Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстаулық 67 жастағы әже Инстаграм мен Фейсбукте хитке айналды

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында тұратын Қарашаш Қадыр есімді апаны әлеуметтік желілердің қолданушылары жақсы таниды. Бұл кісі өз парақшасына тәлім-тәрбиесі мол дүниелерді жиі жариялайды.

54275

Бұл туралы “Замана” басылымы хабарлайды.

Өмірден көрген-түйгені мол, ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған әжей, кей қызықты сәттерімен де бөлісті.

“Бір күні төркініме жылап бардым. Ауыл арасы алшақ болатын. Пойызбен баратын жер. Әкем күтіп алып, үйге кіргізді. Екі күнге дейін ештеңе демеді. Тумаларымды көріп, сағынышымды бастым. Үшінші күні әкем шешем екеумізді түпкі бөлмеге шақырды. “Ал, қызым, сені жолдасың ұра ма?” – деп сұрады. “Жоқ”, – дедім. “Онда балағаттай ма?” – деді. Тағы да: “Жоқ”, – дедім. “Сонда саған кім тиісіп жүр?” – деді әкем. Мен: “Енем ғой. Менің баламды кемсітіп, тілдеді. Отырсам опақ, тұрсам сопақ қылады”, – дедім. Содан әкем біраз үндемей отырды да: “Әй, мен сені бір ақылды балам ғой деп жүрсем, ақылың шамалы екен ғой. Сен мектептен 10 жыл білім алдың, институтта 5 жыл оқыдың. 15 жылдық білімің бар. Жолдасыңның 15 жыл білімі бар. Екеуің 30 жылдық біліммен білімі жоқ бір кемпірдің тілін таппасаңдар маған не деп келіп отырсың? Бар, үйіңе кет! Қайтып маған мұндай әңгімемен келме!” – деді қатқыл үнмен. Содан қайтып үйге басымдағы келеңсіздіктерді айтып бармайтын болдым”, – дейді әжей.

Өзінің ұл-қыздарын да лайықты тәрбиелеп, өсіріп жеткізген әже, бұл күндері заман ағымына ілесіп, әлеуметтік желіні де жіті қадағалайды.

“Фейсбукте” жүргеніме 5-6 жыл болған шығар. “Инстаграм”, “ВКонтакте” желілерінде де бармын. “Уатсаппен” де хат алыса беремін. Қартайдым деп өмір­ден қалып қойғым келмейді. Бәрі керек. Мен немере бағып отырған әжемін. Олар­ға сабақ үйретемін, ақыл-кеңес беремін. Егер өмірге деген көзқарасым төмен болса, мен оларға не үйретемін? Қолым боста кесте тоқимын, құрақ құраймын, немерелеріме киім тігіп, жыр­ты­ғын жамап беремін. Тұскиіз тігемін. Тоқуыш (бізбен де, ілмекпен де) тоқи беремін. Парақшама кіріп көрсеңіздер болады. Үй гүлдерін өсіремін. Ол да бар парақшамда. Далаға да гүл егемін. Аға­йынның той, құдайыларынан қалмаймын. Келіндерге лекция оқып тұрамын. Аудандық кітапхананың белді оқырманымын. Қысқасы, қартайдым деп өмір ағымынан қалмай, уақыт көшімен бірге ілесіп келемін”, – дейді ол.

 

Талқылау