Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Моңғолиядағы боксшы қазақ қызының арманы

Моңғолияда тұратын 17 жасар боксшы Нұржамила Батырбекқызы биыл ол елдегі жасөспірімдер біріншілігінде жеңімпаз атанды.

AB0DD36B-AF4D-47B8-997B-A59245C9CE2A_w640_r1_s_cx0_cy13_cw96
Нұржамила Батырбекқызы Моңғолия астанасы Улаанбаатар қаласындағы орта мектептердің бірінде оқиды. 2013 жылдан бері республикалық жарыстарда жүлде ала бастаған қазақ қызы Моңғолия жасөспірімдерінің 2016 жылғы чемпионатында 48 килограмм салмақ дәрежесінде алтын медаль алды.

DA373DCB-33DC-4F48-9B93-EA0628D2E37D_w640_s

Нұржамила Азаттыққа берген сұқбатында жуықта өткен жарыс жайлы, өзінің бұл спортқа неліктен қызыққаны туралы әңгімеледі.

Әңгімемізді жуықта жеткен жеңісіңнен бастайық. Жарыс қалай өтті, бәсеке қиын болды ма?

Нұржамила Батырбекқызы: – Ақпанның 15-20-сы аралығында өткен жарысқа Моңғолияның барлық аймағынан боксшылар келіп қатысты. Осы жарыста мен өз салмағымдағы алтын медальмен қатар «Үздік боксшы» деген атақ алдым. Жалпы, 48 килограмм ең жеңіл салмақ болғандықтан, мықты боксшылар да өте көп. Соңғы үш жылда осы салмақта мықты қыздардың саны көбейіп келеді.

Боксшы болуға қалай құмарттың? Әлде отбасыңда боксшылар бар ма?

Нұржамила Батырбекқызы: – Жоқ. Отбасымдағылардың барлығы спорттан алшақ. Әкем – дін қызметкері, Моңғолия мұсылмандар қоғамының бас директоры, ел президенті әкімшілігінің жанынан құрылған дін істері басқармасында қызмет етеді. Тек мен спортпен айналысқалы боксты қызықтап, тамашалайтын болды. Үйде ағам ән айтады, ал әпкем мен сіңілім биге қатысып жүр.

Спортқа келуіме әлімжеттік себеп болды. Кішкентай күнімнен ұл балалармен ойнауға құмар болдым. Солармен күресіп, төбелесіп өстім. Мінезім де ұлдардыкі секілді қалыптасты. Сондықтан ба, әлде басқа да себебі болды ма – орта сыныпқа келгенде айналамдағылар мені бөлектеп, ыңғайы келсе тиісе бастады. Сосын өзімді қорғау үшін бокс үйірмесіне жазылдым.

Мектептегі үйірмеге барасың ба, әлде арнауы клубта дайындаласың ба?

Нұржамила Батырбекқызы: – «Улаан-Арслан» дейтін жергілікті бокс клубы бар. Бұл жерде тек жастар ғана емес, үлкендер де жаттығады. Осыдан төрт жыл бұрын сонда жазылып, Нармандах есімді бапкердің қоластына барғанмын. Бүгінге дейін сонда жаттығамын. Осы клубта қазақ ұлтынан тек мен ғана. Түске дейін мектептегі сабағыма барып келемін. Түстен кейін екі сағат уақытымды жаттығуға арнаймын.

Ендігі мақсатың қандай?

Нұржамила Батырбекқызы: – Моңғолия қазақтары арасынан шыққан боксшы қыздар аз. Сол себепті Моңғолия атынан олимпиадалық жарыстарға қатыссам деген мақсатым бар. Бұл – әзірге тек арман. Бірақ арманға жету үшін жұмыс істеп жатырмын.

Талқылау