Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марфуға Айтқожина: өмірбаяны және өлеңдері

Stan.kz қазақтың жыр аққуы атанған ақын қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлықтың иегері Марфуға Ғалиқызы Айтқожинаның өмірбаяны мен 10 өлеңін ұсынады.

Марфуға Айтхожинаның 10 өлеңі

Марфуға Айтқожина 1936 жылы 25 тамызда Қытай Халық Республикасының, Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа қаласында дүниеге келген. 1956 жылы Құлжа әйелдер педагогикалық гимназиясын бітіріп, содан кейін онда оқытушы болып жұмыс істеді. Ал 1958 жылы отбасымен бірге КСРО-ға көшіп келді. 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, ал 1971 жылы – Мәскеудегі Жоғары әдебиет курстарын бітірді. 1961 жылдан 1969 жылға дейін «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде қызмет етті.

Қазақтың ақын қызы шет жақта өмірге келгенімен Қазақстан оның ата-жұрты. Атасы Айтқожа суырып салма ақын, топ жарған шешен, 14 жасынан билік айтқан би болған. Кейін қажыға да барған. Тіпті, оны құрметтеген халық Қапал Арасынды Айтқожа арасан, Айтқожа жайлауы деп атап кеткен. Қазақтың ақын қызының түр-сыпаты да атасына тарқан көрінеді. Ол ұзын бойлы, өңі ақ, сақал-шашы күмістей ағарған, көзі сәл көгілдірлеу кісі болған.

Халық Марфуға апайымызды жыр аққуы десе, бауырлары, жақындары Біраға деп атайды екен, ал ақын анамыздың шын есімі Маруа. Қажы атасы Меккеге барған кезде Маруа деген тауды көрген екен. Сонда қарт  Айтқожа өмірге қыз бала келсе атын Маруа қойыңдар деп ырымдап, айтып кетіпті. Тіпті, әкесі де Марфуға апайымыздың бала кезіндегі суретінің артына Маруа-Марфуға деп жазып қойған екен. Бұл Құранда биіктік, көтеріңкі шың деген мағынада көрсетілген.

Бала күнінде ата-анасы Мәрпетай деп еркелеткендіктен, бүкіл ауыл да солай атап кеткен екен. Ал, іні-бауырларының бәрі Кіші аға деп атап кетіпті. Оның себебі, кезінде Марфуға ақынның әкесі ел ағасы болғандықтан, оны паналап келгендер көп болыпты. Сол жан-жақтан жиналған адамдар бір отбасы секілді ұйымшыл болып, ауыл құрған екен. Сонда Марфуға Айтқожина бір ауылда алғаш дүние келген бала болыпты. Сөйтіп ата-анасы болашақ ақын қызды ұл бала секілді киіндіріп, 3 жасынан атқа мінгізіп, әлпештеп алдарына алып жүрген екен. Өстіп, ұл бала секілді өскен қазақтың ақын қызын ауылдастарының, бауырларының Кіші аға деп атап кеткені де содан.

Содан да болар Марфуға апайыыз 20 жасқа келгенше аттың үстінде өскен. Ақын өзінің«Қайран Талқы таулар-ай биік неткен» деген өлеңінде айтып өткендей, Марфуға апайымыз аспан тауы, қазақтың Тәңір тауының етегінде өскен. Марфуға ақынның балалық шағы табиғаты сұлу Талқы тауы, Сайрам көлі, Іле өзенін арындап ағып жатқан Құлжа қаласында өтті. Міне, осы керемет сұлулықты, осы бір табиғатты өз көзімен көрген болашақ ақын қыз жас кезінен сұлулыққа құштар болып, таңырқап, таңдай қағып өсті.

Жыр аққуы туып-өскен Сайрам көлінде аққулар көп жүрген екен. Болашақ ақын қыз бала күнінде кешке дейін сол көлдің жағасында жүріп, аққулармен ойнап өсіпті. Тіпті, ақын қыз аққулар ұшып кетпейінше үйіне қайтпай, ойнаған екен. Ал кез-келген баланың аққумен ойнамайтынын білген ата-анасы қыздарын аққу секілді болсын деп, аппақ киім киіндіріп ырымдапты.

Ал кейін 1968 жылы Марфуға ақынның кітабы жарық көріп, ақын анамыз Мәскеуде Жазушылар одағына қабылданған кезде жанама атын Аққу деп көрсеткен екен.

Жыр аққуы атанған Марфуға Айтқожинаның бірнеше романстары мен әндері бар. Соның бірі айтулы «Дара тұлға» деген Елбасына арналған туындысы. Оның әні де, мәтіні де Марфуға апайымыздың жүрегінен туған. Оны қазақтың атақты әншісі Шахимардан Әбілов орындап келген болатын. Қаламынан осындай керемет туындылар туған Марфуға Айтқожина халқы үшін өлең жазып, халқы үшін өмір сүріп жүрген жан.

Марфуға апаймыздың өз жұртындағылар мен нағашылары да шетінен өнерлі адамдар болған. Ал ақын апайымыздың Әлия есімді үлкен қызы да анасына тартқан өнерге жақын адам екен. Ол Жұбанов атындағы музыкалық колледжді, концерваторияны бітірген виолончельші. Оның үстіне күйсандықта ойнағанды жақсы көрген.

Марфуға апайымыздың немерелері де өнерден құр алақан емес. Олардың өздерінің музыкаға деген ерекше құштарлығы бар. Ал, екінші қызы Жанбота жас кезінде өлең жазған екен. Қанша жерден ақыл-ойдың адамы, философ болса да қоңырлатып, қоңыр дауыспен әндетіп, гитарада ойнайды.

Марфуға Айтқожина “Аңсау”, “Ақку жүрек”, Алатаудың Ақ батасы” туындыларында Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін эпикалық кең тыныспен жырлайды. Оның 60-жылдардан бері бүгінгі күнге дейін жиырма бес жыр жинағы шыққан. Алғашқы өлеңдер жинағы “Балқұрақ” деген атпен 1962 жылы жарияланады. Кейіннен әр жылдары “Шыңдағы жазу”, “Жастық шақ”, “Аққуым менің”, “Қаракөз айым”, “Баянжүрек”, “Көзімнің қарасы”, “Ақ бесігім”, “Жарқыра, менің жұлдызым”, “Қыран жеткен”, “Таңдамалы”, “Сағыныш сазы”, “Жапырақ сілкінген кеш”, “Аңсау”, “Аққу жүрек”, орыс тілінде “Утверждение”, “Голубые голуби”, “Струна степей”, “Горсть земли”, “Украшение коня”, “Летние росы” өлеңдер жинақтары жарық көрді. Ал бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, парсы және тағы басқа тілдерге аударылған.

Соғады жүрек

Нұр күлкісі жүзінен айықпаған,
Отыр жалғыз теңселіп қайықта адам.
Бәйек болып ерке өзен келе жатыр,
Толқын-толқын құшағын жайып маған.
Келе жатыр желкілдеп толқын жалы,
Кеудемді жаңа күймен толтырғалы.
О, дариға, жалт беріп жалын атып,
Жүрегім де осылай толқыр ма әлі.
Тынар ма толқын үні гүрсілдеген,
Соғады жүрек қатты дүрсілдеген.
Оттан ыстық жастықтың құшағында,
Балқып кетпей сен қайтып тұрсың, денем.

Біз екеуміз

Отты көздің жанарынан аумаған,
Егіз қайың сияқты едік екеуміз.
Ақжал толқын сияқтанып аунаған,
Жетелесіп бірге өскен екенбіз.
Жақындамай не бір жақсы досымдай,
Сен дегенде ет жүрегім езілген.
Шалғай кеткен жол сияқты қосылмай,
Екі жақта өртендік-ау сезіммен.
Қыз жүрегін өзің едің күлдірген,
(Жүрген бала ек кеше ғана секіріп).
Махаббаттың өкінішін кім білген,
Жыр толғаймын есейгенде өкініп.
Талай көздер екеумізге сұқтанған,
Жырық үйдің жабығынан нұр сынып.
Сол пәк сезім жүгіріп талай шықты алдан,
Жалт бергенмен бұл опасыз тіршілік.
Отты көздің жанарынан аумаған,
Егіз қайың сияқты едік екеуміз.
Ақжал толқын сияқтанып аунаған,
Жетелесіп бірге өскен екенбіз.

Көз тігіп

Елеңдеп сенің жолыңды күттім,
Қайтқанша ұзақ сапардан.
Өртеген жанды
Жалынды жұттым,
Тереңде тыншып жатар ма ән.
Көз тігіп келер күңдерге сонау,
Одан да кейде жұбаныш таптым.
Күндерде күткен —
Сағыныш мол–ау,
Бір үміт алда үзілмей жаттың.
Өртейді жалын,
Толқиды сағым,
Сезім — құйын,
Үйіріп шаңын.
Өтеді-ау осынау қызықты шағым,
Бұлт болып көшті сағыныштарым.
Бақыт қой, жаным,
Сағыну, аңсау,
Бәрі де демеу көңілге қамсау.
Тоғышардың тоқ жүрер көңілі,
Қашан да көрсең,
Бас аман, мал сау
Елеңдеп сенің жолыңды күттім,
Қайтқанша ұзақ сапардан.
Құпиясы мол сағынышты ұқтым,
Қалмай да жүрсең қатардан…

Сырымды айтам

Сенен өзге —
Жақынды мен таппадым,
Содан болар шаужайыңа қақпадым.
Сұлу аттай сүзілдіріп жалынды,
Ертелі-кеш бір өзіңді баптадым.
Сенен өзге —
Жақынды мен таппадым,
Жалынбадым, басқаға мұң шақпадым.
Күтіп келем бір өзіңнің жолыңды,
Күтіп келем, атар таңның әппағын.
Сенен өзге —
Жақынды мен таппадым,
Бұл өмірдің кезіп жүріп соқпағын.
Өлеңдерім, жан серігім, жақыным,
Тұтата бер шабыттардың шақпағын.
Сен көгерсең —
Бірге көктеп, өнермін,
Сен қурасаң —
Мен де бірге сөнермін.
Сенен өзге жанға берер сертім жоқ,
Не көрсетсе —
Өзі білсін келер күн.
Сенен өзге —
Жақынды мен таппадым,
Үнсіз қалсам іздедің сен, жоқтадың.
Берілсем де кейде құрғақ қиялға,
Бір өзіңе —
Тиянақтап, тоқтадым.

Сүю үшін

Жүрегім бар сүю үшін жаралған,
Соғады ұдай жалын алып жанардан.
Төңіректен әнге, күйге малынып,
Тоғысады бір өзінде бар арман.
Сол сезеді тәттіңді де, ащыны,
(Емес, сірә, бұл өмірдің қашқыны).
Түймедей боп тұрғанменен кеудеде,
Бір өзінде өмірдің өр тасқыны.
Өзі емес пе, өзгеге тіл қататын,
Өзі емес пе, түн боп қалғып жататын.
Өзі емес пе, самал боп сыбырлап,
Өзі емес пе, аппақ таң боп ататын.
Кейде асау, тулап-тулап кетеді,
Тәкаппар ғой, кейде мазақ етеді.
Бұл кеудемде соғып тұрса ұдайы,
Жалыны да, жылауы да жетеді.

Күндер қайда

Күндер қайда кешегі от көрінген,
Гүлдер ыққан құшаққа кеші қандай.
Көзіңді жұмып, аттап өткеніңмен,
Мен оны отыра алман есіме алмай.
Аспан да жарқыратып жұлдыздарын,
Самал жанды кететін айықтырып.
Түн пердесі түсіріп құндыз қалың,
Шақыратын құшағын жайып тұрып.
Серуендеп кеш болса шығатынбыз,
Алдымызда кең дала алаң ашық.
Көрінсе үлкен кісі ығатынбыз,
Екеумізді от сезім ала қашып.
Бақтар бізді сағынып, біз бақтарды,
Кәусар сырлар көңілге құйылатын.
Қыдырумен атқызып күзгі ақ таңды,
Таң нұрымен жүзіміз құбылатын.
Көл бетінде қалатын толқын күліп,
Самал келіп сыбырлап өпкенінде.
Қайран күндер сағымдай толқып жүріп,
Адастырып кетіпті-ау өткелін де.

Есіңе ал

Есіңе ал, мұңайған сол шақтарыңды,
Есіңе ал тұнып қалған бақта гүлді.
Еріксіз әсем кеткен есіл күн–ай,
Шағайын әкел бермен шақпағыңды.
Жылдар–ай, өтсең–дағы ойнақтатып,
Қалқисың ғой таңдайда қаймақ татып.
Мана тұрған жарық ай төбедегі,
Кетті ол да тұңғиыққа жайлап батып.
Қырлар–ай, көсілдірген сәйгүлікті,
Салдырған ба шын асау жай құрықты.
Бұлқынған асаудайын қайран көңіл,
Бұл күнде әр нәрседен шайлығыпты.
Сан рет тарқатылдым, ширатылдым,
Сан рет шайқалдым да сырға тұндым.
Дауылыңнан екпінді, еңселеткен,
Тебірендім, теңселдім, ырғатылдым.
Көк жиек шалғайы көз бұлдыратқан,
Қайда әлгі күміс күлкі сыңғыр қаққан.
Келе жатыр көп күткен арманымдай,
Қағып тастап қабағын мөлдір ақ таң.

Сағыныш тамшылары

Көп–ау жандар арманына жетпеген де, жеткен де
Өмір құшқан ақын жаны лапылдаған от кейде.
Гүл атқызам ақ арманды көктеменің өзіндей,
Өр теңіздің өзі берген тасқыны бар тек менде.
Жан емеспін көрген әсте бұл тағдырдан жасқанып,
Жаңа бір ән әсем, асқақ кетті-ау тағы басталып.
Жібек сезім желпиді кеп көңілдің көк орманын,
Биік құздар қалғиды онда ақ бұлттарын жастанып.
Мың сан бұлақ өз тұнығын кеудеме әкеп құлатқан,
Арай таңның шұғыласын оранып мен гүл атқам.
Толастасам іздейсің сен, көрмесем мен сағынып,
Әнің бе едім,
бұлбұл таңдай қайырғанша құмартқан.
Жымыңдатып жұлдыз көзін
жаудырайды түнгі аспан,
Сыр шертеді сыбдырласып ақ қайындар тынбастан.
Балқып кетіп гүлбақтардың махаббатқа құшағы,
Бұл түндері бұлақтар да пәк сезімді жырласқан.
Жалт береді үркек сезім қырдан елік қашқандай,
Төгіледі нәзік бір үн күй пернесін басқандай.
Қадірі де болмас еді-ау бізді құшқан бақыттың,
Сағыныш толы жүректердің кірпігінен жас тамбай.
Беу, сағыныш, тәттіңнен де
ащың көп – аумен ішкен,
Сағыныш жанға от маздатар, сағынбасқа келіспен.
Қуанышқа болар ортақ айта берсек әркімдер,
Жақсы-ау жанды жадыратып,
сағынышты да бөліскен.
Атқан таңдар құшағынан күмбірлейді күй өріп,
Бұл күндері түсіме де жүрсің, рас, жиі еніп.
Саған деген сағыныштың, қалқам, тіптен шегі жоқ,
Түрегелем сағыныштың тамшысына сүйеніп.
Тәкаппар шың тым алыстан көрінген,
Әлде сен бір қорғасындай төзім бе ең.
Әлде сен бір періште ме ең тағдырың,
Өн-бойыңды сиқырлаған сезіммен.
Әлде сен бір шықпай жүрген түсімнен,
Мені үнсіз табындырған күшім бе ең.
Әлде сен бір жанармысың мөп-мөлдір,
Ләззатыңды бас тартпайтын ішуден.
Әлде сен бір мен шыға алмас биік пе ең,
Қашан–дағы биіктікті сүйіп те ем.
Әлде өзің болармысың, махаббат,
Жалыныңнан өте-тұғын күйіп мен.

Қиыла қарап артқа…

Жүрекке —
Жанарынан от жандырып,
Жаныңды —
Жымиғаны шаттандырып.
Қиыла артта қарап қалса шіркін,
Қимас қалқаң аулынан аттандырып.
Жанарын —
Жанған оттай шоқтандырып,
Сенің де —
Өзегінде шоқ қалдырып.
Қиыла қарап артта қалса шіркін,
Жаманат, жат көздерден сақтандырып.
Қимас дәурен —
Осынау шақтар қызық,
Ұсынады —
Раушанын бақтар да үзіп.
Арынды менің асау, күндерім–ай,
Жастықтың базарымен жатқан қызып.
Іздерінен —
Құйындай шаң боратып,
Қыз дүниені
Көркіне сан қаратып.
Жас жүрегі дамылсыз жанады екен,
Армандар кеудеде аппақ таңды оятып.
Жолында —
Жаудырап қап паң қарашық,
Назына —
Жарқын жүз бен жан жарасып.
“Барса келмес” махаббат аралында,
Дариғай–ай, қалар ма еді мәңгі адасып.
Жүрекке —
Жанарынан от жандырып,
Жаныңды —
Жымиғаны шаттандырып.
Қиыла қарап артта қалса шіркін,
Қимас қалқаң аулынан аттандырып.

Кездесулер

Кездесулер қандай қызық
өтсе-дағы талай жыл,
Есте жүрер ұмытылмас,
ұмыт болар қалай бұл.
Көңіл шалқып, жаның балқып,
мәз боласың балаша,
Оң жағыңнан туғандай-ақ
шалқалаған жаңа ай бір.
Кездесулер қандай қызық
жыл құсындай оралған,
Ұялатар көңіліңе —
тәтті қиял, мол арман.
Тебірентпей ме, толқытпай ма
сол бір сәтте жаныңды,
Мөлт етіп бір тамып түскен
ып-ыссы жас жанардан.
Кездесулер қандай қызық,
қандай қызық әсерлі,
Өтіп кеткен сонау шақты
көз алдыма әкелді.
Арманды да оралтты ғой
тасаланған біздерден
Еркелейін, өртенейін
жанарыңды аш енді.
Кездесулер қандай қызық,
өтсе-дағы талай жыл,
Есте жүрер ұмытылмас,
Ұмытылар қалай бұл,
Көңіл шалқып, жанын, балқып
Мәз боласың балаша,
Оң жағыңнан туғандай-ақ
Шалқалаған жаңа ай бір.

Жамандарға не дауа,
Болса егер ақылсыз.
Жақсыларға не дауа,
Болса егер батылсыз.
Батырларға не дауа,
Болса егер құралсыз.
Жезтаңдайға не дауа,
Өмір кешсе бұла әнсіз.
Бақыттыға не дауа,
Шын бақытты ұқпаса,
Қыран құсқа не дауа,
Шығандап ұшып шықпаса.
Арсыздарға не дауа,
Жақсылық бойға жұқпаса.
Сабылып барып не дауа,
Сағынып досың шықпаса.
Ажал шалып жығады,
Қас дұшпаның жықпаса.
Көлеңкеде өр көңіл,
Деп тілеймін бұқпаса..

 

Талқылау