Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары арасындағы жанжал ушыға түсті

Мұхтар Тінекеев пен Аманжол Жамаловтың арасындағы жанжал ушыға түсті. Мәжілістің алғашқы отырысын айқаймен бастаған қос депутатты қырқыстырып қойған «Коллекторлық қызмет туралы» заң деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Безымянный

Сурет exclusive.kz

Құжатты дайындаған Ұлттық банк несиесін төлемей жүрген жұрттың қордаланып қалған қарызын қайтаруды жеке агенттіктерге бермек. Тінікеев сол коллекторларды халықты қанайтын нағыз «мафия» деп атаса, Жамалов жақтап отыр.

Алғашқы отырысқа ескілері қызметтік пәтерінен, ал жаңадан сайланған мәжілісмендер бюджет есебінен күніне 120 мың теңге төлеп түнеп жүрген қымбат қонақүйден келді. Көбі көңілді. Тек тағынан түсіп, депутаттық орынтаққа жайғасқан Қабиболла Жақыпов қалың ойға кеткен. Ал Жақыповты ығыстырып, бір сәтте елдегі ықпалды үшінші адамға айналған жаңа спикер Бақтықожа Ізмұхамедов бүгін бірінші рет өз міндетіне кірісті.

Бір қызығы, депутаттардың басқосуынан тарқауы тез болды. Бұрын соңды болмаған рекорд орнатып, небары 15 минутта төрт заң жобасын шапшаң қарап шықты. Ешкім Үкіметке сауал жолдап, белсенген жоқ. Жалпы отырыстан тыныш тарағанымен, халық қалаулылары комитеттің жеке жиынында жаға жыртыса жаздады. Ашуға мінген әріптестерін Гүлжан Қарағұсова кабинеттен шығып мәселелерін дәлізде шешуді талап етті.

Бір-біріне құлақ аспай, айқайласып жатқан 12 жылдан бері табан аудармай мәжілісте жүрген Мұхтар Тінекеев пен Аманжан Жамалов. Бұл екеуін ұрыстырып қойған Ұлттық банк алып келген «Коллекторлық қызмет туралы» заң. Тінекеев бұл құжат қабылданса, тұрғындардың тоналатынын айтты. Ал әріптесінің ашықтан-ашық лобби жасағанына күйініп отыр.

“Біз мафияны заңдастырып жатырмыз. Заңды мақтап бекіттіріп алғылары келеді. Бұл қарапайым халықты жылататын заң”, – деді мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев.

Ал Аманжан Жамаловтың мамандығы экономист болған соң, банктердің жағдайын жақсы түсінеді екен. Ол керісінше, коллекторлық агенттіктердің жұмысын заңдастырып берейік деп, қарсы шықты. Сондықтан, Тінекеевтің «құжаттан бас тартайық» деген ұсынысын естігенде, қатты ашуланды.

“Ешкімнің ешкімге өткізіп қойғаны ештеңесі жоқ қой. Әркімнің өз пікірі бар. Бұл заңнаманың ішінде халықтың құқығын қорғағаннан басқа ештеңе жоқ”, – деп уәж айтты мәжіліс депутаты Аманжол Жамалов.

Жалпы, қазір елімізде 200-ден астам коллекторлық компания бар екен. Олар банкке берешегі бар азаматтардың соңына түсіп, қарызды қайтарумен айналысады. Несиесін төлемеген жұртты жағадан алатын сол агенттіктердің жұмысын Ұлттық банк заңдастырып алмақ. Даулы құжатты Мәжіліс жуырда жалпы отырыста қарайды. Ал, алғашқы жұмыс күнінен тіресіп қалған Тінікеев пен Жамалов бір-біріне оңайлықпен беріспек емес.

Осыған қарағанда, ескі әріптестердің арасындағы текетірес мұнымен бітпейтін түрі бар. Өйткені, Аманжол Жамалов жаңадан сайланғанымен, оңай шағылатын жаңғақ емес. Ол бұған дейін депутат болған. Ал Мәжілістің ардагері Мұхтар Тінікеев те өз ұстанымы үшін соңына дейін күреспек. Яғни, парламенттің жаңа маусымы айтыс-тартысқа толы болғалы тұр.

Талқылау