Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұхамедиұлы ауыр атлеттерінің жарыстардан шеттетілуіне қатысты түсінік берді

Еліміздің төрт ауыр атлеті жарыстардан уақытша шеттетілді, соңғы шешім Халықаралық олимпиада комитетінің қорытындысынан кейін қабылданатын болады. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы оң нәтиже көрсеткен допинг-тестіге қатысты осындай түсінік берді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Арыстанбек

«Белгіленген ереже бойынша Халықаралық олимпиада комитетінің шешіміне тек спортшылар ғана шағым бере алады. Бүгінгі күні спортшыларымыз жарияланған талдамамен танысып жатыр, біз өз тарапымыздан заң жағынан, моральдық қолдау көрсетудеміз», – деді ҚР Сенат қабырғасында журналистердің сұрақтарына жауап берген Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр спортшылардың өздерін қорғау үшін айтқан аспектілердің барлығы ескерілетінін жеткізді.

«Олар өз пайдаларына шешуге мүдделі. Жуырда ғана Қазақстан чемпионаты өткенін білесіздер, аталған спортшылардың барлығы (Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова, Майя Манеза – ескерту) жарыстарға қатысты. Олардың спорттық қызметін шектеуге ешкімнің құқығы жоқ.

Олар қазір жарыстардан уақытша шеттетілді. Комитет шешім қабылдаған соң Халықаралық ауыр атлетика федерация ұйғарымға келеді. Қай спортшы қандай мерзімге шеттетілгенін содан соң айта аламыз. Оған дейін ешкім де баға беруге қақысы жоқ. Біз жан-жақты қолдап, оларға заң жағынан, моральдық қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы

Естеріңізге сала кетейік, бүгін еліміздің ауыр атлеттері: Илья Ильин, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза 2012 жылғы Лондонда Олимпиада ойындары кезінде допинг-сынамаларын қайта тексеру оң нәтиже беруіне байланысты жарыстардан шеттетілгені белгілі болды.

 

Талқылау