Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шындықтан қаша алмайсың: Белсенділерді не үшін сотқа жіберді

Жексенбі күні Алматыда 30 мыңнан аса адам қатысқан марафон өтті. Марафон кезінде көшеге плакат алып шыққан адамдар ұсталды. Полиция олардың тұтқындалуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Шындықтан қашып құтыла алмайсың: Белсенділерді не үшін сотқа жіберді

21 сәуірде Алматыда жыл сайынғы халықаралық «Алматы марафон» шарасы өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 17 мың адам ресми түрде тіркеліп, 30 мыңнан аса адам қатысқан. Олардың ішінде 500 шетелдік азамат бар. 

2013 жылы Бостонда өткен марафонда болған терактіні мысал еткен Алматы полициясы марафонға қатысушылардың өміріне қауіп төндіретін қылмыстар мен заңға қарсы әрекеттердің алдын алу үшін, қоғамдық тәртіпті күшейтілген түрде қамтамасыз етті. Екі мыңнан аса полиция қызметкері жұмылдырылды. 

«Кез-келген келісілмеген әрекет азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндіктен, полиция Әл-Фараби даңғылы мен Шашкин көшесінің қиылысында «Шындықтан қаша алмайсың», «#Менің таңдауым бар», #ADILSAILAYUSHIN деген жазуы бар плакат ұстаған адамдарды анықтады. 

Жолдың жүргіншілерге арналған бөлігіне оларды суретке түсірмек болған адамдар жүгіріп шығып, марафонға қатысушылардың қозғалысына кедергі келтірді. Салдарынан адамдар қысылып, дүрлігіп, соңы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін еді.  Сонымен қатар құқық бұзушылар марафонға қатысушыларға құрметсіздік танытты», - дейді полиция департаментіндегілер.

Полиция мәліметінше, құқық бұзушылар тәртіп сақшыларының талаптарына бағынбапты. Олар құжаттарын көрсетуден және өз туралы мәліметтерді айтудан бас тартқан. 

«Осыған байланысты, олардың тұлғасын анықтау үшін, фигуранттар Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізілді. 1984 және 1998 жылғы екі белсенді қатысушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 488-бабына (Спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізуді ұйымдастыру тәртібін бұзу) сәйкес әкімшілік материалдар жиналды», - дейді полициядағылар.

Құқық бұзушылар 15 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жазаға тартылған. Ал басқа құқық бұзушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізілген. 

Айта кетсек, бұған дейін ішкі істер министрі белсенділердің ұсталуының себебін түсіндірген еді.

Талқылау