Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мен хиджабты не үшін кидім: қазақ қыздары орамал тағуға не түрткі болғанын айтты

Хиджаб туралы сөз қозғағанда, көпшіліктің пікірі екіге бөлініп кететіндігі белгілі. Біреулер “ол қазақтың киімі емес” деп, оны киюге қарсылық танытса, тағы да басқалары керісінше әуретті жерді жауып, шариғат талаптарын сақтағанның еш жамандығы жоқ деген пікірді ұстанады. Ал хиджаб киген қыздар осыған қатысты не ойлайды? Олар неліктен осы киімді киюге бел буды? Хиджаб киген қазақ қыздары Stan.kz ақпараттық агенттігінің редакциясына хиджабқа және ислам дініне қатысты өз оқиғаларын айтып берді

хиджаб

Мейрамгүл Қашқымбек, журналист:

“Көп адамдар қызығушылық танытып, не себепті аяқ астынан хиджаб кие бастадың деп сұрайды. Бастапқыда мен де қарапайым қыз болғанмын. Өзім негізі үнемі биік өкше киіп, боянып, шашымды жайып жүретінмін. Осыдан кейін де болар, көпшілікке менің хиджаб кигенім қызық көрінді.

Бірде түсімде қап-қара жерде тұр екенмін. Төбемнен бір дауыс естілді. Екі жағымда екі есік: біреуі қара, біреуі ақ. Төбемдегі дауыс екі есіктің бірін таңда деді. Екі есіктің біреуіне кірсем өледі екенмін. Ал екіншісін таңдасам әрі қарай өмір сүреді екенмін. Түс көріп жатқанымды біле тұра, өліп кетпейін деп таңдауымды жасадым. Ақ есікті ашып, оған кіре бергенде оның іші қап-қара болып шықты.

Сол сәтте қара есіктің жанында тұрған адам мені лезде жұлып алып, қара есікке кіргізіп жібереді, ал оның іші керісінше аппақ екен. Осы жерде оянып кеттім. Бұдан кейін бір жылға дейін жаңағы түс мені мазалап жүрді. Көптеген адамдардан жауап іздегеніммен, мардымды түсінікті ешкімнен таппадым. Соңында намаз оқитын әпкеме айтып едім, ол кісі маған, “бәлкім өзіңнің дұрыс деп санап жүрген заттарың бұрыс болуы мүмкін, сондықтан жасаған таңдауын да қате болуы мүмкін” деді.

Өзімнің ағам имам болғандықтан дін жолы мен намазға жығылу сұрақтары мен үшін таңсық емес еді. Осылайша таңдау жасап, студент шағымнан бастап намазға жығылуға бел будым. Намазға келгенімнен кейін жанымның жай таба бастағанын сездім. Ислам діні туралы көптеген әдебиеттер оқып, әйел адамның әуретті жерін жауып жүргеннің дұрыстығын білген соң хиджаб кидім.

Алғашында көбі таң қалғанымен, қолдау көрсетті. Курстастар, ұстаздар тарапынан ешқандай қарсылық байқалмады, керісінше өзім белсенді студент болғаннан кейін бе, барлығы таңдауымды құптады.

Хиджаб кигеннің негізі ешқандай ыңғайсыз тұстары жоқ. Әр адам өзіне ыңғайлап киюіне болады. Бірақ әрине, тауға шыққан кезде, серуендеген кездері арасында кеңдеу шалбарлар киемін. Өмірде қатып қалған ешнәрсе жоқ, әр затты өзінің ыңғайына қарай жасауға болады. Әрі ислам дінінде тек ғана қатаңдық деген ұғым жоқ. Оның да өзіндік жеңілдіктері бар.

Бір өкініштісі, бүгінгі қоғам хиджаб киген адамдарды шеттетіп, қабылдағылары келмейді. Менің айтарым хиджаб киіп, сақал өсіргендердің барлығы діннің бұрыс жолына түскендер емес. Айтар болсақ бұрынғы заманда да апа-әжелеріміз кимешек киіп, әуретті жерлерін жауып жүрген. Хиджаб та сол жабық киімдердің бір түрі, арабтар сияқты бетімізге дейін қымтамаймыз, қара киінбейміз. Мысалы мен өзім осы хиджабты өзіме жарасымды заманауи қылып кигенді ұнатамын.

Хиджаб кигеніме деген туыстарымның көзқарасы да өте жақсы болды. Бір ерекшелігі апамның жаны тынышталды.

Бұрын соңды боянып, биік өкше киіп жүрген кездері “бөгде ер адамдардың көзі түсіп кетеді ме” деп қорқатын, осы хиджабты кигеннен бастап ол кісінің де көңілі орнына түсті.

Хиджаб киюдің ешқандай ыңғайсыздығы жоқ. Мен мысалы өзіме ыңғайлы қылып, ұзындау белдемше киіп, басыма орамалымды тағып киемін. Осы хиджабты киіп жүрген әр қыз-келіншектердің өздеріне ыңғайлы қылып киюлеріне байланысты. Ең бастысы бөгде адамдардың назарын түсірмейтіндей киім болу керек. Менің мамандығым журналист болғандықтан бір жерде отырмаймын, сол себепті әрдайым өзіме ыңғайлап кигенді жөн көремін. Әрі заманауи кең түрдегі шалбарлар да көп”.

Ақтолқын Орысбайқызы, ақын:

“Саналы түрде жүректің қалауымен Алла разылығы үшін хиджаб киген адаммын. Ол мұсылман баласының қорғаны, орамалы, Алланың үкімі, ал ол үкім талқыланбайды. Хиджабты кигеннің ыңғайсыз тұстары бар деп айта алмаймын. Себебі, ол менің етегіме оралып, құлап қалатындай жағдайда жүрген жоқпын.

Керісінше, хиджаппен өзімді жайлы сезінемін. Оны ұзын белдемшемен жарасымды етіп кисеңіз, қоғамда қолайсыздық тудырады деп айта алмаймын. Сіздің үйлестіріп, ыңғайлы етіп киюіңіз өзіңізге байланысты. Бастысы ол дене пішініңізді аса қатты көрсетпеуі керек, тым ашық түстер болмауы тиіс. Хиджаб бөгде азаматтардың назарын түсірмейтіндей ыңғайлы киім болса, неге кимеске? Классикалық түрде костюммен, жакетпен киеміз ғой. Қазір Аллаға шүкір балақтары кең, заманауи сәндік шалбарлар шығып жатыр. Маған хиджабтың ыңғайсыз тұсы қазір де бұрын да болған емес. Жаратқанның разылығын аламын деп ниеттенсеңіз, қолайсыздық туады деп ойламаймын.

Алғашында әрине бірден келісімін берген жоқ. Алайда, ата-анам мені кез келген уақытта қолдайтын адамдар. Аллаға шүкір, намаз оқуыма да қарсы болған емес. Олардың тарапынан қатты қысым болды деп айта алмаймын. Сіз исламның дұрыс бағытымен жүріп келе жатқаныңызды сөз жүзінде емес, іс-әрекеттеріңізбен көрсетсеңіз, ата-анаңыз қарсы болады деп ойламаймын”.

Гүлфия Бақбергенова, ұстаз:

Хиджабты киіп жүргеніме төрт жарым жылдай болды. Мектепті бітіре салып, медресеге түстім. Сол жерде хиджабты киіп, терең-терең шариғи ілімдерді де алдым. Намазға, хиджабқа, жалпы шариғи таным дүниелерге қатты әуестігім оянды.

Хиджабсыз-ақ әуретті жерлерді жауып тұратын киімдерді киіп жүруге болады деген пікірге оң көзбен қараймын. Негізі, балиғат жасқа толған соң, қыз бала жүзін, білезік аймағына дейін алақанын, тобықтан төменгі деңгейде аяғын көрсете алады. Қалған жерлерін жауып жүруі тиіс. Сәукеле киеді ме, кимешекпен жабады ма, ерік өзінде. Қазіргі қоғамда қиын жұмысты істеп жүріп, шариғатты ұстанатын өжет қыздар бар. Хиджабты киюге рұқсат берілмесе де, бастарына шаштың үстіне жасанды парик тағып, ұзын белдемшелер, шалбарлар киіп, әуретті жерлерін жауып жүр.

Жалпы, хиджаб мәселесі Құранмен де, Алла Тағаланың елшісі пайғамбарымыздың да (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисімен де фарызға бекіген дүние. Хиджаб араб тілінен аударғанда жабу, жасыру деген етістіктің түбірінен шыққан сөз. Оны қазақтың киімі емес дегенше, қазақтың сөзі емес деп айтқан әлде қайда дұрыс. Біздің киім емес десек, қазақтар әуретін ашып жүрген бе деген сұрақ туындайды.

Қазақ қыздары кимешек, сәукеле, бөрік киген ғой. Тарихи суреттерге жүгінсек, ұлы дана апаларымыздың кимешекпен отырғанын көреміз. Әдебиетке зер салсақ, ол жерде де қазақтың әйелдері табаны, алақаны мен жүзінен басқа жерлерін жауып жүргенін көреміз. Сондықтан хиджабты біздің киіміміз емес дегеніміз, кимешекте қазақтың киімі емес дегенмен тең болып қалады.

 

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

 

Талқылау