Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Моңғолиядағы апатта домбыра ұстаған қазақ баласының суреті желі қолданушыларын тебірентті

Моңғолияның қазақтар қоныстанған Баян Өлгий қаласында су тасқыны болып, жүзден аса үй қираған. 10 шілде күні болған оқиғадан 130-дай үй құлап, 700-ден астам адам баспанасыз қалған.

13697105_915476675242432_8613675213484910313_n

Осы оқиға бола салысымен, желіде апат болған аймақтың суреттері интернетте жариялана бастады. Аталмыш ақпараттар легінде кішкентай қазақ баласының суреті көпшілікті елжіретті. Онда су тасқыны кезінде баланың домбырасы сынып қалғаны айтылған.

Сурет желі қолданушылар бей-жай қалдырмады. Белгілі музейтанушы маман, журналист Нұрсерік Жолбарыс Фейсбуктегі парақшасында арнайы жазады.

“Моңғолияның Баян Өлгий аймағындағы су тасқыны кезінде жүздеген үй қирап, тұрғындар баспанасыз қалды. Суреттегі балақайдың да отбасы үйсіз қалып, қолына енді алған домбырасы да апат кезінде сынған. Бұл көрініске бейжай қарай алмаған отандастарымыз Өлгийдегі қазақтарға көмек қолын созып, қолынан келгенше жəрдем беруде”, – деген автор бірқатар жанашыр жандардың балаға да, жалпы зардап шеккен қазақтарға да көмек көрсетуге кіріскенін айтады.

13680801_557854851083225_6953283565003466367_n

Ал танымал журналист Берік Уәли болса, балаға өз атынан домбыра да сыйға тартты.

“Мына баланы танымаймын. Бірақ, менің бауырым ол. Өйткені, ол – Қазақ! Бүлдіршіннің домбырасы бүлініпті. Ішегі үзіліп, тиегі сыныпты. Бірақ, оның үміті үзілген жоқ. Арманына жетсін, он саусағынан өнер тамған күйші болсын деп домбыра атадым оған. Жігіттер жеткізіп берер. Бауырым, арманыңа жеткейсің!”, – деп жазды ол өз парақшасында.

Еске сала кетсек, кеше үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Моңғолияға барып, су тасқынынан зардап шеккен қазақтарға Қазақстанның толықтай дерлік ақшалай көмек көрсететінін жариялаған болатын.

Талқылау