Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында үйлерін су басқан тұрғындар баспаналарын тастап қашып жатыр

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданында 50-ге тарта үйді су басты. Соңғы екі күннен бері толассыз жауған жаңбыр жағдайды тіпті ушықтырып жіберген, – деп хабарлайды КТК арнасының сайты.

гг

Бұған дейін ауласы ғана суға толған тұрғындар енді баспанасын тастап, бас сауғалауға мәжбүр. Ал жергілікті шенеуніктер алаңсыз. Олар бізде төтенше жағдай жоқ деп отыр.

“Мұнайлы тұрғындарының қызыл судың тұтқынына айналғанына екі айдан асты. Олар жолдан ары-бері өте алмай әлек. Ол үшін арнайы аяқ киімдері болуы қажет.

Ал етігі жоқтарды арқалап өтуге тура келеді. Жеңіл көлікпен жүру де қауіпті. Бастапқыда жолдарға жиналған су алдымен үйдің ауласына енген. Соңғы екі күннен бері жауған толассыз жауын жағдайды тіпті қиындатып жіберді. Қызыл су үйдің ішіне ене бастаған.

Абдулла Ибадуллаевтың үйіне кірген су жарты метрге жетеді. Тұрмыстық техниканы жоғары көтеріп қойып, ал қалған дүние-мүлкін әкесінің үйіне көшірген. 3 баласы мен жары да сонда жүр.

“80-100 мыңға су тарттырдым өз ақшама. Ол ақшамыз далаға кетті. Жақында несие де алдық су тарттыру үшін”, – дейді  Атамекен ауылының тұрғыны Абдулла Ибадуллаев.

Баспанасын тастай қашқан жалғыз бұл отбасы емес. Тек Атамекен ауылында 50-ге тарта шаңырақ судың астында қаңырап бос тұр.

Тұрғындар дабыл қағып жергілікті биліктен көмек сұрағанымен, қайран болмапты. Ал аудан шенеуніктері расында да алаңсыз. Олар ауылда су шайған баспана жоқ дейді. Ол тек аулаларда ғана жатыр-мыс. Сондықтан бұны басшылар төтенше жағдай деп санамайды екен.

“Үй салып беремін деп айта алмаймын. Бірінші кезектегі жұмысымыз суды қашыру. Содан кейін ары қарай қарайтын боламыз. Комиссия құрылып үйі тексеріледі. Жарамсыз болса, қолданыстағы заң бойынша істеледі”, – дейді Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Жолбаев.

Қазір Мұнайлы ауданында тағы оншақты ауыл судың астында қалған. Оларды тазартуға тек 11 техника бөлініпті. Оның өзін жергілікті билік түрлі кәсіпорындардан жалға алған.

Талқылау