Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мөлдір Әуелбекова танымал әнші болудың сырларымен бөлісті

Мөлдір Әуелбекова «Қарақат мектеп студиясының» шәкірттерімен кездесіп, балалармен әңгіме-дүкен құрды. Кездесу емін-еркін, бейресми түрде өтті. Кішкентай бүлдіршіндер өнер иесіне түрлі сұрақтар қойып, өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды.

_SAM0063

Бұл кешке Stan.kz сайтының Астанадағы тілшісі де барып қайтқан болатын.

_SAM0043

Сағат үште басталады деген кездесуге Мөлдір Әуелбекова төртте келді. Қазақ еліне танымал әншімен кездесу болады дегенді естіген жас өнерпаздар әпкелерін аяқтарынан тік тұрып, тура екі сағат күтті. Дегенмен әнші келген сәтте олардың жүзінен шаршағандық байқалмады. Ал, әнші болса кездесуді төртте деп ойлағандығын айтып, кешірім сұрады. Сонымен кеш басталып та кетті.

Бұл жиынға балалар әбден дайындалған сияқты. Олар бірінен соң бірі тұрып, әншіге сұрақтар легін жаудырды. Бірінші сауал Мөлдірдің есіміне қатысты болды.

_SAM0023

“Менің анам толғатар күнінен бір күн бұрын түс көреді. Түсінде оған қара шал келіп «Сен қыз босанасын, атын Мөлдір қой» деп аян береді. Қазір есімімді анамның түсіне кірген қара шал қойды деп күліп айтамыз. Сол себепті есімім өзіме ұнайды, көп кездесе бермейді. Енді қазіргі таңда көп, мен туылған жылдары аз есімдердің бірі еді. Қазақы, әдемі есім”, – дейді әнші.

 

Кеш барысында орындаушы балалармен қосыла ән шырқады, өзінің «Ғашық жүрек» фильміне қалай түскендігі жөнінде де айтып берді.

_SAM0050

“Ол фильмге түсу деген ойда болған жоқ. Кастингке барып өттім. Ең қиын сәттер… Мен өзі толық қанды отбасында өстім, балалар үйіндегі өмірді мүлдем білген жоқпын, маған таныс болған жоқ. Дегенмен, мені Асқар Ұзабаев балалар үйіне жіберді, рөлді алып шығу үшін, ата-ананың мейірімін көрмей өскен баланың мөлдіреген көзін халыққа жеткізу үшін, сол балалардың қалай өмір сүріп жатқанын көруге тиіссің деді. Ең қиын күндер сол күндер болды. Мен олармен он күн өмір сүрдім, олармен ұйықтадым, олармен тамақ іштім.

_SAM0056

Ал, мектептің бойжеткен қыздарын махаббат мәселесі қызықтырды. Олар әншінің жарын қай қасиетіне байланысты таңдағанын білгісі келетіндіктерін айтты.

«(күліп алды) Тұрмыс құрмай жүрген кезде «қандай жігіт кездестіргіңіз келеді, қандай қасиеті болғанын қалайсыз?» – деп көп сұрайтын. Мен өмір бойы айтып келе жатырмын, ең бірінші ер адам әйел затын сыйлауы керек. Құдай аузыма салған шығар… Шынымен де сондай болып шықты. Мені өзіне сол қасиетімен қаратты. Менің ойымша ол айналадағы әйелдерді сыйлайтын болса, мені де, менің анамды да, бүкіл әйел адамдарды сыйлайтын болады.

_SAM9998

Қазақ елінің болашақ жарық жұлдыздарын танымал болу үшін өнер иесінде қандай қасиет болу керек деген сауал қызықтырды.

_SAM9999

«Менің ойымша шыдамдылық болу керек. Менің өнер жолына келуіме ата-анам ешқашан қарсы болған емес, бірақ «Супер стар» жобасымен үлкен сахнаға шығар кезде, көп әңгіме айтты. «Қызым сенің таңдап жатқан жолың ең ауыр жол. Сырт көзге әдемі болып, сырт көзге сүйкімді болып көрінеді, бірақ оның артында не болып жатқанын ешкім білмейді», – деп айтқан болатын. Сол себепті шыдамдылық керек деп ойлаймын, төзе білу керек. Сынақтар көп болады, биік шыңды бағындырам деген адам болса, шыдамды болу керек.

_SAM0061

Сол ауыр жолда әдемі болу да маңызды. Сондықтан қыздар жағын осы мәселе де қатты толғандыратын секілді.

«Осы сіз неге диетаңыз туралы жазбайсыз, неге бөліспейсіз?»,- деп көп адамдар ренжіп жатады. Шыны  керек мен табиғи арықпын. Менің әке-шешем де арық адамдар. Менің анам да әлі күнге дейін қылдай. Сондықтан ешқандай диета ұстамаймын. Қалаған тағамымды қалаған уақытта ішемін.

Кездесу барысында әлеуметтік желіге қатысты сұрақтар да болды.

«Инстаграм әлеуметтік желісінде оқырмандар саны 500 мыңға жеткен кезде біреулер бұзды. Сол кезде мен бір жылға дейін онда кірмей кеттім. Кейін тыңдармандарымның өтініші бойынша қайта тіркелдім. Қазірде де 500  мыңға жуық оқырманым бар. Маған күнде сіздің парақшаңызды бұзбақ болды деген хат келеді. Сондықтан кілт сөзін жиі өзгертіп отырамын.

Кеш барысында «Қарақат мектеп студиясының» балалары әншіге өз өнерлерін де көрсетті.

_SAM0003

«Қарақат мектеп студиясының» шәкірттері әншіге сый-сыйапат табыс етуде

_SAM0063

13 жылдан кейін алғаш рет қолына домбыра алған әнші

_SAM0046

Талқылау