Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік күніне орай халыққа құттықтауын арнады

«Ұлы Дала елінің» азаттығына – 24 жыл. Екінші мүшел жасына аяқ басқан Тәуелсіздік күніне орай бүгін Астанада мемлекет басшысы халыққа құттықтауын арнады. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мемлекетін жарқын болашақ күтіп тұрғанын айтты.

Ал ата-бабамызға ғасырлар бойы арман болған дербестіктің таңы 1991 жылдың 16 желтоқсанында атқан еді.

Асығыс үсігіс жүргендер залға  жайғасып болған соң президент  халықты ұлық мерекемен күні бұрын  құттықтап егемен елдің жетістіктерін жіпке тізіп берді. Азаттықтың екінші мүшеліне аяқ басқан Қазақстанның қазір әлем таныған мемлекет атанғанын, бірліктің арқасында дағдарысты  да еңсеруге болатынын айтты.

“Небәрі 24 жылда қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал енді біреулер мақұрым кететін тарихи жолды ширек ғасырға жетпей  тәмамдадық. Жасампаз елі болашаққа бет алған Тәуелсіз Қазақстанның жолы болсын. Ұлы еліміздің Ұлы тағдырын айқындаған Тәуелсіздік күні баршамызға құтты болсын”, – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

«Ұлы дала елінің» алдында тұрған  ауқымды міндеттерді  Жолдауында нақтылап бергендіктен, Елбасы бұл күні тек толағай табыстар туралы айтуды жөн көрген.  Ұлық мереке болғандықтан мұның да жөні бар.Ал 20 минутқа созылған баяндамасын аяқтаған соң Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандармен бірге Тәуелсіздікке арналған сахналық қойылымды тамашалады.

Салтанатты жиында Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің 25 жылдығына дайындықты қазірден-ақ  бастауға пәрмен берді. Ал ертеңнен бастап Ақордаға шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау ағылатыны анық. Ұлы мерекеге орай «Ұлы Дала елінің» тұрғындары 16, 17-ші  желтоқсанда  демалып, айтулы күнді ерекше атап өтпек.


Тағы оқыңыз: 16 желтоқсан тәуелсіздік күні туралы мәлімет

Талқылау