Маңғыстау облысында жоғалып кеткен үш жасар қызды әскери қызметкерлер түн жарымда тапты
Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері Мұнайлы ауданында жоғалып кеткен үш жасар қызды тауып, ата-анасына қайтарды.
Бұл туралы lada.kz хабарлайды.
Жоғалған қызды табу үшін әскери қызметкерлер бірнеше сағатын жұмсаған. Үш жасар қыз 26 наурыз күні кешкі уақытта Мұнайлы ауданының, Басқұдық ауылында жоғалып кеткен. Ата-анасы қыздарын өз беттерімен таба алмайды. Сағат кешкі 22.00-ге жуық олар Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімшесінің кезекшілігіне хабарласады.
“Уақыттың кешкіріп қалғанын және қыздың жасын ескере отырып, іздеуге Мұнайлы ауданындағы ҚР Ұлттық гвардиясының әскери құрамы мен бүкіл полицейлер жұмылдырылды. Қыз туралы бағдарлау мәліметтері барлық қызмет пен патрулдерге жіберілді”, – деп хабарлады “Батыс” өңірлік қолбасшылығы.
26 наурыз күні қызды сағат 22:40 шамасында қатардағы қызметкерлер Олжас Бекен және Исатай Сатылғанов басшылары – келісім-шарт қызметінің сержанты Мұхтар Бердіш үшеуі табады.
Әскерилердің айтуынша, қыз ол уақытта ауданның өзге аумағындағы жол жиегінде болған. Әскерилер жылап отырған қызды тыныштандырып, оны жақын маңдағы бекетке жеткізеді. Сол жерден ата-анасы алып кеткен.
“Қарлығаш есімді қыз адасып кеткенін, сосын үйін табуға тырысқанын айтты. Ата-анасы қызды тапқан әскерилерге алғыстарын жаудырды. Қыздың жағдайы жақсы, аман-сау. Бақытқа орай, бәрі сәтті өтті”, – деп хабарлайды қолбасшылықтың баспасөз қызметі.
Ал қызды тапқан әскери қызметкерлер қолбасшылық тарапынан марапаттауға ұсынылмақ.
Оқи отырыңыз:
Талдықорғанда ер адамдар аналарының аяғын жуып құрметтеудің үлгісін көрсетті (фото)
Франциядан келген қыз банк қызметкерінен қазақша сөйлеуді өтініп жұртты таңғалдырды
Өскемен тұрғыны қоқыс контейнерінен адамның бас сүйегін тауып алды
Мырзатай Жолдасбеков: Телеарналар жыларман, қайғылы түрік фильмдерімен жалықтырды