Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мектепте үстіне жиһаз құлап, көзінен айырылған оқушыға жауаптылар әлі жазаланбаған

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы мектептің бірінде “еден жуамын” деп үстіне жиһаз құлап, бір көзінен айырылған Ақеркенің ата-анасы, әлі ешкім жазаланбады деп отыр.

Безымянный

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Қаршадай балаға еден жуғызып, қараусыз тастаған сынып жетекшісінің кінәсі анық болса да, полицейлер істі бітіруге құлықсыз дейді олар. Ал, полиция қызметкерлері дәлел жеткіліксіз болғандықтан, ешкімге айып таға алмай отырғандарын айтады.

Сарыағаштың Алғабас ауылындағы оқыс оқиға «Мақташы» мектебіне ғана емес, республикаға тараған. Алты ай өтсе де, полицейлер істің жағдайымен таныстырмады дейді Ақеркенің туыстары. Қаршадай балаға еден жуғызып, үстіне жиһаз құласа да, кінәлілердің анықталмауы таңқалдыратынын айтады олар.

“Директоры орнынан босатылып, жай мұғалім болып істеп жатыр. Сынып жетекшісі шыққан еді, ол қайта кіріп алды. Қазір сабақ беріп жатыр мектепте. Олардан көмек те, ештеңе болып жатқан жоқ бізге”, – дейді Ақеркенің анасы Майра Тұрғынова.

Екінші сыныпта оқитын Ақерке көзінен жарақат алғалы, мектепке бармайды. Үйде дәріс алады. Дәл қазір де ұстазы оған сабақ өтуде.

Оқиғаның артынша білім бөлімі мектеп басшысын қызметінен алған. Сынып жетекшісі уақытша қызметінен шеттетілген. Кімнің кінәлі екенін құзырлы орын анықтайды деген білім ордасы қыздың ата-анасына көмек қолын созған. Сынып жетекшісі, оның күйеуі, бұрынғы директор, шаруашылық меңгерушісі мен басқалар берген ақшаны қосқанда бас-аяғы 605 мың теңге материалдық жәрдем көрсетіліпті.

“Бас тартып отырған жоқпыз. Алло, ағай десе, Шымкентке баратын едік, врачқа көрінетін едік десе, жол кіресін беруге дайынбыз. Әлі де, беріп жатырмыз”, – дейді № 81-ші Мақташы мектебінің қазіргі директоры Әбдіқалы Дүйсенов.

Жәбірленуші тараптың полицейлерге өкпесі «қара қазандай». Сөздерінше, не тергеуші, не бөлім басшысы жауап қатпаған. Облыстағы полиция генералы да «бақылауда тұр» деген жұбатудан артық ештеңе айтпады дейді. Жарты жылға жуықтап, созбалаңға салынған істің әлі шешімі жоқ деген наразы жақ, тергеуден бейхабар көрінеді. Осы күнге дейін шешім қабылдамағанын тергеуші де мойындады.

“Қазіргі таңда дәлел жеткіліксіз болуына байланысты, ешқандай айып тағылған жоқ. Тергеу амалдары жалғастырылуда”, – дейді Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық полиция бөлімінің тергеушісі Нұрлан Әбдіраманов.

Жәбірленуші тарап “кінәлі ұстаз сабағын жалғастырып отыр деп есептейді. Ал, тергеуші ешкімге айып тақпаған. «Сыныпта еден жуып, үстіне жиһаз құлаған әрі зардабынан бір көзі соқыр күй кешкен қамкөңіл қызымның сұрауы кімнен?» дейді жыларман күй кешкен қыздың анасы. Арманы, кінәлілерді жауапқа тарту, ал қызын мемлекеттік жеңілдікпен Астанаға емдету. Әділдік іздеу жолында шаршамайтынын айтып, әлі де шағымдануға бекініп отыр.

Талқылау