Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Марафонға қатысушыларды ұялтқан алматылық әйелдің өзі сынға қалды

Алматылық әйел 21 сәуірде өткен «Алматы марафон» қайырымдылық спорттық шарасына қатысушыларды ұялтып тастады. Ол қатысушылардың көшені ластап, қоқыс қалдырып кеткенін сөз еткен. Алайда желі қолданушылары әйелдің өзін сынға алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сурет: ашық дереккөзінен

Facebook желісіндегі «Астана, хочу похвалит, пожаловаться» тобында шағымданған әйел марафонға қатысушылардың Әл-Фараби даңғылының бойына қоқыс тастап кеткенін жазған. Оның айтуынша, балалары ерікті ретінде марафоннан кейін қала көшелерін қоқыстан тазалаған. 

«Өткен жылы Санкт-Петербургте бірнеше жерден «Мәдениетпен жауымыздың көзін жоямыз» деген ұран жазылып тұрғанын көрдім. Сол кезде шок болдым. Артынша мейманханадағы тазалықшы әйелмен сөйлесіп, бұл тарихи қаланың тұрғындары көшеде қоқыс тастамайтынын білдім. Ал жергілікті тұрғын мен көшеде шемішке шағу ұғымдары бір-біріне кереғар түсінік.

Ұялсам да сұрайын. Неліктен қайырымдылық марафонының қатысушылары су ішкеннен кейін, қағаз стақандарды Әл-Фараби даңғылының бойына лақтырып кетті? Сонда марафонға қатысқандағы мақсатыңыз қандай? Бұл даңғыл қаламыздың маңызды күретамыры екенін білмейсіз бе? Мен жүргізуші ретінде Әл-Фараби даңғылын жарты күнге жапса не болатынын білемін. 

Қайырымдылық марафонына қатысқан ересек қатысушылар, аяғыңыздың астына қоқыс тастағанда не ойладыңыз?

Тазалық жүргізілген жерде, қоқыс тасталмаған жерде тазалық болады. Мәдениетпен жауымыздың көзін жоямыз. Өкінішке орай, біз үшін бұл маңызды емес» - дейді ол. 

Алайда желі қолданушылары әйелдің өзін сынға алды. Олар спорттық шара кезінде қағаз стақандарды жерге тастау қалыпты жағдай екенін айтты. 

«Жыл сайын марафоннан кейін осы тақырып көтеріледі. Марафондардың бәрі осылай өткізіледі, себебі бүкіл жолдың бойына қоқыс жәшігін орнату мүмкін емес. 42 шақырым қоқыс жәшігі? 15 мың адамның жүгіріп, су ішкенін елестетіңізші. Мұншама стақан үшін қанша қоқыс жәшігі керек? Олар 5-ақ секундта толып қалады. Осылай марафоншылардан кейін жинап алған жеңіл. Сол үшін де еріктілер тартылады».

«Марафонға қатысушылардың жүгіріп, стақандарды жерге тастағаны қалыпты жағдай. Олимпиада ойындарында спортшылардың бәрі су ішіп, стақанды жерге тастайды. Себебі мақсаттары – мәреге жету. Мұндай ірі шаралардан кейін билік қоқыстың жиналуын ұйымдастырады. Ал адамдардың күнделікті тұрмыста қоқыс тастағаны басқа әңгіме. Адамдар пластик шөлмектерді лақтырып, су қоймаларына тастайды. Сонда «табиғатта» не болып жатыр? сондықтан бұл тақырып маңызды деп санаймын. Алайда бұл жағдайда еріктілер мен басқа да қызметтер көшелерді қоқыстан тазалады».

«Жүгіру кезінде жерге стақан мен шөлмек тастаған емеспін. Барлығы солай жасайды деп айту дұрыс емес».

Талқылау