Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мейірімділік тізбегі: Астаналықтар суық күнде көліктерімен тұрғындарды тегін тасуда

Елордамыз Астана қаласында қыс басталмай жатып күннің суытып кететіні баршамызға мәлім. Ал қыс түскенде қаһарына мінген аяз тіпті ешкімді аямайды. Қуанышқа орай, күннің суығы адамдардың жүрегін керісінше жылытқандай. Аялдамада тоңып, автобус күткен астаналықтарды өз көліктерімен тегін тасып жүрген азаматтар саны көбейіпті, деп жазады Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Мейірімділік тізбегі: Астаналықтар суық күнде көліктерімен тұрғындарды тегін тасуда

Фейсбук әлеуметтік желісінде астаналық тұрғындар мейірімділік танытқан азаматтарға алғысын білдіріп, жақсы адамдардың көп екенін айтады.

Өзін жұмысына дейін тегін жеткізіп тастаған азаматтардың әрекетіне қайран қалғанын айтқан Светлана Зиновьеваның  жазбасына көпшілік жағымды пікірлер қалдырып, басқа да астаналықтардың қайырымдылықтарын жарыса жазуда.

«Мені таңертең жұмысқа тегін жеткізіп тастаған Дархан мен Марат есімді жігіттерге алғысым зор. Қаладағы жылы аялдамалар тек желден ғана қорғайды. Сол аялдамада автобусты күтіп тұрғанымызда, бір жас азамат кіріп, баратын жерімізге тегін жеткізіп салатынын айтты. Жолаушылардың ішінде мен ғана келістім, қалғандары күмәнданып отырмады. Көлікке отырғаннан кейін мен олардан неге тегін апаруға келіскендерін сұрадым. Суықты көлік ішінде сезіп отырғандықтан, сыртта тұрғандар қатты тоңған шығар деген оймен апаруды жөн санағандарын айтты», – деп жазған Светлана.

Әйелдің оқиғасын оқыған желі қолданушылары өздерінің басынан өткен жақсылық эстафетасы жалғасын тапқанын жарыса жазды.

«Бізді әріптесіміз екеумізді, аялдамада тұрған тағы бір келіншекті Әділет есімді азамат үйге дейін жеткізіп салды. Бізді жеткізген соң әлгі әйелді үйіне апаруға алып кетті. Оған тіпті жол-жөнекей емес еді, ақшаны да алмады», «Ұлым екеумізді де бір жігіт көлігімен әкелді. Жас бала аялдамаға келіп, күтіп тұрған жолаушыларды жеткізіп салуды ұсынды. Осылайша мен ұлыммен, тағы бір әйелді көлігіне отырғызып, баратын жерімізге жеткізіп салды», «Мені де бүгін форма киген азамат жеткізіп салды. Сіздерге Алла разы болсын!» сынды пікірлер минут санап көбейіп жатыр.

Сонымен қатар, басқа желі қолданушылары астаналықтардың мұндай әрекеттеріне тәнті болып, мейірімді адамдардың көбейіп жатқанына риза екендерін айтып, жақсылық эстафетасын тоқтатпай жалғыстыруларын сұрады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау