Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда “заңсыз қызыл балық сатты” деген келіншек полицейлерді кінәлады

Маңғыстаулық кәсіпкер әйел «полиция жаласынан зорға құтылып», өзін «қылмыскер жасауға тырысқан» оларға қарсы арыз түсіргенін айтады. Сарапшы «полиция әрекеті астарында пара бопсалау жатуы мүмкін» десе, полицейлер «кәсіпкер қызыл балықты заңсыз сатты» дейді.

Безымянный

Бұл туралы Азаттық хабарлайды.

Маңғыстау облысы Шетпе селосында тұратын кәсіпкер әйел Шынар Сарғоджаева өзін полицейлердің «жазықсыз айыптағанын» айтады. Ол аудандық ішкі істер бөлімі (ІІБ) бастығы мен іс қозғаған полицейлерді «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, 2015 жылы желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Маңғыстау облысы департаментіне шағым түсірген.

Кәсіпкер «ішкі істер қызметкерлері кесірінен қылмыскер атанып кете жаздағанына» наразы. Оның айтуынша, 2015 жылы қазан айында Маңғыстау аудандық ІІБ қызметкерлері оны «тыйым салынған балық түрін сатып алды, сақтады, сатты» деп айыптап, үстінен қылмыстық іс қозғаған.

Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы қазанның 9-ы күні «полиция қызметкеріміз» деген төрт адам дүкеніне келіп, «ештеңе түсіндірместен» тоңазытқыштағы балықтарын алып кеткен.

“Жұрт сауда жасап, ақшасы жоғы жаздырып алып жатқан күнделікті тіршілік болатын. Дүкенге кірген жас жігіт балық сатып жүргенін айтты, «сазан» деген соң екеуін алған едім, – дейді Шынар Сарғоджаева.

Кәсіпкердің айтуынша, полицейлер дүкенге екі сағаттан кейін келген. «Тәркілерде олар екі балықты видеоға түсіріп, аудандық ішкі істер бөліміне келуі керек екенін айтқан» да кетіп қалған.

“Полиция капитаны Айнұр Сақтағанова «жай ғана куә боласың, «балық сатып жүрген адамды табу керек» деген соң дайын хаттамасына қол қойдым. Сөйтсем көздегендері басқа екен”,- дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, дүкеніне кейін тағы келген тергеуші «қорғаушы қажет емес», «қылмыстық істі жедел түрде қазақ тілінде жүргізуді сұраймын» деген арыздар мен «күдіктіден жауап алу хаттамасына» қол қоюды сұраған. Ал полиция жедел уәкілі Миржан Таңатар жеке куәлігін алып кеткен. Шынар Сарғоджаева өзіне қарсы «тыйым салынған балық сатты» деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын «кейін білген».

“Істің басқаша бет алып бара жатқанын түсініп, адвокат жалдадым. Алайда адвокат жалдау туралы өтінішімді қылмыстық іске тіркемей, оны іске қатыстырмай қойды”, – дейді ол.

Шынар Сарғоджаеваның Маңғыстау аудандық ІІБ қызметкерлері әрекеттері жайлы арызын қараған аудан прокуроры Батыр Шағыров балықтардың кәсіпкердің дүкенінде сатылғаны туралы дәлел жоқ екенін көрсетіп, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы қаулы шығарған.

Кейін оның Маңғыстау облысы прокуратурасына жазған арыздарынан соң Маңғыстау аудандық ІІБ бастығы Абылхан Төленов пен орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, «қылмыстық істі» тергеген Айнұр Сақтағанова мен жедел уәкіл Миржан Таңатар, Дәурен Нысанбаев сөгіс алған. Бірақ ол мұның «тым жеңіл жазалар» екенін айтады.

“Бас аман болсын деп, кешіре береміз. Мен олай еткім келмеді. Неге менің құқығым бұзылғанына көнуім керек? Президент Назарбаев та «жемқорлықпен халық күресуі керек» деп айтады ылғи телевизордан. Соның қалай жүзеге асатынын көргім келді,- дейді Сарғоджаева.

Талқылау