Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мектепте оқымай-ақ милионер атанған Брайан Трейси бай болудың құпиясын ашты

Бүгін, маусымның 21-і күні әйгілі миллионер әрі бизнес кеңесші Брайан Трейси Алматы қаласында қонақта болды. Қала тұрғындарымен түрлі тақырыпта ой алмасып, тәжірибесімен бөлісті.

_MG_6174

Фото: studio-1.su

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Алдын ала жарнамасы жасалмаса да, Брайан Трейси мырзаның Алматыға келетінін естіп, тренингке билет алуға асыққандар көп. Олардың қатарында Stan.kz  тілшісі де бар. Ұйымдастырушылар маусымның 21-і күні түнгі сағат екіге дейін билет сатқандарын айтты. Нәтижесінде Республика сарайына 400-ге жуық адам жиналған екен.

Залға кіруге асыққан әр қонаққа Брайан мырзаның жұмыс дәптері мен бірнеше тілге аударылған кітаптары жазылған флешка тарту етілді. Мұнымен қатар, келушілер жеке куәліктерін кепілдікке қалдырып, аударманы тыңдауға арналған арнайы құлаққаптар алды.

Қонақтар орындарына жайғасқан соң сахна төріне ұйымдастырушылардың бірі шығып, миллионерді ортаға шақырды. Неге екені белгісіз, Брайан мырза шықпай біраз кідірді. Артынша орнына көмекшісі шығып, ортада тұрған орындықтарды бір түзеп кетті. Ұйымдастырушы Гүлнәр ханым сахна сыртына барып жағдайын сұрағанда толқып тұрғанын айтқан екен. Төрт жүз емес, сан мыңдаған адамды сөзімен баурап әкететін бизнес жаттықтырушының бұл әрекетін көпшілік түсінбей қалған-ды. Десе де, оның бұл қарапайымдылығын жұрт құп көрді.

Әйгілі миллионер мұндай тренингтерді осы уақытқа дейін көптеген мемлекетте өткізіп үлгерген. Бұл оның Қазақстанға алғаш келуі. Ел тұрмысын көзімен көрген Брайан мырза елдегі экономикалық жағдайдың қиын кезеңді өткеріп жатқанын жасырмады. Десе де, бәрі өз қолымызда екенін айтып, жарқын болашақтың үмітін сыйлады.

Әдетте тренингтерін “Бай болғысы келетіндер қол көтерсінші” деп бастайтын Брайан Трейси бұл жолы отырғандардан “Кімнің өмірінде қиындықтары бар?” деп сұрады. Бұл сауалдан кейін барлығы дерлік қол көтеруге асықты.

“Экономикалық қиындық тек Қазақстанда емес, барша әлем мемлекеттерінде бар. Бұл біздің тұлға болып қалыптасуымызға, өсіп-өркендеуімізге кедергі жасамауы тиіс. Өйткені бақыт адамның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайымен өлшенеді. Ақша жеткілікті болса, сіз де, отбасыңыз да бақытты ғұмыр кешері анық. Мысалы, сіз барлық дүние-мүлкіңізді сатып шетелге кеттіңіз делік. Сол сатылымнан түскен ақша сіздің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайыңыздың дәрежесін көрсетеді. Енді өздеріңіз есептеп көріңіздер”, – деді Брайан Трейси.

Залда отырған адамдар мүлкінің қанша екенін есептегендей болып ду күлді.

Брайан мырза семинар бойы табыстың кілті білімде екенін түсіндіруге тырысты. Десе де, өзінің тіпті орта білім алмағанын жасырмады. Отбасында көптеген қиыншылық көріп, мектептен шығып кеткен екен.

“Мен өзімді берекелі отбасында тәрбиелендім деп айта алмаймын. Әкем жалқау, ал анам үнемі тағдырына лағнет айтып жүретін. Жақын достарым да болмады. Олар менен теріс айналып, мектептен шығып кеттім. Артынша қара жұмыс істеп, еден де, ыдыс-аяқ та жудым. Әйелім әлі күнге дейін “Ыдысты сен жақсы жуасың” деп тәрелке жудырып қояды. (Күлді.)

Сатушы болып жүргенімде бір әріптесімнің барлығынан 10 есе артық тауар сататынын байқадым. Одан кеңес сұрап жанына бардым. Барлық техниканы түсіндіріп берді. Сөйтіп небәрі 26 жасымда менің қол астымда 92 адам жұмыс істеді. Екі жыл бойы киім-кешек те алмадым. Ал 30 жасымда қайтадан оқуымды жалғастырдым”, – дейді Брайан Трейси.

Бұдан кейін миллионер алдын ала таратылған жұмыс дәптері бойынша жаттығулар жасатуға кірісті. Келушілерге небәрі 30 секунд ішінде ең маңызды деген үш мақсаттарын жаздырды. Артынша осы мақсаттарға жету үшін қандай қадамдар жасау керектігін жаздырды. Бұдан кейін қатар отырған жандар дәптерге жазылған мақсаттары туралы ойын бөлісті.

Миллионер әдетте табысқа жету үшін 10 жыл қажет екенін айтады. Десе де, кезінде оның сөзіне құлақ асқандар бұл сөздерінің жалған екенін тілге тиек етіп жүр екен. Себебі, олар мол табысқа небәрі 5-7 жылдың ішінде кенелген.

Семинар бойы бизнес жаттықтырушы білімнің маңыздылығын меңзеп қана қоймай, төмендегідей кеңестер ұсынды:

1. Аптасына бес күн 2 сағаттан жаңа кітап оқыңыз;

2. Кедейлердің күніне 7-8 сағат, ал бай адамдардың күніне бір сағат қана теледидар қарайтынын ұмытпаңыз;

3. Уақытыңызды үнемдеңіз. Тайм менджмент ережелеріне жүгініңіз;

4. Ай сайын табысыңызды 2%-ға, жылына 25%-ға арттырып отырыңыз;

5. Проблемаларыңыз туралы емес, жеткіңіз келетін жетістіктеріңіз туралы көбірек ойлаңыз;

6. Қандай жағдай болмасын оптимист болыңыз. Әрбір сәтсіздіктен сабақ алыңыз. Өмір тәжірибеден құралады.

“Білесіздер ме, мен табысты адамдармен әңгімелесіп отырған кезде, олардың ақша туралы мүлдем айтпайтынын байқаймын. Олар тек отбасылық құндылықтар туралы сөз қозғайды. Жауапкершілік сезімінің маңызды екенін айтады. Тағдырға лағнет айтып, қол қусырып қарап отыра беру де, алға жылжып алдыңғы қатарға қосылу да біздің қолымызда. Мен адам баласының өзіне белгілі бір қатаң тәртіп қойса, табысқа жететініне көзім жетті. Ең бастысы, еш уақытта берілмеу, табандылық таныту”, – деп Брайан Трейси көпшілікке сәттілік тіледі.

Миллионер, бизнес-бестселлерлердің авторы мен жетекшісі Брайан Трейси адам сенгісіз табысқа жеткен тұлғалардың бірі. Ол өзінің жеке компаниясының әлемде 32 филиалын ашып, 200-ден астам компанияның нарыққа шығуына көмектескен.

IBM, Bank of America, BMW, Mobil, Glaxo, McDonnell Douglas сынды компаниялармен жұмыс істеп, жеке кеңесшісі болған.  52 кітаптың, жатықтыратын 500 аудио және видео бағдарламалардың авторы жыл сайын әртүрлі мемлекетте семинарлар өткізеді.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай


Жіберіп алмаңыздар:

Сәнбике миллионер жігітін өлтіргені үшін айыпталды

Алжир миллионерінің зәулім үйіндегі азғындыққа құрылған көңілді кеш (фото)

Мектеп қабырғасында миллионер болған қазақстандықтың құпиясы

7 ай өмірі қалғанын білген миллионер бүкіл дүниесін қайырымдылыққа жұмсауды ұйғарды

Талқылау