Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақша ғана жауап беремін, өздеріңіз аударыңыздар" деген Сәдібек Түгел президенттікке үміткер атанды

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Сәдібек Түгелді президенттікке үміткерге қойылатын талаптарға сай келеді деп шешті, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Сәтібек Түгелитос

"ҚР президенттігіне кандидат ретінде сайлауалды бағдаралмамамда тек мемлекеттік тілде сөйлеймін, мемлекеттік тілде жауап беремін деп көрсеттім. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қажет. Басты құндылығымыз тіл болса, соған қосқан азаматтық үлесім деп санаймын. Мен сұрақтарыңызға мемлекеттік тілде ғана жауап беремін. Әрі қарай өздеріңіз аударып аласыздар", - деп айтты Түгел. 

Президенттікке кандидат ОСК жұмысы тиянақты, қарапайым екенін айтып, ризашылығын білдірді. Мырзатай Жолдасбеков бастаған лингвистикалық комиссияға да алғыс айтты. 

"Қазақ тілінен емтихан тапсыру өте дұрыс деп есептеймін. 30 жыл қазақ тілі деп айтып келеміз. Бәрімізді жалықтырды, мезі қылды. Қашан қазақ тілінің күні туып, жұлдызы жарқырайды? Өз тілімізді құрметтеп, өз ана тілімізде сөйлегенде ғана", - деп айтты ол. 

Журналистердің бірі кандидаттан "118 мың қол жинай аласыз ба?" деп сұрады. 

"Менің соңымда "Ұлы дала қырандары" халықтық қозғалысының адамдары, үлкен командамыз бар. Қазірдің өзінде хабараласып, кірісіп кетуге әзір отыр. Егер сенімді болмасам, мұндай үлкен аламан додаға түспес едім. Бұл - дода. Өте дұрыс. Бұл Қазақстанда демократияның барын көрсетеді. Сайлауға бастамашыл болған қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа рахмет айтамын. Сайлау демократияның көрінісі болса, мен оның ұшқынымын. Заңға сәйкес саяси партиялармен қатар қоғамдық бірлестіктер де өздерінің кандидаттарын ұсынады. ОСК кандидатқа қойылатын талаптарға сай деп таныды. Бүгін саяси додаға түсіп тұрмыз, бұл демократияның көрінісі. Дауысты жинаймын деп сенемін", - деп жауап берді үміткер. 

БАҚ өкілдерінің бірі орысша ақпарат естігісі келетін көрермендерге не айтасыз деп сұрады. 

"Мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік тілді барлығы түсінуі тиіс. Солай шешім қабылдадық. Бүкіл сайлау бағдарламамды мемлекеттік тілде жүргіземін. Оған ешқандай реніш болмайды деп ойлаймын. Қай мемлекетте болсын азаматтары өз тілінде сөйлейді. Тіл мәселесі өте маңызды. Қазақ тілі күннен-күнге төмендеп, "үшінші сортқа" түсіп бара жатыр. Ата-бабамыздың қанымен, жанымен келген тілімізді сүмірейтіп қоюға хақымыз жоқ. Ондайға жол бермейміз. Сол себепті осындай шешім қабылдадым", - деп жауап берді ол. 

"Президент болсаңыз қалай орыс тілді аудиториямен байланыс орнатасыз?" деген сауалға кандидат "өмір көрсетеді" деп қысқа қайырды.

Талқылау