалдаяқов халық арасында өте танымал болған соң, көп адамдар оның көмегімен танылғысы келді. Егер атақты тарихи тұлғалардың өміріне үңілсек, олардың да атын басқа біреулер пайдаланғанын көреміз. Барлығын уақыт өз орнына қояды деп ойлаймын. Болашақта өзім де әкем жайлы мюзикл қоюды армандаймын.

Әкеңізден алған тәрбиеңіз шығармашылығыңызда қандай көрініс тапты?

Менің Абай атындағы ГАТОБ-та жұмыс істеп жүргеніме жиырма үш жыл болды. Маған дейін әкем де, бауырым да, атам да бұл қызметті атқарып көрмеген. Жалпы, менің жұмысым біреуге ұнаса, екіншісіне ұнамайды. Әкем ешкіммен өштеспейтін. Туындыларыңды жаз да, бәрінен мықты бол деген ұстанымды ұстанатын. Шындығын айту керек, өнерімді тамашалауға келген халықты көргенде олардың әкеме жасаған жақсылықтары есіме түседі. Оны халық әртісі атағына Алматының тұрғыны ретінде ұсынған осы қаланың әкімдігі ғой. Мен Алматыда дүниеге келгеніме қуанамын. Егер әкем тірі болғанда оған “көрдің бе, әке олар сені ұсынды, ал мен оларға 23 жыл бойы қызмет көрсетіп келемін” деп айтар едім. Әкемнің жолымен жүріп келе жатқаныма қуаныштымын. Ол жұмыс істеген жерде, мен де жұмыс істеймін.

Әкем көз жұмғанда мен 26 едім. Театрға дирижер болып жұмыс істеуге келдім. Сол кезде маған жас болсам да қолдау көрсетіп, бір жыл көлемінде дирижерлік етуге Валерий Дмитриевич Руттер мүмкіндік берді.Әрине кейбіреулер менің “Аққу көлі” сынды күрделі туындыларға дирижерлік ететініме наразылық танытты. Біз, дирижерлер, бір-бірімізді сынаймыз. Басқа мамандықта жұмыс істейтін адамдар секілді бізге де көп көңіл бөлінгенін қалаймыз. Қала үшін еңбектенеміз. Ал Астанаға шыққанда, бүкіл елге қызмет көрсетеміз. Осы іспен айналысатыныма қуаныштымын. Әкем халықтың іздік сазгері деп ешкімнің ала жібін аттамадым. Егер әкем тірі болғанда жұмысымды көріп, менімен мақтанар еді деп ойлаймын.

Алматы қаласының әкімдігі әкемді халық әртісі деген атқа ұсынды дедіңіз. Өзіңіздің де ҚР еңбек сіңірген әртісі деген атты иеленіп қалатын күн алыс емес шығар…

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Мәдениет және спорт министрі Мұхтар Құл-мұхаммед менің ҚР еңбек сіңірген әртісі деген атқа әбден лайық екенімді айтты. Осы лауазымды беретінін сөз етті. Әрине, қуандым. Алматыға театрға келгенде, құжаттарымды дайындатқызды. Бірақ ақырында маған бұл лауазымды берген жоқ. Сол кезде жасым отызда болса, көңілім қалатын еді. Қырықта болса, өкпелейтін едім.  Қазір мен елу үштемін. Нота танымайтын, мәтіндерді түсінбейтін, бірақ олар осы лауазымды иеленген адамдарды білемін. Шындығын айту керек, мен үшін ол атақты иелену қатты маңызды емес. Бастысы музыкамен айналысатыныма қуанамын.

Әкеңіз сіздің жадыңызда қандай адам ретінде сақталды? Балалық шақтағы бір естелігіңізбен бөлісе аласыз ба?

Мен балаларыма қандай тәрбие берсем, ол да маған сондай тәрбие берді. Менің үш балам бар. Үшеуі де музыкамен айналысады.

Әкем өте жақсы адам еді. Бізге дөрекілік танытпайтын. Әрдайым бастаған ісімізге қолдау көрсететін. Үйге қонақтар келгенде ең алдымен пианинода ағам, сосын мен скрипкада ойнайтынмын. Қонақтардың ішінде туысқандарынан бөлек, музыканттар болатын. Бір күні бізге қонаққа өзге сазгерлермен бірге Латиф Хамиди келді. Ол әкеме қолдау көрсететін. Партияға қосқысы келетін. Бірақ әкем шығармашылықтың адамы. Ол мұны жақсы түсінетін, оның бүкіл жерде бірдей жүре алмайтынын білетін. Сондықтан партияға қосылғысы келмейтін.

Әкеме Ыстық-көл жаққа барып демалып қайтуға жолдама көп берілетін. “Қазақстан” шипажайына демалуға жиі шақыратын. Біз кішкентаймыз. Ал ол жерге қателеспесем, он екіге толмаған балаларды кіргізбейді. Анам болса, ғылым академиясына барып, жолдаманы басқасына ауыстырып алатын.

Кейбір адамдардың санасында әнші, музыкант болу оңай деген қате пікір қалыптасып қалған секілді. Жалпы, шығармашылық адамдар өмірінің ерекшелігіне тоқталсаңыз.

Музыкадан демалғанды жақсы көремін. Шындығын айту керек, музыканттардың барлығы адамдар қызығатындай өмір сүрмейді. Сахнаға шығу үшін, дайындалып, нағыз музыкант атану үшін көп еңбектену керек. Өнердің осы саласында жүрген азаматтарға бәсекелестікке төтеп беру қиын. Әсіресе, жалғыз өзің өнер көрсетіп жүрсең, музыкада өз орныңды табу оңай емес. Бізге мәдениетіміздің деңгейі төмен екені белгілі. Егер өзге елдер өз тілдеріне ауларып, тамсанатын туындыларды шығармасақ, біздің деңгейіміз қатты төмендеп кетеді. Шәмші Қалдаяқовтың кез келген әнін шет мемлекеттің тіліне аударсақ, ән сол елде танылады. Адамдар бірге қосылып айтатын болады. ал қазіргі қазақ әндері мұндай жетістікке жетпейді. Қазақ музыкасы көтерілу үшін биліктен қолдау керек. Жақында көлікпен кетіп бара жатып, қазақ тілінде жазылған әнді тыңдадым. Әнде ауылға деген сағыныш баяндалды. Барлығы әдемі. Бірақ бұл әнді кезінде “Ғашық күндер” деген атпен әкем жазып кеткен. Бүгінгі күні белгісіз біреу әннің сөзін ауыстырып, оны көшіріп алған. Осындай бассыздықты тоқтату керек.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 

 

 

Талқылау