Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау облысында жалғызбасты ана төрт баласымен бірге мешіттен тамақтануға мәжбүр

Маңғыстау облысының Сайын Шапағатов ауылында жалғызбасты келіншек төрт баласымен бірге мешіттен тамақтануға мәжбүр.

тортбалаана

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Үйінде талғажау ететін түк жоқ. Ал, алатын жәрдемақысы уақытша тұрып жатқан баспанасының газы мен жарығынан артылмайды. Қиындыққа шыдамай қарасын батырған күйеуі алимент те төлемейді екен.

«Кейде балаларыма жейтін нан да таппай қалам, бәрін тастап жұмысқа шығып кетейін десем, кішкентай әлі», – дейді көпбалалы ана.

Баянның бұл күнде өзінен басқа арқасүйері де, сенер адамы да қалмаған. Күйеуі қиындыққа шыдамай, екі жыл бұрын оны төрт баласымен бірге тастап кетіпті. Көмек сұрап, сағалап баратын төркіні де жырақта, Қарақалпақстанда. «Аты жаман ауруға шалдыққан әкем мен күндерін әрең көріп отырған шешеме салмақ салғым келмейді» дейді. «Олар да жылайды кейде саған көмектесе алмадық деп…» – дейді Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Баян Жиенбаева.

Титтей төрт баламен Баян қазір тар сарайда тұрып жатыр. Мұны да келіншектің қамкөңіл жағдайын көргесін, қайырымды жандар уақытша паналауға берген. Қыс болса азынап, жарығы өшіп қала беретін баспана жайсыз болып тұр.

«Ол да тек жарығын, газын төлесең, отыра ғой жақсы деп екі жылдан бері отырғызып қойған, қазіргі таңда оның қарызы 170 мың теңге болып кетті. Газымыздың қарызы 126 мың теңге болып тұр» – Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Баян Жиенбаева.

Баянның бар табысы – ай сайын балаларына алатын 9500 теңге жәрдемақы. Оның өзі газ бен жарықтың қарызын төлеуден артылмайды екен. Келіншек қиындықтан қашпайды. Балаларын аштан өлтірмеудің қамымен біреудің ыдысын жуып, үй шаруасын жасап, нәпақасын айырған болады. Бірақ ол да жыртық үйдің жамауын жабуға жететін емес.

«Өзім жұмысқа тұрып, балаларымды асырағым келеді. Жолдасыммен ажырасуға, сосын алиментке арыз тастадым. Күйеуімді таба алмай жатырмыз, іздеп жатырмыз, телефон көтермейді деген жауаптарды үнемі естимін» – Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Баян Жиенбаева.

Жалғызбасты келіншекке көрші-қолаңы мен мешіттегі жамағат көмектесіп жатыр. Ал үйдің кезегіне тұрайын десе, тіркеуі де жоқ.

«Біз енді уақытша тіркеу есебіне алғанбыз, біз штаттағы ауыл шаруашылық кітабы бойынша. Көмек көрсетіледі тек жаңағы материалдық, тамақтай көрсетіледі көмек. Біздер солай жасай аламыз» – Сайын Шапағатов ауылдық округінің әкімі Ғабиден Нұржаубай.
Баянның ендігі бар үміті тек қайырымды жандарда. Қасиетті Рамазан айында мүмкіндігі бар азаматтар көмек қолын созса деген тілегі бар. «Бар арман-мұратым – төрт баламды ел қатарлы оқытып-тоқытып, аяқтандыру» дейді қамкөңіл келіншек.

Тағы да оқыңыз:

Ким Чен Ынның суреттерде құлағының кемістігін алғызып тастайтыны белгілі болды

Аяғынан айырылған Алматы тұрғыны жантүршігерлік жол апаты жайында айтып берді

Жартылай адам, жартылай жануар түрінде туылған жаратылыс елді шошытты (фото)

Талқылау