Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зират пен стадион қатар тұр: Шалқардан шыққан Асхат Тарғын жерлестер форумына қатысты шындықты ашып айтты

Шалқардан шыққан жұлдыздардың шуы қазнетте қыз талқыға түсіп жатыр. Аталмыш шаһарда өткен форумға жерлестерін шақырмаған әкімшілікке, өнерпаздар қауымы ренішін білдірген болатын. Олардың қатарында Асхат Тарғынов та бар. Stan.kz ақпараттың агентігінің тілшісіне сұхбат берген әнші, дәл сол күні туған жерінде болыпты. Өнер иесінің жоспары мен атышулы шараның белгіленген күні тұспа-тұс келген көрінеді.

асхат тарғын

«Бұл форумға мені бір апта қалғанда шақырды. Бірақ мен форумның болатынын білмейді екенмін. Сол уақытта отбасыммен Шалқарға демалуға барғалы жатқанмын. Ол жақта әке-шешем тұрады ғой. Негізі менің келетінімді естіген болуы керек. Сол жақта оқитын қызымнан естуі де мүмкін. Әйтеуір бір жеті қалғанда маған қоңырау шалды. Бірақ мен форумға толық қатысқан жоқпын. Мәдениет үйінде өткен конференцияға ғана қатыстым. Қалған шараларға мен қатыспадым. Негізі кәсіпкерлерді бір ай бұрын шақырған екен.», – дейді Асхат Тарғынов.

Бұл тақырыпты алғашқыда Шімән апаның образындағы актер Ерболат Төлеген талқыға салған еді. Асхат, жерлесінің өкпе-назын қол қолдап қоштайтынын айтады.

«Ерболаттың жазбасы орынды. Оның орында мен болсам да, ренжитін едім. Өйткен форум болғаннан кейін Шалқардан шыққан өнерпаздар болсын, белгілі тұлғалар болсын, кәсіпкерлер болсын шақырылу керек еді. Біз жаспыз ғой. Бірақ Шалқардан шыққан Лидия Кәденова бар, Жанар Айжанова бар, Есен Елеукен бар. Олардың ешқайсысы шақырылмаған. Сондықтан өкпелері орынды деп ойлаймын. Кәсіпкерлердің форумы дейді. Бірақ ол жерде мені шақырып тұр ғой. Өнерде Шалқардан шыққан көп емес. 7-8 адам ғана. Соларға бір жапырақ қағазды жазып берсе, ешқандай артықшылық болмайтын еді», – дейді Асхат.

Шалқарлық әкімдіктің шулы әрекеті мұнымен шектелмейді. Асхат Тарғынов, аталмыш шараға ұйымдастырылған концерт зираттардың тура жанында өткенін де растап отыр.

«Зираттың қасындағы стадион бұрыннан бар. Адамдарды жерлеп, аумағы үлкейіп кеткен. Стадионға жақындап қалған. Зираттар мен стадион қатар тұр. Бірақ одан да жақсы стадион бар болатын. Шалқардың орталық көшесінде орналасқан. Теміржол вокзалына жақын. Орталық жақсы еді. Бірақ зираттардың жанына жасапты. Әкімшілік солай шешіпті ғой», – дейді Тарғынов.

Атышулы ауданның басшылығы концертке Роза Рымбаева, «Музарт» тобын, Қайрат Нұрта сынды танымалдарды арнайы шақырғанымен, Шалқардан шыққан жұлдыздарды ұмыт қалдырыпты.Тіпті, туған жерінде демалып жатқан Асхат Тарғыновты ән шырқайтын өнер иелерінің тізіміне кіргізбеген.

«Кешкі концертке барған жоқпын. Ол жерге эстрада жұлдыздарын арнайы шақырған ғой. Бірақ ол шақыртудың ішінде мен жоқпын. Маған айтпады. Ол жерде мен өнер көрсетпейтін болған соң барған жоқпын. Мен көрермен болып бармаймын ғой. Өнер көрсететін әншілерді өздері таңдап шақырған. Шалқарлық әншілерді шақырмаған екен. Бұл қалай сонда? Алаламау керек қой. Білмеймін кімнен екенін. Біреуден қате кеткен. Егер де концертке шақырып, 1-2 әніңді айт десе, мен баратын едім. Мен жас бала емеспін. Мен барып өлең айтайыншы деп, бара алмаймын ғой», – дейді Шалқардан шыққан әнші.

Еске сала кетейік, Ақтөбе облысына қарасты Шалқар ауданында жерлестер форумы өткен. Аталған шараға байланысты жергілікті әкімшілік Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт ұйымдастырған-ды. Жергілікті тұрғындар концерттің бейіт басында өтетінін айтып, наразылық білдірген еді. Күні кеше актер Ерболат Төлеген ол жерде ата-әжесі мен әкесінің жатқанын айтты.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Талқылау