Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы тағы қымбаттайтынын ескертті

Қазақстанда жаңа жыл қарсаңында  азық-түлік бағасы қымбаттамақ. ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай дейді. Ол мұндай құбылыстың заңды екенін айтты. Десе де азық-түліктің бағасы бүгінгі күннің өзінде қымбаттап кеткен, деп хабарлайды КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz.

Министр жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы тағы қымбаттайтынын ескертті

Елімізде қазірдің өзінде азық-түлік бағасы қымбаттап кеткен. Шағын кәсіппен айналысып жүрген Ерлан Сатыбалдиевтың сөзінше, кәсіпкерлердің өзі қымбатшылықтың зиянын көріп отыр. Өйткені дүкендегі азық-түлік бағасы қымбаттағандықтан, наразылық танытқан тұтынушылар саны артыпты.

Кәсіпкердің айтуынша, жарты жылдың ішінде баға 30 пайызға өскен.

«Тауық еті, жұмыртқа, сүт өнімдерінің бағасы  біраз өсті. Аптасына 10 теңгеден өседі. Өйткені, әдейі өзіміз көтеріп жатқан сияқтымыз. Бірақ, бұл біздің себеп емес. Тауар өндірушілер қалай бағасын қояды, біз де солай өсіреміз», – дейді кәсіпкер.

Ал ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жаңа жыл қарсаңында азық-түліктың бағасы тағы қымбаттайтынын айтып отыр.

«Сұраныс жоғары болғандықтан, мұндай жағдайда баға да өседі. Бұл таңданатын жағдай емес. Мысалы, жазда қонақүйдің  бағасы шарықтайды. Осы тәрізді, қыста қиярдың бағасы қымбат болады. Бұл нарық. Шағын дүкені, кәсібі бар адамдардың қолындағы дүние. Оны үкімет, министр қолдан жасап отырған жоқ», – дейді Сүлейменов.

Бүгінде Ақтаудың өзінде тауық етінің бір келесі 1 500 теңгеден сатылуда. Оны бағасы екі апта бұрын 500 теңгеге арзан болған. Сондай-ақ, қызанақ бағасы екі есеге артып, 700 теңгеден сатылып жатыр. Сатушылардың сөзінше, бүгінгі таңда бір келісі 450 теңгені құрайтын қиярдың бағасы мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

«Бұрынғы 430-440 теңгеден алып жүрген сүттерімізді 450-ден алдық. 10 теңгеге қымбаттаған. Арзандайтын ештеңе жоқ. Бұдан көтеріледі. 3-4 күн қалғанда тіптен қымбаттайды. Алған айлығымыз жетпейді. Тамақтан ауыспайды», – дейді ақтаулық тұрғын Бибісара Ұбанова.

Десе де министр жаңа жыл қарсаңында бағаны қолдан өсіріп, шектен шыққандардың жауапқа тартылатынын айтты. Мұндай жағдайда тұтынушы шағымдануы керек екен.

 

Талқылау