Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Билік те, ақша да керек емес": Мэлс Елеусізов президенттік сайлау және өзі туралы айтты

Елімізге белгілі эколог Мэлс Елеусізов кезекті президенттік сайлауға не себепті қатыса алмайтындығы, президент болса, не тындыратыны, билік басындағылар өзін неге көре алмайтындығы жөнінде Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

мэлс елеусізов

Биылғы сайлауға өз үміткерлігіңізді алғашқылардың бірі болып ұсындыңыз. "Мені тоқтатпауды сұраймын" деп президенттікке үміткер екендігіңізді мәлімдедіңіз. Ал ресми жарияланған кандидаттар тізімінен сізді таба алмадық. Сізді тоқтатқан кім немесе не жағдай? 

Мені жібермеді. Сайлау туралы заңға өзгеріс енгізді ғой. Мен бұрын өзімді ұсынып шығушы едім, қазір жеке адам өзін ұсынуға болмайды. 5 жыл көлемінде шенеунік болып, яғни жоғары лауазымда отыру керек. Бұл заңмен келісе бермеймін. Бізде шенеуніктер аз. Олардың ғана ұсынуға мүмкіндігі бар да, қалған тоқсан тоғыз пайыз адам керек емес болып тұр ма сонда? Бұл дұрыс емес. Әдейі жасалған дүние. Олардікі басқа адамдар өздерін ұсынбасын деген ой ғой. Сайлау қызықты өтуі керек. Халықты үгіттеп, сайлауға қатысуға шақыру керек. 

Биылғы президенттік сайлауға ұміткерлердің ішінде "Ақ жол" партиясы Дания Еспаеваны ұсынды. Әйел адамның президент болуына қалай қарайсыз? Қазақ халқы мұндай өзгерістерді қабылдауға қаншалықты дайын?

Онда тұрған ештеңе де жоқ. Мықты әйелдердің басқарып жүргенін  көріп жүрміз. Қайта әйелдер дұрыс жұмыс істейді. Еркектер жөнді басқара алмауы мүмкін. Әйелдер қайта әділетті, сапалы жұмыс істейді. 

Сайлауға жібермей қойғанына өкпеңіз жоқ па?

Жоқ. Маған билік керек емес, ақша да керек емес. Жұмыстарым көп. Соны енгізу - мақсат. Табиғат мәселесін көтеру керек. 

Қоғамда орын алып жатақан жағдайларға байланысты неге көңіліңіз толады, неден көңілініңіз қалады?

Ұнамайтын нәрсе көп. Бір сайлаудың өзінде көңіл толмайтын дүниелер жетіп жатыр. Сайлау халыққа қызық болуы керек. Шоу сияқты өтуі керек. Украинадағы сайлау тамаша өтті. Қалай болар екен, не айтар екен деп қарап отырдық. Халықтың билікке деген сенімі сонда ғана орнайды. Бізге демократия керек. Монополия деген экономика, мәдениетте болсын, білім саласының қайсысында болса да көсегесін көгертпейді. Даму болмайды. 

Президент болсаңыз бірініші не өзгертер едіңіз?

Мен президент тұрмақ, оған үміткер де емеспін ғой (күліп). Дегенмен, әуелі жемқорлықты құртатын едім. Кәсіпорындарды ашар едім. Өйткені, біз қазір қытайдың базары болып кеттік. Сол себептен кәсіпорындарды көтеруіміз керек. Оған толықтай мүмкіншілік бар. Бізге әлгі батыстық технология керек емес. Кейін ауылшарушылығын көтеру керек. Ауылды көтермесек, қаңғырып кетеміз. 

Тоқаев Ресейге жасаған алғашқы іс сапарында Путин Қазақстанға АЭС салу туралы ұсыныс жасады. Ресей президентінің мұндай ұсыныс жасауының астында қандай да бір құйтырқы іс-әрекет жатқан жоқ па?

Мұның ешқандай да жақсылығы жоқ. Бізге ешқандай да жақсылық әкелмейді. Мұндайды коррупцияның басында отыратындар жасайды. Бізде энергия жетеді. Олардың неге мұндай ұсыныс жасап отырғаны да белгілі. Оларда үлкен атомдық кешен бар. Өте көп адам жұмыс істеді. Атомдық қаруды сата алмайтындықтан, атомдық станцияларды сатып жатыр. АЭС салудан бас тартып жатқан басқа шет елге қарағанда бізде баламалы энергия көздері жетіп жатыр. Жел, күн, бәрі бізде бар. Соны дұрыс пайдалану керек.  

Еліміздің экологиялық жағдайында ілгерулер бар ма?

Еш жері де жақсарып тұрған жоқ. Жарты градусқа ауа райы жылынды. Оны адам сезбейді. Ал табиғат оны сезіп отыр. Су тасқындары, жер сілкіністері, түрлі табиғат апаттарының күші еселеніп жатыр. Алматының тауларындағы мұздықтардың қырық пайызы еріп кетті. Қоқыс мәселесі де өте өзекті болып отыр. Соңғы он жылдың ішінде жеріміздің көп бөлігі құм-тас жерге айналып кетті. Бұл дегеніміз Қазақстандағы орманды тоғайлы жердің өзі төрт пайызды құрайды. Оған қосымша Қытай суымызды алып жатыр. Балқаш апаттың аз-ақ алдында тұр. 

Байқоңырдағы экология туралы. Балалар мүгедек болып туылып жатыр. Ол жер экологиялық қауіпті аймақ деп жарияланбады. Жарияланса, адамдарды ол жерден эвокуциялау керек...

Менің айтатыным ол жақта тұрып жатқандарға басқа жаққа көшіріп әкетуге мүкіндік бар. Бізге космостық станция керек. Тек ақылмен шешіп, істеу керек. Бірақ біз ол жерді жалға беріп отырмыз, одан түк шықпайды. Космостанцияның мол пайдасы сол: интернеттің істеуіне, жер байлықтарын анықтауға, ауа-райыны белгілеу деген сынды бізге ең қажетті салалардың бәріне тікелей әсер етеді. Зияны көп емес. Тек "Протон" деген зымыраны бар. Ол гептилмен жүреді. Тек соны дұрыс пайдаланса.

Дамыған елдерде қоқысқа сұрыптау жасайды, қайта өңдейді. Бізге ол қашан келеді? Бұл билік тарапынан шешілуі керек пе әлде халықтың мәдениеті, сана сезімі жетпей жатыр ма?

Халық өзі тұрып жатқан жеріне жанашыр болу керек, әрине. Мәдениет те жетпей жатыр. Бірақ біз соны түсініп, қоқысты сұрыптайтын арнайы технологиялар ұсынып жатырмыз. Көп пайдалы дүниелер бар. Бұл туралы айтпаған жерім жоқ. Жобаны 2005 жылдан бері президент екі рет мақұлдады. Көпшілік алдында, үкіметтің басында министрлерге тапсырма берді. Бірақ ешкім орындаған жоқ. Алматының өзінде қазір қоқыс төгетін орындар толып жатыр. Тау-тау болып үйіліп жатыр.  

Ғалым ретінде экология, табиғат туралы көп айтасыз. Өзіңіз қоқысты сұрыптайсыз ба? Қарапайым азамат ретінде қандай үлес қосып жатсыз?

Әрине. Өз отбасымнан бастап үйретіп жатырмын. Менің табиғатқа істегенім көп. Мен бастап көрсетіп беремін, қалай болатынын, қалай істеу керектігін. Бірақ біздің сіресіп қалған өкіметіміз қабылдағысы келмейді. "Елеусізов деген кім ол? Оның ұсынысын неге орындаймыз" деген көреалмаушылық та бар. 

Сіз қарсы болып отырған тағы бір жоба бар. «Көкжайлау» халықты, адамдарды тартып, туризмді дамытатын болса, неге қолдамасқа?

Ешқандай қажеті жоқ. Табиғатты құртатын жоба. Жасап отырған адамдардың мақсаты - жерді өздеріне бөліп алу. Алғашында 1 млрд 600 млн-нан аса қаражат кетеді деп мәлімдеген еді. Қазір 260 млн болды. Сонда әлгі бастапқы ақша өтірік болып шықты ғой. Ал біз ұсынып отырған «Қанатты жолдар» өте тиімді, көп қаржыны қажет етпейді, табиғатқа зияны жоқ. Бұл жобаны үкімет қолдауы керек. Бірақ бізде оған бас ауыртатын ешкім жоқ.

Табиғатқа зияны жоқ, қомақты қаражатты қажет етпейтін жобалардың үкімет тарапынан қолдау таппауына не себеп?

Көре алмайды деп айтып отырмын ғой. Оның үстіне көп жерде оларға қарсы сөз айтып, қатты сөйлеймін. Бұл оларға ұнамайды. Қоқысқа, ауылға, табиғатқа, туризмге арналған мықты проектілер бар. Істейтін жұмыс көп, бірақ қолдайтын үкімет жоқ. Бізге күш керек. Үміткер болып барудағы басты  мақсат-партия құру. Бірақ жібермеді. Үкіметке жаңа партия керек. Монополияны құрту керек. Шындығын айтқанда халық шаршады. 

Қазақстанда экологиялық ахуалы нашар аймақтарды атап өтіңізші?

Алматы. Қазір мұнда адам тұруға мүмкіншілік жоқ. Біріншіден, қала сыйымдылығы жағынан 700 мың адам болса, қазір 3 млн адам тұрып жатыр. Су тапшылығы бар. Алматы төңірегінде қоқыс төгетін тоғыз орын бар. Біреуін жапқыздым. Бірақ басқалары істеп жатыр. Сай-сайды толтырып жатыр. Одан соң Балқаш, Өскемен, Шымкент, т.б. кете береді. 

Алматының әкімдері ауысып жатқанымен экология мәселесі сақталып қалып жатыр. Қалай түзетеміз? Не өзгеріс енгіземіз?

Бірінші, Экология және табиғатты қорғау министрлігін қайта қалпына келтіру керек. Күрделенген мәселелерге бей-жай қарамайтын, зауыттар мен машиналардың зиянын азайтатын жұмыстар атқарылуы керек. Барлығы бір жүйеге келтірілуі керек. 

 

Cұхбаттасқан Мәлік Жанна.

Комментариялар
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр