Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Масыл болғым келмейді: Обыр дертіне шалдыққан қыз ата-анасынан өзін тастап кетуді сұраған

Айықпас дертке шалдыққан 14 жастағы жасөспірім кедей ата-анасынан өзін тастап кетуді сұраған. Аурумен күресуден шаршаған қыз бар жиған-тергенін беріп, күнелтіп жүрген ата-анасына масыл болғысы келмейтінін айтқан.

Бұл туралы шетелдік The Daily Mail басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Қытайда тұратын отбасы азапты күндерді бастан кешуде. Ата-анасы айықпас дертке шалдыққан қызы үшін қолда барын сатып, қарызға батқан. Дәл осы себепті 14 жастағы Ли Сяоцин өзін қалдырып кетуді сұраған.

Көз жасын көлдеткен жеткіншек: “Өтінемін, мені жібере салыңдаршы. Мойындарыңа масыл болғым келмейді”, – деп жылаған-ды.

Қытай БАҚ құралдарының хабарлауынша, Сяоцинге 2014 жылдың мамыр айында гепатобластома, яғни бауыр обыры диагнозы қойылған. Айта кетейік, гепатобластома – бауыр обырының сирек кездесетін түрі. Аталған дерт бірінші кезекте үш жасқа дейінгі балаларда тез дамиды. Аурудың неден пайда болатыны белгісіз. 

Сяоцин отбасымен бірге Қытайдың Хэнань аймағында тұрады. Өкінішке қарай, аймақтық дәрігерлер медициналық мүмкіндік болмағандықтан, оған ем-дом жасай алмайтындарын айтқан. Қыздың ата-анасына Бейжіңге баруға кеңес берген. Бейжің қыздың отбасы тұратын аймақтан 510 километр қашықтықта орналасқанын айта кетейік.

Бейжің дәрігерлері ота жасау үшін ісікті кішірейту керек екенін, ол үшін алдымен химиотерапиядан өту қажеттігін ескерткен. Алайда қаражаттың аздығына орай ата-анасы Сяоцинді Пуян қаласына жеткізген-ді. Бірнеше ай химиотерапиядан кейін Сяоциннің жағдайы нашарлай түскен. Сондықтан ата-анасы оны қайтадан Бейжіңге апаруға мәжбүр болған-ды.

Қыздың әкесі Сянпин отбасының жалғыз асыраушысы. Ол фермашы әрі қара жұмысшы болып жұмыс істейді. Елдің айтуынша, қызының ем-домына ақша жинау үшін әкесі бір ай бойы жертөле мен орманды мекен еткен. Ақырында отбасы қаланың шет маңынан пәтер жалдап тұрған.

Сяоцин бас-аяғы 20 химиотерапия курсынан өтіпті. Оның отбасы шамамен 33 мың фунт стерлинг ақша жұмсаған. Соған қарамастан, ата-анасы ем-домды жалғастырамыз деп отыр.

Бірақ оқушы қыз жағдайының жақсармағанын, оған қоса, ата-анасының да ақшадан таршылық көріп жүргенін білген соң емделуден бас тартқан.

“Әке, мен енді химиотерапиядан өткім келмейді. Ақшамыз да жоқ. Қарыздарыңды қалай қайтарасыңдар? Менен басқа екі балаларың бар”, – деп жылады ата-анасын құшақтаған қыз.

Алайда ата-анасы ештеңеге қарамастан, Сяоцинді жалғыз тастамаймыз деп отыр. Қыздың отбасына көмектесу үшін еріктілер арнайы парақша ашып, елден көмек сұрауға кіріскен.

Жіберіп алмаңыз:

Канададағы қазақтар мен қырғыздар бас қосып, отандастарына үндеу жасады

Әлеуметтік желіден өзі жайлы видеоны көрген 10 жасар қыз өзіне қол жұмсады

91 жастағы соғыс ардагері 15 жыл бойы отбасына сес көрсетіп келген немересін пышақтап өлтірді

Оны тамақтандырудан шаршадым: Анасы 2 жасар қызын тұншықтырып өлтірді

Талқылау