Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысының халқы қоқыстың арасында тұншығып жатырмыз деп шу шығарды

Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр ауылының халқы тау болып үйілген қоқыстың арасында тұншығып жатырмыз деп шу шығарды. Өйткені елдімекенде тұрмыстық қалдықтарды төгетін бірде-бір полигон жоқ. Ақшұқыр деген атауы болғанымен, бұл елдімекен ел ішінде «сасық ауыл» деп аталып кеткен.

ыаыа

Сурет tumba.kz сайтынан алынды

Бұл туралы 31 арна хабарлайды.

Себебі, үш жыл бойы қараусыз, қалай болса солай үйілген қалдықтар әбден шіріп, жағымсыз иіс бүкіл ауылды жайлаған. Ақшұқыр тұрғындары үш жылдан бері ауыл іргесіне қоқысты көліктерімен әкеліп төгеді. Сорақысы сол, бұл аумақта «Қошқар ата» зираты бар. Шаң көтерілсе мына жайрап жатқан қалдықтар қорымға қарай желмен ұшады. Мұнда аяқ алып жүре алмайсыз. Тазартуға асығатындар да көрінбейді. Бүкіл ауылдың қажетсіз заттары төгілген қоқыс алаңынан қаңғырған иттер мен ауылдың малын ғана кезіктіре аласыз.

“Тасталған күл-қоқыстан ұшып келген целлофан пакеттер,баклашкалар қорымның ішіне түсіп жатыр. Сіздерден үлкен өтініш қыламын мына қоқыстарды тиісті орындарға апарып төксеңіз”, – дейді “Қошқарата” қорымының шырақшысы Тұрғанбек Дүйсекеш.

Өкінсе де, өтінсе де баяғы жартас сол жартас. Шашылып жатқан қоқыстар жылына тек бір рет қана тазартылады екен. Оның өзінде сенбілік жасалатын уақытта. Ауыл тұрғындары әкімдіктегілер қоқыс әбден қордаланып шірігеннен кейін барып ауылға полигон қоюды ойластыра бастады дейді.

“2013 жылдан бері мәселе көтерілді. Сайын Шапағат елді мекенінен 35 шақырым жерде полигон орны белгіленді. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр”, – дейді Ақшұқыр ауылы әкімінің орынбасары Сайран Қылыш.

Полигонға қатысты құжат дайындап жатқанымен нақты қашан қолданысқа берілетінін әкімдіктегілердің өздері білмейді. Облыс аумағындағы қоқыс тасталатын орындарды жоюға соңғы екі жылда бюджеттен 43 миллион теңге бөлінген. Алайда, қорымдағы тонналаған қоқыс үш жыл бойы көзге күйік болып әлі жатыр.

Талқылау